22:27
Имандылық ишараттары

БАТА

Әлбетте, қазақ салт-дәстүрі мен Ислам құндылықтары біте қайнасып жатыр. Қазақ мәдениетіндегі Ислам дінімен байланысты рухани қазынасының бірі – бата.

Бата – шын жүректен шығатын ыстық ықылас. Бата – «жақсы сөз – жарым ырыс» деген бабалар мұрасы. «Жөн сөз – көңілді өсіреді, жөнсіз сөз – үмітіңді өшіреді» дегендей, сөз қадірін түсінген атам қазақ айтылған сөзге, берілген батаға ерекше мән берген, сондықтан өмірдің әр сәтінде бір-біріне тілек тілеу, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті.

Көпті көрген көнекөз қарияның қасиетті өсиеті, баталы ақ тілеуі – ғасырлар бойы мысқалдап жиналып, ой елегінен сүзілген өмірлік тәжірибесінің даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже-қағидасы іспеттес. «Аталар сөзі – ақылдың көзі» деген өсиетпен өскен өскелең ұрпақ батадан бақ даритынын бұрыннан білген. Дуалы ауыздан ағылған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған. Міне, жанымызды жадыратып, жан дүниемізді нұрландырып, санамызды сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын осынау баталы сөздер – тәрбиенің қайнар бастауы. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық пен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. «Халықтың тілек-бата сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, дәулетті, бақытты, кекшіл емес, кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғауға, талапты боп ержетуге талпынтады», - дейді ғалым Серік Негимов.

Баталы сөз күнделікті өмірімізге ісіміздің алға басуына, тұрмысымыздың оңалуына игі әсерін тигізеді, әрі ұрпақ тәрбиесіне де айрықша ықпал етіп келеді.

Бата түсінікті тілмен айтылады, ұйқастың болуы шарт емес. Өлең үлгісінде болуы шарт емес. Жаттанды сөз, жалаң ой, құрғақ лебіз шынайы, ықыласты батаға жатпайды. Бата қысқа болсын, ұзын болсын, сөздері асыл болса, ақ ниетпен айтылса, ол батаның қабыл болу ықтималдығы артады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 453 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: