ҚОҢДЫ
- Семіз, етті;
- Ауқатты, әлді, күйлі.
Мысалдар:
- Семірмессің сен қалай,
Болса мендей қойшың сай,
Қуанбасын ел қалай,
Қойы қоңды, жері бай.
(Ә.Тәжібаев, Қойшы жыры)
- Қаратөбеге дәуде болса мыналар бесінде жеткізеді, бесінде жеткізбесе де екіндіден қалдырмайды, - деді Сүлеймен қоңырауын күмбірлете жөнелген почтаның қоңды аттарына сүйсіне қарап.
(Х.Есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер: 1 кітап)
- <…> Ақтөбеге аттандырып жіберді. Астарында қыстан қоңды шыққан бір-бір мықты ат.
(Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер: 3 кітап)
- Шетінен күйлі, қыстан қоңды шыққан. Аман келген сайын бұл үйдің бірдемесіне сүйсініп кетеді.
(Ғ.Мұстафин, Дауылдан кейін)
- Талай қопарылған қоңды тақырыптардың қайшылықты қитұрқы қабаттарына жоламай, бетінен қалқыр еді.
(Ә.Кекілбайұлы, Сең соққан сергелдең)
МЫҚ
Уақ, қысқа шеге; шегенің басқаша атауы.
Мысалдар:
- Етікшілер істеген мығын көріп ұнатқан соң, әскердің етігіне мық істеудің міндетін алып, көп мал тауып, ақыр өміріне шейін кемдік көрмей өтіпті-міс.
(Ы.Алтынсарин, Білгеннің пайдасы)
- Мен құдайдан жаудың шіріктерін емес, ірілерін тіледім. Бірақ тағдыр маған достардың алыптарын, дұшпандардың бақа-шаянын бұйыртты. Ал нағыз жауларды мен соғыста ғана көрдім. Міне, Бауыржанның кредосы, ғұмырының мақсат-мұраты, мық шегесі.
(Ш.Мұртаза, Рух пен намыстың төресі)
- Солай тәрбиеленіп өскен Асқар бұл күнде қандай аттың болса-дағы құлағында ойнайды. Әне, оның ерде отырысын қарашы, қаздитып қағып қойған мық шеге тәрізді.
(Б.Соқпақбаев, Бурыл ат)
- Хан мына сөзінің тұсында екі көзін елшінің жанарына мық шегедей қадалтып шаншыла қарап тұрып алды. Елші де тайсалмаған қалып танытты.
(Ә.Кекілбаев, Елең-алаң)
ҚАҢТАРУ
- Суымай тұрып шөп жемеуі үшін аттың басын көтере кекжитіп байлау;
- Аш қалдыру, азық бермеу.
Мысалдар:
- Әзімбай атынан түсіп жайланып бел шешіп отыр. Өзгелері де осының ісін бастады. Аттарын тізгінінен қаңтарып қойып, шылбырларын жастанып, тегіс жата бастады.
(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)
- Торы шолақты қаңтарып, тұсап, көк құнанды оның мойнына байлады да, отырып кітап оқуға айналды. Кітапшаның аты «Тумыш» екен.
(Ж.Аймауытов, Қартқожа)
- Жазы ыссы, қысы қақаған,
Шегеннің сойқан қаңтары.
Ашқызып аузын бақадай
Қояды малды қаңтарып.
(Ж.Молдағалиев, Жесір тағдыры: Теңдік жыры)
- Бағила. Мен сендерді қаңтарып қойдым ба? Қуырдағым піспей. Қазір иіседі, оған дейін салқын тағаммен лекерлей тұрайық. Кәнекей.
(Т.Ахтанов, Махаббат мұңы)
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|