20:41 Ислам және медицина | |||
МЕРЕКЕЛІК ЖҮРЕК СИНДРОМЫ Жалпы медицина ғылымында, оның ішінде кардиология саласында кейінгі жылдары көптеген «белгісіз аурулар» шыға бастады. Бұрын-соңды ел естімеген ауру-сырқаулардың қазір атын естіп, түрін түстеуге тура келіп тұр. Бұл қазақтың «ауруын жасырған өледі» деген байырғы мақалын еске салады. Кардиология ғылымында 1980 жылдардан бастап «мерекелік жүрек синдромы» деген жаңа термин пайда болды. «Арсызға алты күн мейрам» демекші, аптаның сенбі, жексенбі күндері немесе әртүрлі мерекелерден кейін адамдардың көпшілігі осы аурумен ауырады екен. Оған себеп – алкогольді ішімдіктер ішу. Ең қызығы, ащы суды салынып ішетіндермен қатар бір-екі шөлмек ішкен жандар да осы аурудан зардап шегуі әбден мүмкін. Мерекелік жүрек синдромы – бұл дені сау адамдардың мерекелі күндерде алкогольдік ішімдіктерді көп ішуі нәтижесінде пайда болатын жүрек ырғағының бұзылуы (әдетте жүрекше жыбыры). Бұл терминді 1978 жылы Филип Оттингер енгізген. Мерекелік жүрек синдромы, әдетте, қысқа мерзімде көп мөлшерде алкогольді эпизодтық тұтынумен байланысты, ал созылмалы алкоголизм жүректің бұзылуының сәл өзгеше көрінісімен сипатталады. Жүректің басқа да ауруларынан басты ерекшелігі жүрек жағдайы қалыпты деген еркектер мен әйелдерде алкоголь өнімдерін қолданғаннан кейін жүрек тұсы ауру сезімі мен аритмиялар пайда болуы. Басқа белгілер – тыныс алудың әлсіреуі мен әлсіздік. Әдетте симптомдар 24 сағат ішінде өздігінен жойылады. Бірақ кейде ауруханаға жатқызуға көрсеткіштер пайда болады. Өйткені жүрекше жыбыры қарыншалар жыбырына өту қаупі бар. Бұл синдромы неге айтып жатыр десеңіз, әрине, әңгіменің басында халал мен харамды сараладық. Арақ ішу – мұсылмандықтан шығарып, иманнан алыстататын үлкен қылмыс. Ел арасында ең кең тараған үлкен күнәнің бірі – арақ ішу. Арам нәрсені адал сияқты көріп, пайдалану ақырзаман жұртының сипаты, ақырзаманның жақындағанының белгісі. Бұл туралы хадистерде айтылады. Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Үмбетімнен арақты халал деп есептейтіндер болады» (Имам Бұхари). ХХІ ғасырдың басында дүние жүзінде жылына 200 миллион литрден астам алкогольдік ішімдік өндірілген және қазір дүние жүзінде алкоголь ішетін ,3 миллиард адам бар екен. Барлық дамыған елдерде 15 жастан асқан жеткіншектердің көпшілігі алкогольдің «дәмін татқан», ал ересектерде ерлердің 1/6 және әйелдердің шамамен 1/13 күнделікті алкоголь өнімін тұтынады екен. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында, арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында, шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсыныңдар әрі Оның елшісіне мойынсыныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, елшіміздің бар міндеті анық жеткізу ғана» (5:90-92). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да хадистерінде: «Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе харам». Әр шаңырақтың айрандай ұйып, әдемі өмір сүруі адамның нәпсісін тыйып, өзін арақ-шараптан аулақ ұстағанына да байланысты. Деніміз сау, бауырымыз бүтін, ұрпағымыз саналы болсын десек, арақ атамыздан қалған ас-сусын емесін ескергеніміз жөн. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |