ЖАРНА
- Белгілі бір ұйымға мүше болғаны үшін төленіп тұратын қаржы;
- Үлес, бөлік, пайда.
Мысалдар:
- Мүшелік жарна деген қып-қызыл дау болды. Жарнаның кімнен, қанша жиналатындығы керіске түсті.
(І.Жансүгіров, Жолдастар)
- Елге жазған хатында: «Қазақ» газеті шығатын болғанын, кейбір шәкірттер шекпеніне дейін сатып, жарна салғанын, өзі де екі сом бергенін, сол жақтан да қаржы жинап жіберу керектігін жазады.
(Ж.Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров)
- Мектеп қабырға газетінің редколлегия мүшесімін. Комсомол комитетіне мүшемін. Комсомол жарнасын жинаушы казначеймін.
(Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат)
- ...берем сұраған ақшасын, қанша сұрар дейсің, ең көп болғанда Атбасар жәрмеңкесінен алам ба деген түсімнің жүзден бір жарнасы ғана болар.
(С.Мұқанов, Аққан жұлдыз: 2 кітап)
- Алтын тамшы Зарабшанның арнасын,
Кім таппаған іздеп бақыт жарнасын.
(С.Бегалин, Бұхара-Самарқанд сапарынан)
ҚАСА
Нағыз, шынайы (шын).
Мысалдар:
- Қаса болат бұзар қамалды,
Аян табар амалды.
(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Құлық туралы)
- Ойбай салды, білді де,
Қаса сорлы болғанын.
(Абай, Қазаға ұрынған қара шекпен /Крыловтан аударма/)
- ...бұрынғы шаруа Шолпан емес, оның көз алдында өзгеше сымбатты, ойлы жүзді, тек қарай беру үшін ғана қарсы алдынан шыға келген, қаса сұлу әйел, қаланың томаға көзді қызметкері Шолпаны тұр.
(Х.есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер: 1 кітап)
- Атағымды ұмытпасаң –
Қарғыс болып жабысады.
Қас жауымның атын айтсаң,
Қаса дос боп табысады.
(Ә.Кекілбайұлы, Жаз, түн ортасы, ауыл, есектер)
- Қалың қол ат қояды ала туға,
Халықтың қаса жауын дәл атуға.
(Х.Ерғали, Құрманғазы)
БӨГУ
- Тою, тоғаю, кенелу, қану;
- Тым көп жеу / ішу, лықию.
Бөгу – сауын сиыр ауруы.
Мысалдар:
- – Әй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың? – деп Сәбит табаққа қайтадан қол соза бастады.
- Жемеймін! – дедім мен қатаң үнмен.
(Б.Момышұлы, Сарқыт)
- Әсіресе балалары!.. Олардың көбі сүтке бөккен қозыдай томпиып, семіріп апты. Жұмысқа жарайтын адамдардың, бәрі де қызу іске кіріскен.
(С.Мұқанов, Өмір мектебі: 3 кітап)
- Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,
Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.
(Абай, Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ)
- Қызылды-жасылды қылып сәнмен жиылған жақсы үйлерде қалың көрпе, құс жастықтарға көмілген жуан билер, күндіз-түні семізді кертіп жеп, кекірігі азғанша майға бөгіп жатқан.
(М.Әуезов, Қараш-қараш оқиғасы)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|