СЕЛЕБЕ
- Үлкен қос жүзді қылыш, пышақ.
- Ауырпалық, қиындық, теперіш, апат.
Мысалдар:
- Айбарлы ақ ордада
Әшекейлі дөдеге
Шаншулы найза ілулі
Алтын сапты селебе.
(Д.Бабатайұлы, Сүлейменге)
- Қазақтар арбаларының жанында жерде отыр. Бұйра шашты казак-орыс жігіт шалғы темірден жасаған селебе пышақпен нан кесіп жатыр.
(М.Жұмабаев, Сай)
- Көппен көрген селебе,
Халқы менен баланы
Бір алған соң ауызға
«Алмайды» - деген немене?!
(Ш.Қанайұлы, Жетпіске келді бұл жасың)
- Қолдан келмес жұмысқа ұмтылам деп, біз де сондай мәрт болып жүрмелік. Бұл бір көпке келген селебе. Азамат басына түскен ауыртпалық.
(Ж.Аймауытов, Қартқожа)
- Қалың ел қатты састы селебеден,
Шошыды жұрт жүрегі бұл пәледен.
(К.Әзірбаев, Әли батыр)
ОДАНЫ
Оғаш, ерсі, орынсыз, тұрпайы.
Мысалдар:
- «...ал әлгі пәлені сіміріп алғасын бойына дуа түсіп кеткен кісіше мәңгіріп қалады екен» деп қанша пыш-пыштағанмен де, қонтайшының дәл мынау қара матаны ақ жіппен көктегендей олақ та оданы тұспалын түсіне қоймас дейсің бе?
(Ә.Кекілбаев, Үркер)
- Мұның өзі адамға жанасуға, әсіресе қызбен танысуға қашаннан икемсіз байғұс емес пе? Тумысынан солай, қызға жуыса білмейді: аяқ-қолы сереңдеген оданы пенде!..
(З.Қабдолов, Жалын)
- Менің ойыма «Көшемізде қып-қызыл октябтьміз өзіміз» деген оданылау өлең оралды.
(З.Қабдолов, Менің Әуезовім)
- – Қайным, оданылау сөйледі деп сөкпе бұл жеңгеңді. Айтып қалған ауыз ғой іркіп қайтем.
(Ә.Спан, Мөлтек бір әңгімелер)
НОБАЙ
- Сұлба, пішін, көрініс;
- Кескін, сызба, жоба.
Мысалдар:
- Бірақ біз сол заманның жалпы тарихтағы нобай суретін тарихи әңгімелердің тұсында айтқандықтан, бұл бөлімде тарихи мағлұматтың дәл өзіне тоқтамаймыз.
(М.Әуезов, Зар заман ақындары)
- Тұрар бір замат оң иығы үзіліп түскендей болды да, етпетінен құлап, лезде орнынан атып тұрды. Қарсы алдында деңкиіп сұлап жатқан дәу теректі тек нобайлап қана таныды.
(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап)
- Мен мұны сыншылдығым ұстап жазып отырған жоқпын. Мақсұтым – пьеса туралы шала-жансар жазушыларға нобай көрсету. Менің сынымды сынаушылар болса, тіпті жақсы.
(Ж.Аймауытов, Театр кітабы туралы)
- Әрқайсымыз Шерлок Холмс боп ойлап –
шал сыртынан үкім кестік, өзімізше пікірлестік нобайлап.
(Ж.Нәжімеденов, Қызғалдақ жайлы баллада)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|