15:19
Көркем сөздің құдіреті

МӘРТ

Жомарт, кең, ақкөңіл, игі.

Мысалдар:

  1. Жезқазған – жыр қайнарым,

Мыс балқып қойнауында тулайды ағын.

Көзіндей батыр мінез бабалардың

Ұлы – мәрт, қызы – көркем нұрлы аймағым!

(Ф.Оңғарсынова, Жезқазған)

2. Сарқылып қуат, шөгумен.

Жаратқан ием мәрт екен,

Аз ғана ғұмыр ішінде,

«Бәрінің дәмін тат» деген.

(Ж.Дәрібаева, Имам сөзі)

3. Дарынды алыс ұстап жауыр сыннан,

Жыр жаздың қалам жасап қауырсыннан,

Мәрт-жомарт кез екен ғой жастық деген

Қалтаны қаржы толы ауырсынған!

(Қ.Мырзалиев, Екінші қайырма)

4. Қасиетті қарағай тек түзу ғана емес, мәрт қана емес, ол әрі көп жасайды және мәңгі жасыл боп тұрады. Сайлаубекке қарағайдың сол қасиеттері де жұғысты болсын!..

(Ш.Мұртаза, Қарағайдың қарсы бұтағындай)

 

ӘҢГІ

  1. Есектің, құланның айғыры; 2) Әулекі, әумесер, есерсоқ.

Мысалдар:

  1. Айғайын салып келеді,

Бақырауық неме еді,

Әңгі есектей аңқылдап.

(Қамбар батыр /С.Сейфуллин нұсқасы/)

  1. Аңқау аңдамайды, әңгі тыңдамайды.

(Мақал-мәтел)

  1. Бұл арақ етпеп еді кімді әңгі

(Онсыз да кейбір милар әңкі-тәңкі)

Дүниенің қайғысы одан аз болған жоқ,

Құртатын жетті ғой кез оны мәңгі!

(І.Есенберлин, Көңіл – дастан)

4. Жетер енді, лағу – оған деген әңгіме,

Түсінбейді ол, айтқан сөз қонбақ емес әңгіге,

Ешкімге де сөзі оның түсініксіз мәңгіге.

(М.Мақатаев, Құдіретті комедия /аударма/)

 

МҮКІ

Міні бар, олқы, ақаулы, қате.

Сөз тіркесі: Мүкі-тақы – жеткіліксіз, тапшы, болар-болмас.

Мысалдар:

  1. Айырмасы молырақ болатын себебі: мен баяндаманың мүкі жағын ұластырыңқырап және сылаңқырап жібермекпін. Сылағанда оны майлап-сылап олқы жерін бүркей салу емес.

(Х.Есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер)

2. Т.Ахтановтың мүлт басқан жерлері жоқ болғанмен, мүкі басқан жерлері бар. Әңгімелерінің бәр-бәрі «Күй аңызындай», «Алыстан жеткен сарындай» қапысыз мүсінделіп шыға бермейді.

Ә.Кекілбайұлы, Өмірмен өрелес өнер)

3. Көрмесе де бұл күнде көзім жіті,

Дей алмассың сендегі сезім мүкі.

Кеше түнде кездескен қыз бен құмыра

Түсім емес, өңімдей өзімдікі.

(Х.Ерғалиев, Қыз бен құмыра)

4. Қалған біреуі өзіне мүкі-тақы зорға бар етуі шығар, - дейді.

Мұның бәрін асырап сақтаған соң, қалай байимын дегені.

(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Ұста тұспалы және Жиренше)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 359 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: