СҰҢҒЫЛА
- Білгір, зияткер;
- Зерек, сезгіш;
- (биол.) Арамшөп түрі.
Мысалдар:
- Тарихтан белгілі. Тарих – сұңғыла қария.
(М.Мақатаев, Отаным)
- Раушан үндемей, төмен қарады. Қыздың осы бір ажарын мұндай істе өзін сұңғыла санайтын Уәли іштей жақсылыққа жорыды.
(Т.Ахтанов, Қаһарлы күндер)
- Ілияс өте ақылды, жинақы, саяси жағынан барынша сұңғыла, партиялық тілмен совет әдебиетінің барынша халықтық, интернационалдық екенін айтты.
(С.Мәуленов шығармасынан)
- Құдай о басында шақтап берген басқа сұрапыл сұңғыла ми симай кетіп, содан бастың формасы өзгеріп, маңдайы мен шекелігі бұлтиыңқырап кеткен тәрізді.
(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 4 кітап)
- Ол шатырына ойындағысын айтпай танып отыратын сұңғылыларды жуытпайды, не істесе де таң-тамаша қалып отыратын жұмыр түйсік, маубастау адамдарға көбірек үйір.
(Ә.Кекілбайұлы, Дала балладалары)
БӘДЕН
Көрік, сымбат, шырай, ажар, келбет, түр.
Мысалдар:
- Бас бәдені жарасқан,
Әйелдің аты бір деңіз.
Сол секілді жары бар,
Үр қашқанмен түр деңіз.
(Майлықожа Сұлтанқожаұлы жырынан)
- Өзі де дөңгеленіп біткен, әлі бәдені бұзылмаған, аздаған кербездігі бар сымбатты әйел.
(Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке)
- Әжептәуір бәденді, жасы отыз шамасында пысықша келген жалшы әйел, басына іс түскен соң, лезде жүнжи бастаған.
(Ғ.Мүсірепов, Дауыл)
- Кербез киінген, бәденді, сұлу әйел мінбеге көтерілгенде, Нартай селт етіп еңсеріле бұрылған.
(Қ.Жұмаділов, Соңғы көш)
- Назар саларлық бір нәрсе, ел ішінде ежелден есте келе жатқан «көз – қорқақ, қол – батыр» деген мәтелдің екінші бір вариантын әдейі алады. Ол – «көз – қорқақ, көңіл – батыр». Бар байырғы сөзден гөрі, бәден-бедері оқшаулау мақал да әдебиетте «тірлік етсін» дегендік.
(М.Әлімбаев, Өрнекті сөз – ортақ қазына)
САМ
Кеш батқан кез, ымырт, қаракеуім (қарагеуім), бейуақ.
Сөз тіркесі: Сам жамырау – ымырт жабылу, кеш бату.
Мысалдар:
- Ақ шашты ана – ала асқар,
Оқыды сам жығыла.
Жау көргендей жартастар,
Жамылды тұман дулыға.
(І.Жансүгіров, Ақшам)
- Тау жайлауының тарлығына, шабар жердің өр-қиясына қарамай, сан жүздеген сәйгүлік мінген ер-азамат күні бойы, тіпті ымырт жабылып, сам жамырағанша додаға түсіп, көкпар тартумен болды.
(М.Әуезов, Үшқоңыр жайлауында)
- Енді болмаса жылайтын еді, аяқ астынан дір етіп ұшқан бозторғай көңілін бөліп, жасын тоқтатуға себеп болды. Ол кезде күн батып, сам жамырай бастап еді.
(Ж.Аймауытов, Ақбілек)
- Сам жамырап, келеді құлап іңір,
Мен ойлаймын ананы-мынаны бір...
Алыста, Абайлардың жайлауында,
Жайылып поэзия пырағы жүр.
(М.Мақатаев, Соқ, жүрек!)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|