00:33
Игі дәстүр ізімен

БІЗ МЕКТЕПКЕ БАРАМЫЗ!

Даналығымен ықылымнан дараланған қазақта «Бала тілі – бал», «Балалы үй базар», «Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің» деп тізбектеле түзілетін қанатты айтылымдар бар. Кезінде шақалақ боп дүние есігін ашқаннан бес жасқа дейін ата-ана құшағында еркелеп өссе, кейде бес, кейде алты жасынан бері қарай мектептегі тәрбиеші қарамағына көшеді.

Жақында Бесқарағай жалпы орта білім беру мектебіндегі мектепалды даярлық тобында есепті салтанатты шара өткізілді. Тәрбиеші Байғожина Г.Т. бір жыл бойы бағып-қаққан балғындарының басын қосып, қызық пен тамашаға толы бағдарламаны көрермендер назарына ұсынды. Негізінде, бұл топ қазақ тілінде әрі оқудың басын бойға сіңірсе, әрі тәрбиенің бесігінде тербелді. Қорытынды шара барысында бал тілімен баураған тәрбиеленушілер сан-есепті, әріп-дыбысты қаншалықты тани бастағандарын ортаға салды. Сонымен қатар сахнада жұп құрап вальс, қара жорға билерін нақышына келтіре орындаса, үнді биін билеген Ділназ бен Аяулым сахна төрін қылықтарымен көркейтті. Бұған Ділназдың шырқауындағы «Ертегілер әлемінде» әнін қосыңыз. Бұл аз десеңіз мерекелік шараны әрлендіру үшін шағын орталықтың бүлдіршіндері арнайы қонаққа келіп, өздерінен сәл үлкендеу балдырғандар құрметіне тартымды билерін сыйлады. Шара соңында әр тәрбиеленушіге Гүлім Төлегенқызы арнайы әзірлеген Мадақтамалар салтанатты түрде табыс етілді.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББМ оқу істері меңгерушісі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1092 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: