МАНСҰҚ
- Жоққа шығару, жаратпау, бас тарту, тәрк ету (көбіне етістік тудырушы сөздермен тіркесіп қолданылады);
- Жарамсыз, қолдануға жарамайтын.
Мысалдар:
- Бұрынғылардың «тұрмысты сана билейді» деген пікірін Маркс мансұқ еткен.
(Ж.Аймауытов, Маркс не дейді?)
- <...> айқын нәрселерден мысал келтіріп, көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай қылмаса, өзі де тастым демейді. Ғылымның мұндай бекітіп шығарған жолдарын дәлелсіз мансұқ қылуға болмайды.
(М.Әуезов, Қайсысын қолданамыз?)
- Мансұқ қып елін, жерін де,
Не тағдыр айдап өтті екен?!
(М.Мақатаев, Шекарада)
- Абай — барометр. Абайды мансұқтаушы — ұлттың шіріген жұмыртқасы.
(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 4 кітап)
- Кеше әулие, бүгін жын, бәрі мансұқ,
Қымызы жоқ сабадай қалған қаңсып.
(Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ)
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|