21:48
Игі дәстүр ізімен

МЫҢ БАЛА

Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, дамыту һәм өркендету жолында атқарылып жатқан іс-шаралар орын-орындарда аз емес. Осынау игі істерді өткізудің әдіс-тәсілдері де алуан-алуан. Ал соларға қатысып жүрген жандардың белсенділігі өз алдына бір төбе. Сондай аяның бірі һәм бірегейі – «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы.

Жобаның тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының Президентімен қабылданған Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 148 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасына және «100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында Қазақстан Республикасының Президенті берген тапсырмаларға сәйкес әзірленді.

«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы – этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушыларына, жастарына мемлекеттік тілді үйрету барысында қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды (мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып) бойына сіңіруді, қазақстандық бірегейліктің азаматтық қағидаттарын қалыптастыруды көздейді.

Жобаның бағдарламасы «мәдени-тілдік бой үйрету» халықаралық тәжірибенің озық нәтижелерін ескере отырып құрылғандықтан, барлық қатысушылардың мәдени және тілдік ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Жуырда Павлодар қаласының М.Әуезов атындағы №42 жалпы орта білім беру мектебінде аталмыш жоба байқауы ұйымдасқан түрде өткізілді. Осынау байқаудың мақсаты – этностық топтардың балалары мен жастарына қазақ халқының дәстүрін бойына сіңіру арқылы сөйлеу мәдениетін жетілдіретін, шешендік өнердің негіздеріне баулитын және қарым-қатынас шеберлігін шыңдайтын тиімді курстар мен коммуникативтік тренингтер ұйымдастыру.

Қатысуға ниет білдірген мектептегі өзге ұлт өкілдері оқушылары бастауыш, орта һәм жоғары буын болып екі топқа бөлінді. Безендірілген сахна төрінде байқауды жүргізген қос жүргізуші шараны бірыңғай мемлекеттік тіл – қазақ тілінде басынан соңына дейін жүргізді. Павлодар аймағы бойынша Қазақстан мұсылман әйелдер лигасынан келген құрметті қонақтар байқауға әділқазылық жасады. Байқауға қатысушылар алдымен кезекпе-кезек қазақ тілінде өз-өзін тақпақтата-шумақтата таныстырды. Екінші кезеңде қазақ ақындары – Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Есентай Ерботин һәм басқалар – өлеңдерін нақышына келтіре һәм мәнерлі түрде жатқа оқыды. Ал үшінші кезеңде жеребе арқылы тартылған викториналық сұрақ-сауалдарға жауап берді.

Байқаудың кезеңдері арасында мектептің музыка мұғалімі мектептің көркемөнерпаздары сахна төрінде ән шырқады, мың бұрала би биледі. Көрермендер көңіл-күйін мейілінше сергітті де серпілтті.

Нәтижесінде, әділқазы алқысының әділ шешімімен Матюшонок Дарья, Ленькова Ангелина есімді оқушылар бірінші орынды жеңіп алса, Маггарамова Айгюн, Пасенкова Яна, Воронов Алексей, Романов Максим есімді оқушылар жүлделі орындарға иелік етті. Бас жүлдеге иелік еткен Дарья Матюшонок пен Ангелина Ленькова мектеп намысын аймақтық байқауда қорғауға жолдама алды. Шараға атсалысқан пән мұғалімдеріне алғыс ұйымдастырушылар және әділқазы алқасы мүшелері атынан шексіз алғыс білдірілді.

Сайып келгенде, «Мың бала» байқауында мемлекеттік тіл – қазақ тілін асқақтатуда, әуелетуде өзге ұлт өкілдері оқушылары бойындағы барын салып, отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерін барынша танытты. Қазақ тілінің құдіреті мәртебелене берсін.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы №42 ЖОББ мектебі

Павлодар қаласы

Просмотров: 440 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: