ДІТ
Мақсатты ой, пиғыл, ықылас, көңіл, ынта, ниет.
Мысалдар:
- Өзі осы өңірдегі елдің бір саны көп атасынан шыққан белді кісісі болғандықтан өзінен басқа кісінің сөзін тек өзінің дітіне жақса ғана тыңдайтын адам көрінді.
(І.Жансүгіров, Жолдастар)
- Жамбыл-ак, жан екенсің сөзге сараң,
Жақпады қай мінезім бүгін саған?
Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы,
Саласың қандай қолқа тегі маған?
(Жамбыл мен Айкүміс айтысынан)
- Түн ішінде неғып жүрсің дегендей бақалар шуылдады. Бұлақты жағалап, қайнар көзді діттеп келе жатқанымда, жағадағы бір-екі бақа қарғып-қарғып суға түсті.
(Ш.Мұртаза, Ай мен Айша)
- Танып айтуға, тауып айтуға тырысу. Таптаурын үлгілердің тар қалпынан шығып, өмірлік шындықтың өзімен сәйкестілікке ұмтылу. Сыршылдық пен шыншылдықты діттеу. Мазмұнға бола көркемдікке қиянат жасамау.
(Ә.Кекілбаев, Ақ ниеттің адал жаршысы)
ЗӘУДЕ
- Кенет, әлдеқалай, қапыда;
- Кейде, оқта-текте;
- Сірә, бәлкім, шамасы.
Мысалдар:
- Аман болса қашан келер? Егер, зәуде жазым болып, өліп кетсе... Жоқ бірге туған бауыры, қуаты... ағасы өлмеу керек...
(Ж.Аймауытов, Қартқожа)
- Барады шай ішуге ауыз үйге,
Кісі жоқ бола қалса зәуде үйде;
Бір үйді кеше билеп жүрген кісі,
Амал не, кез келген соң мұндай күйге?
(С.Торайғыров, Кім жазықты)
- Зәуде бір жолы түсіп, Қабен ауылға бара қалса, тот басқан теңгедей ескінің көзі секілді әр жерден бір табылатын кәрі-құртаңдар бұл жігітті танымайды.
(З.Қабдолов, Жалын)
- Тазша құл менің жарым сен демеді,
Зәуде мұнда келсе өлмес пе еді.
(Қозы Көрпеш – Баян сұлу /С.Сейфуллин нұсқасы/)
- Тек бураның санындай шалбарлы қос тізенің үстіндегі көлденең ұсталған тобылғы сапты жуан қамшыны ғана байқайсыз. Зәуде «жылқышы боларсың» дейсіз.
(І.Жансүгіров, Қара бауыр)
ҮП
Дүние, мүлік, мал, жасау.
Мысалдар:
- Малға қосып үй-үйден үпті алды,
Тігулі үйге келіп отты салды.
Малды алып, үйді өртеп болғаннан соң
Қазан менен ошақты шағып алды.
(І.Жансүгіров, Етекбайдың өлеңінен)
- Жұмабайдың үйінің іші үпті де, тап-таза, кірсең шыққың келмейді.
(Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат)
- Орымбектің үйі едәуір үпті екен. Алты қанат үйдің төріне жүкаяқ үстіне жиналған жүк уықтың қарына тіреліп тұр. Үйдің бау-шуы да әдемі.
Балғабек Қыдырбекұлы, Алатау)
- Осборндардың үйі үпті еді; әкесінің үстелі сәнді де қымбат ағаштан жасалған, олардың қауымы – қайырымды да тәрбиелі.
(У.Теккерей, Бақталастық базары /аударған Байұзақ Қожабекұлы/)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|