14:21 Көркем сөздің құдіреті | |
БАЙЫЗДАУ Тұрақтау, орнығу, баяндау. Мысалдар: 1. Ендi ыңыршағымды арқалап, кезбенi қойып, мынандай ел арасына байыздауға келдiм. Осылар еткен тiрлiктi тiрлiк етпек боп келдiм! – деп, өз күйiн жабырқау, жадау қабақпен баян еткен едi. (М.Әуезов, Абай жолы: 2 том) 2. Шіркін, дүние қайдан баянды болсын. Дүниені билеген мінезде баян болмаған соң, байыздап тұра ма! Ант ішейін, тегі, осы жеріңіздің, осы тұрған тауларына, айтайық, мынау Семейтау, Көкендеріне аяқ бітсе, олар да бір орында тұрмай, жүріп кетер еді-ау, ә! – деді. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 3. Ауыздықтап тұра алсын арманды кім, Жай таптырмас жаныңа жалған бүгін. Байыздамай өмірден біз де өтерміз, Болашаққа қалдырып қалған жүгін. (М.Мақатаев, Ауыздықтап тұра алсын арманды кім)
ЛЫПА 1. Әбден тозығы жеткен, көнетоз, шоқпыт киім-кешек; 2. Іш киім, киім-кешек (жалпы) Мысалдар: 1. Шекпені болса жұқа, омырауы да ашық еді. Жұмыстың қызуымен оны ойламаған ғой. Бейнет ауыр, әл-ауқат аз, киім лыпа нашар... Күн болса өңменінен өтетін қатты жел! Өзге емес, бәрі осыдан болды. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 2. Үстінде үй, бауырында қазаны жоқ Оларды жан деп ешкім санаған ба? Қоңыр тон, шоқпыт бөрік, киіз етік Лыпа жоқ тыр жалаңаш балалар да. (К.Әзірбаев, Бұрыңғы жалшы, бүгінгі малшы) 3. Оның үстінде жыртық көйлектен басқа лыпа болмағасын, өзіміз жайғастырған неміс офицерінің шинелін кигіздік. (Ә.Нұрпейісов, Күткен күн) 4. Суға шомылғанда киетін киім . Әйел пляжға келіп, сары ала атлас халатын сілкіп тастап, суға жүзер лыпасымен ғана қалғанда жағадағылардың бәрі жалт қарады. (Ш.Мұртаза, Жүрек қартаймайды)
РАУА Орынды, лайықты, жөн, абзал. Сын есім түрі: Рауалы — рұқсат болған, жол берілген. Мысалдар: 1. Өзің керек десе "Шайхұлісләмді" дұрыс айта алмайсың. "Какой-то ислам" дейсің. Соның өзімен-ақ діннен шыққан жоқсың ба? Бұлар мені күпір, сені көпір десе рауа ғой! – деп, қатты күлді. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 2. Өзіне халық аузын қаратқан ер, Тіріге өлсе қадірі кетеді екен. Өлгенді қадір етсек, қанға рауа, Рухын құрмет қылсақ нетеді екен! (Шәңгерей Бөкеев, Бұл дүние панилығын етеді екен) 3. ...жинақтаушыларға түсетiн ластағыш заттарды төккен үшiн төлемдердi есептегенде мәдени тұрмыстық сулар үшiн шектеулi рауалы концентрациясы (мг/л) алынады. (adilet.zan.kz, 2002 жылғы IV тоқсаны мен 2003 жылға коршаған ортаны ластаудың төлем мөлшерлемелерiн бекiту туралы) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |