22:01 Көркем сөздің құдіреті | |
СЫҚАУ Нығыздау, лық толтыру, сықпарлау, нығау. Мысалдар: 1. Жегеннен асқанды тақия, тымақ, дорба қалталарға да сықап жатыр. (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том) 2. Әр ауыл екі-үш кең шананы көп шөпке толтырып, сықап алысты. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 3. Қазақтың ақын-жазушыларының жолма-жол аудармасын сары портфельге сықап салып алып, ертеңнен қара кешке дейін баспадан баспа, редакциядан редакция кезетін. (El.kz, Әбу Сәрсенбаев)
АПАН 1. Ойылған жер (мысалы, қар суынан я жаңбырдан), шұңқыр; 2. Қасқырдың/аюдың іні. Сөз тіркес: Апан құдық — терең, суы мол құдық. Мысалдар: 1. Ысқырған екпінді жел арбиған қу қаңбақты домалатып, ескі апандарға, сай жырасына, малша иіріп тыға түседі. (Б.Майлин шығармасынан) 2. Құлан соның арасына кіріп еді, қасқырдың апанына тап болды. (Ақан Нұрманов, Құланның ажалы) 3. Түйе құдықтан суырылған соң, енді сол апанша мол құдықтың суын төгіп, жақсылап аршып алу қажет болды. Бар ауылдың малы ғана емес, ауыз суы да бауырдағы қоныста осы құдық боп шықты. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)
ТҰЛДЫР (з.е.) Жоққа тең болмашы зат, соңғы талшық; (с.е.) Жоқтың қасы, түгі/дымы жоқ, тақыр, жалаңаш. Сөз тіркестер: Тұлдыр сөз — бос сөз, құр әңгіме, мылжың, желбуаздық; Тұлдыр жоқ — түк жоқ, тап-тақыр; Тұлдыр (тұл) жетім — ата-анадан түгел айырылған, жалғыз бас, тас жетім. Мысалдар: 1. Ол бурылданған сақалын қырып кеп, иегінің үшіне бір тұтамдай тұлдырын қалдырды. (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз) 2. Мыңнан бірді таңдатты. Төрт түлікке толтырды, Толағай тұлдыр қыратты. (Д.Бабатайұлы, Замана сазы) 3. Қодар қайғыдан сандалып, жаны күйiп отырып: – Маңымда тұлдыр жоқ. Құдай маған қылды ғой. (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том) 4. «Мен сендерге жамандық тілемеймін» дегенмен, басқасы тұлдыр сөз, байламсыз сөз. (Ғ.Мүсірепов, Суреткер парызы) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |