08:54
Ислам және медицина

НАМАЗ және МЕДИЦИНА

2017 жылы медицина әлемінде басты жаңалыққа айналған тақырып намаз уақыттары еді. Атап айтқанда, 2017 жылдың физиология және медицина саласы бойынша әйгілі Нобель сыйлығы АҚШ-тың бір топ ғалымы Майкл Янг, Джеффри Холл мен Майкл Розбашқа табысталды. Оларға бұл сыйлық циркадтық ритмді бақылайтын гендік-молекулярлық механизмдерді анықтағаны үшін берілген, яғни ағзаның «жасушалық сағатын» зерттеп-зерделегені үшін берілді. Жаңалықта адамдар, жануарлар мен өсімдіктердің тәуліктік циклдың түрлі кезеңдеріне қалай бейімделетінін түсіндіреді, әсіресе ұйқы мен ояу кезеңдеріне әсер ететін гендер мен наруыздар жайында.

Намаздың бес уақытқа бөлінуінің мәні «Сағаттың секунд, минут, уақыт пен күн санағыштары бір-біріне бағынышты, тәуелді, бірі бірінің үлгісі, толықтырушысы, қайткенде де олар өзара тығыз байланыста» десек, мына жатқан кең дүние де Хақ тағаланың үлкен сағаты іспетті. Ондағы күн мен түннің өзара алма-кезек ауысуы – оның секундтары, минуттары – жылжып аққан жылдар, сағаттары – адам өмірінің әртүрлі кезеңдері, күндері – ғаламдағы дәуірлер. Бұлар да өзара астасып, тығыз байланыс құруда. Бір-бірін толықтырып, қашанда еске салып тұруда. Айталық, таң намазының уақыты күн шыққанға дейіні уақыт аралығы. Ол шуақты көктемге ұқсайды. Адамның жатырда пайда болу сәтін, көк пен жердің алты күнде жаратылысының бірінші күнін еске түсіреді. Олардағы иләһи хал-ахуалдан сыр шертеді. Түскі уақыт болса, жаздың жайдары жайқалған кезіне, жастық шақтың толысқан шағына, дүние тіршілігіне ден қойған адамның алғашқы жаратылыс дәуіріне келеді. Бұған қоса, олардағы рақым құбылысын, нығмет берекетін еске салғандай. Екінді уақыты – сарғайған күрең күзге, қалжыраған қарттыққа, пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі тірісіндегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай бақытты заманға ұқсайды. Сол уақыттардағы иләһи жайттарды және нығмет-несібелерді еске түсіргендей. Кешкі уақыт – күз мезгілінің соңын ала көптеген тіршілік иелерінің асыға індеріне тарқасып, сондай-ақ адамның көз жұматын сәтін елестетіп, қиямет күні алдындағы әлемнің аласапыран күй кешіп, астан-кестең болатынын ескерткендей, халықты бейқамдықтан арылтуға, терең ұйқыдан оятуға тырысады. Құптан уақыты болса – күндізгі әлемге тән барша болмыс атаулыны қараңғылық әлемінің өз тұңғиығына сүңгітіп, қалың көрпесін кең төсей қымтауын, тынымсыз тірлігі бір сәтке талмаусырап, өлдіге баланған жер бетін қытымыр қыстың ақ кебінге орауын, бақилық сапарға аттанған жанның артындағы күллі еңбегінің де қас-қағым сәтте ұмытылып кете барғанын, сын-сынақ мекені бұл дүниенің аяқталғандығын еске түсірумен қатар қаһарлы күш иесі Алланың құдіреті күшті өктемдігі мен құдайылық ісін паш етеді. Қою қараңғы түн болса қысты да, қабірді де, Бәрзаһ әлемін де қатар еске түсіріп, Алланың рақымы мен мейіріміне адам жанының мәңгілік зәру екенін білдіргісі келгендей, адам санасын қалың ойға шомдырады.

Ертесі күнгі рауандап атқан таң шапағы болса, мүлгіген өлі тыныштықтан кейін қайта тіріліп жиналатын Хашыр және Қиямет күнінің мезгілін елестетеді. Иә, түн қараңғылығы сейіле бастағанда таң атары, қаһарлы қыстан соң жұпар иісі аңқыған көктем лебінің есетіндігі қалайша заңды құбылыс болса, өлгеннен кейін қайта тірілетін Хашыр мезгілінің туып, Бәрзаһ көктемінің келетіндегі де дәл сондай бұра тартуға келмейтін заңды құбылыс. Демек, осы бес уақыттың әрқайсысында маңызды бір ауысу үрдісі жүреді. Сондай-ақ олар бұған дейін айтылғандай, кең шеңбердегі үлкен өзгерістерді үнемі еске салып тұрады. Анығында, Жаратушы бір күндік іс-қимыл арқылы бір жылдық, бір ғасырлық, тіпті замана, дәуірлерге тән құдіретті мұғжизаларды, рақым сыйларын көрсете алады.

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, жаратылыстағы асыл мақсатымыз – Жаратқанға құлшылық жасау. Ал парыз боп міндеттелген намаз болса, өзінің бес уақытында мүміндерді Аллаһтың мархабатына бөлейді. Намазды уақтылы ықыласпен оқыған адамға Алланың рақымы жаумақ.

 
 
 

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 87 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: