20:53 Ислам және медицина | |||
САҚАЛ ҚОЮ – СҮННЕТ Сақал қою – ол пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті, әрбір мұсылман үшін орындалуы арқылы сауап үміт ететін амалдардың бірі. Сақал ол пайғамбарымыздың (с.а.с.), сахабалар, табиғиндердің кезінде негізгі мәселелер қатарына кірмеген, жайында талқыға салып, орындамағанын жазалау оқиғалары ислам тарихында кездеспейді. Сақал қою – Адамнан (а.с.) бүкіл пайғамбарлар арқылы жалғасын тауып, біздің өмірге шейін жеткен. Қай уақытты алсаңыз да, қандай ертегідегі батырды алсаңыз да, қандай кино мен фильмдегі басты кейіпкер болған қаһарманды алсаңыз да сақалсыз елестету қиын. Қазақта «сөз көркі – мақал, иек көркі – сақал», «сақалдыда иман бар, сақалы барды сыйлаңдар», «сақалын сыйла, сақалынан ұялсаң етті» деген мақалдар сақалдың орнын, мәртебесін айшықтап тұрғандай. Қазақтың би-шешендерін, хандарын сақалсыз елестету мүмкін емес. Бірақ сақалсыздандыру процесі ХХ ғасырда жақсылап қолға алынды. Себебі діннен құтылудың жолы ретінде секуляризациялау үрдісі де осы уақытқа тұспа-тұс келді. Орта ғасырдан, инквизициядан әбден шаршаған халықты дінге айдап салу саясатының бір ұшқыны да осы сақал арқылы елді үркіту, дүрліктіру еді. Негізі, Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті деп сақал қойған адам ең алдымен өзін-өзі тәрбиелеуге, әдепке, иманға шақыруды үйренеді. Жүрген жерінде «сақалым бар ғой, өзімді дұрыс ұстайын, әр сөзіме мән берейін» деп, өзін тәрбиелеумен болады. Сақал жайында ғылым не дейді? 1. Сақал ылғалды ұстауға көмектеседі. Үнемі қырынып жүрудің тағы бір кесірі, ол теріні құрғатып жібереді. Одан кейін теріс ыстық пен суыққа, күн мен желге шыдас бере алмайтындай күйге енеді. Ал сақал болса, терідегі ылғалдың қажетті мөлшерде сақталуына көмектеседі және май бездерінің белсенділігінің бұзылуына жол бермейді, яғни үнемі терінің ылғалды күйін ұстап тұрады. 2. Сақал жылытады. Мойындағы және беттегі шаштар бөкебай (шарф) секілді жылуды сыртқа шығармай, сақтап тұрады. Әрине, бұл бөкебайды мүлдем тақпаса болады дегендік емес, бөкебайды да таққан дұрыс, сонда сақалмен бірге жақты қорғауды қамтамасыз еткен боласыз. 3. Сақал жас болып қалуды қамтамасыз етеді. Сақалды адамдар сырт көзге үлкен болып көрінгенімен, шын мәнінде келгенде, сақал жастықты сақтауға көмектеседі екен. Егер әжімдердің мерзімінен бұрын түсуі күн сәулесінің әсерінен десеңіз, сақал теріге күн сәулесінің тікелей түсуіне жол бермейді. 4. Сақал тері инфекцияларынан қорғайды. Әр кез қырынып жүру – шаша фолликулаларының қабынуын, түктердің пайда болуын, безеуді және басқа да қабыну процестерін тудырады. Сақал өсіру арқылы бұл проблемалардан және өзге де қырынудан туындайтын келеңсіз нәтижелерден айырылуға болады. Себебі ұстара теріні жарақаттайды. Оның әсерінен болған жарақаттарды көзбен көру қиын, бірақ ол жарақаттар бактерияларды тартатын жем болып табылады. Әсіресе қырудың нәтижесінде тері бөртпелерге бейім болып келеді және ескі безеулерді өршітіп, көптеген жаңа безеулердің пайда болуына әкем соғады. 5. Сақал – сексуалдықтың белгісі. Мұның денсаулыққа қатысы жоқ, бірақ бұл аспект те маңызсыз емес. Дұрыс пішіндегі сақал адамды нағыз еркек етіп көрсетеді. Бұлай ойлайтындар тек нәзікжандылар ғана емес, жігіттердің өздері де осындай пікірде. Америкалық зерттеушілер кең көлемді сауалнама жүргізген екен. Сауалнамаға қатысушы ер адамдардың 53%-ы сақалмен өздерін әлдеқайда тартымды сезінетіндіктерін білдірген, сонымен қатар олар көбінесе сақалдарына байланысты комплименттер алатындықтарын атап өткен. 6. Сақал тері обырынан қорғайды. Бөлінетін ультракүлгін сәуленің зиянды әсері – тері обырының (рак) дамуына алып келуі мүмкін, ал сақал болса, теріні күннен қорғайтын ерекшелікке ие. Сондықтан сақалы бар адамдарда тері обырының даму қаупі айтарлықтай төмен, өйткені сақал зиянды күн сәулелерінің 95%-ын теріге өткізбей, кедергі жасайды екен. Бұл көптеген зерттеулермен расталған факт. 7. Сақал аллергияға және басқа ауруларға қарсы тұрады. Сақалдың ерекшеліктерін зерттеп-зерделей келе ғалымдар, аллергендер мен бактерияларға бөгет жасайтын «сүзгіштік» қызмет атқарады деген қорытындыға келді. Сақалдың арқасында аталмыш зиянды заттар өкпеге өтпей, астма, аллергия және бактериялық аурулардың алдын алған. Ғылым мен діннің ең басты айырмашылығы – дін бір нәрсені істе десе, ол сол қалпында жасалады, яғни пайдалы ма, зиян ба деп талқыланбайды. Қандай да бір нәрсені пайдалы дей ме, ол солай үнемі бола береді. Ал ғылым болса, бір ұғым жайлы екіұдай пікір білдіруі мүмкін. Мысалы, сақал дінде сүннет болса, ғылым оны зертеу жұмыстары арқылы біресе пайдалы, кейде зиян дейді. Бұл жерде ғылымды мансұқтағымыз жоқ, ол үнемі жаңару үстінде жүретіні, қолмен ұстап, көзбен көруге тырысатыны хақ. Бірақ, дін – ол сенім. Оған көзсіз, дәлелсіз, шүбәсіз илану керек. Сөзімізді қорытындылай келе, сақал қою – сүннет амал болғандықтан оны орындаған адам сауап алса, орындай алмаған күнәға батпайды. Ислам дінінде ең маңызды сенім – ақида, сосын құлшылық, қарым-қатынас, әдеп, одан кейін сыртқы көрініс келеді. Сол себепті уайым-қайғымыз иектегі бес тал түк емес, исламға адамдарды қалай шақырамыз, ілімді қалай және қайдан аламыз, ғылымды қалай дамытамыз деген сансыз сұрақтардың жауабын табуда дамылсыз еңбек етуіміз қажет. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |