23:31 Информатикадан аудандық семинар | |
АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯ ТЕГЕУРІНІМЕН Білімдену һәм білім беру саласында осы күні болып жатқан
жаңалықтар, жаңашылдықтар, түптеп келгенде, өскелең ұрпақтың ғылыми-әлеуметтік
өсіп-дамуына толықтай бағытталуда. Десек те ақпараттық-коммуникативтік
технологияның алатын орны орасан. Оның үстіне қаланың да, ауылдың да мектептері
соны үлгідегі мультимедиялық және интербелсенді тақтасы бар компьютерлер
дәрісханалармен жабдықталғаны қашан. Сондықтан да компьютерлік сауаттылық деңгейі
жалпы орта білім беретін оқу ордаларында күн тәртібінен әлдеқашан түсіп қалуы
керек. Жақында Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде
Лебяжі аудандық білім бөлімі әдістеме дәрісханасының мұрынлық болуымен
информатика мұғалімдеріне арналған аудандық семинар ұйымдастырылды. Ертісті жар
жағалай орналасқан Бесқарағай мектебіне Сатыбалды, Потанин, Абай, Жаңатаң,
Әйтей, Жамбыл, Лебяжі жалпы орта білім беретін мектептерден пән мұғалімдері ат
басын тіреді. Ал семинарға жетекшілікті білім бөлімі әдіскері Батталова Г.Б.
атқарды. Семинар барысында бесқарағайлық пән мұғалімі Оспанов А.Е.
9 сынып оқушыларымен информатикадан «Нысандардың орнын ауыстыру» деген
тақырыппен ашық сабақ өткізді. Онда оқушылардың алгоритмдік жоспарлау
қабілеттері сарамандық әрекеттермен шебер ұштастырылды. Теориялық қабілеттерді
түзгеннен соң, оқушылар дербес ноутбукпен жұмыстарын сарамандады.Артынша Алмас
Ерболатұлы семинар қатысушыларына флеш-технология бойынша пайдалы
практикум-дәріс өткізді. Жалпы, аталмыш әдіс-тәсілдің пән мұғалімдері үшін де,
оқушылар үшін де берер тиімділігі шет-шексіз. Бүтінді бөлшектегенде,
флеш-технология арқылы электрондық оқу құралдарын және соған тиесілі басқа да
көрнекіліктерді дайындауда бірден-бір қажет те пайдалы. Гүлшат Бәкіқызы өз кезегінде аудандық білім бөліміне
қарасты мектептердің информатик мұғалімдеріне сайт жұмысын жүйелеу бойынша
арнайы семинар ұсынды. Онда алдымен жуырда ғана ашылған Лебяжі аудандық білім
бөлімінің ресми сайты презентацияланды. Осынау веб-браузердің өн бойында жалпы
аудандық білім беру ақпарат-құжаттамамен қатар әр мектепте арналып сайт
парақшасы да ашылған екен. Солардың әрбірі өз алдына әкімшілік тұрғыдан
басқарылады. Бір сөзбен айтқанда, интернет алгоритмі жол-жөнімен жүйеленеді. Мектепке
тиесілі сайтта фотомұрағат, ақпарат-жаңалықтар қорын, нормативтік құжаттама
топтамасын жинақтауға болады. Сонымен бірге тақырыпқа арналған форум,
конференция өткізуге лайықты. Әдіскер Батталова Г.Б. сайт жұмысымен егжей-тегжейлі
таныстырғаннан соң әр пән мұғаліміне мектеп сайттарын қажетті ақпараттармен
толықтыруды міндеттеді. Егер бұл жұмыс діттеген мақсат-міндетіне қол жеткізсе,
онда аудандық білім бөлімі һәм әр жалпы орта білім беретін мектепте жүзеге
асырылып жатқан жұмыстар хақында кез келген ғаламторлық нүктеден емін-еркін
ашып, ізерлей оқуға болады да. Әлбетте, ақпараттық-коммуникациялық технология күн талабы
болып қана қоймай, іс жүзінде өзінің қажетке жарар тегеурінділігін танытуы
тиіс. Ал ол компьютерлік сауаттылығы оңтайланған оқытушы мұғалімге ғана
бағынады. Сондықтан да осынау ілгерілеу көз ілеспес жылдамдықпен жетілдірілу
үстінде. Тек тұрмай, құр қалмасақ болғаны. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ЖОББМ оқу ісінің меңгерушісі Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |