13:38
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Чили – 1962

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

30 мамыр – 17 маусым 1962 ж., Чили

Қатысушылар саны:

16

Ойындар жүйесі:

Командалар төрт топқа бөлінді, қарсыластар өзара бір-бірімен топта ойнады, екі мықты құрама ширек финалға шықты, арықарай олимпиалық жүйе бойынша

Өткізілді:

32 кездесу, оларды 776 000 көрермен тамашалады, бір ойынға орта есеппен 24 250 адамнан келді

Соғылды:

39 гол (орта есеппен 2,78)

 

Кезекті әлем чемпионатын өткізу құқығын Чилиге беру шешімі басы артық сұрақтар тудырды. Себебі сол – аталмыш елдің құрамасы қандай да бір жарыстарда бұған дейін ешқашан ешқандай айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізбеген еді. Ел экономикасы тұралап қалған күйде болды. Пиночет төңкерісіне дейінгі он бір жылда саяси жағдай да тұрақсыз-ды. Осынау қиын-қыстау жағдайға һәм көпшіліктің сыни көзқарасына қарамастан футболдан әлем чемпионатын өткізуді жеңіп алудың өзі – өзгелерге үлгі боларлық нағыз қаһармандық! Еш бояусыз, бұл қаһарманның ныспысы – Карлос Диттборн Пинто.

Жаратылысында неміс ұлтының қаны бар 32 жастағы Карлос Диттборн Пинтоға 1956 жылғы 10 маусымда өткен ФИФА конгресінде әлем чемпионатын Чилиде өткізу шешімін табыстады, өйткені ол жалғыз өзі дерлік барлық ұйымдастыру мәселелерін реттеді. 1960 жылы Чилиді әуреге салған жер сілкінісі кезінде жаһандық жарысты өткізу орнын дереу ауыстыру сұрағы кесе-көлденеңдеп күн тәртібінде тұрғанда, Диттборн: «Бізге әлем чемпионатын өткізуді қалдырыңыздаршы – одан басқа бізде ештеңе жоқ!» - деп жанкештілік танытты. Оның осы бір ауыз сөзі тарихқа кірді, ауқымды транспарантқа басылды, артынша ел астанасы Сантьягодағы Ұлттық стадионның трибунасын айнала ілінді. Өкінішке орай, Диттборнның өзі чемпионаттың басталуына бір ай қалғанда ауыр науқастан соң дүние салды.

Чилилік әлем чемпионатының әсіресе топтық кезеңіндегі бірнеше кездесуі тым қатыгездігімен айшықталды. Осыдан болар жарақат пен алаңнан қуылу саны аспандап шыға келді. Сол себептерден командалар ойынды жиілеп толық емес құрамдарда аяқтады. Айталық, төрешілер ойыншыларды жеті рет алаңнан қуды. Олар өз кезегінде бірбеткей һәм әділ болғанда ғой, алаңнан қуылған саны бұдан да көп болар еді. Мәселен, Чили – Италия құрамаларының ойынында ағылшындық төреші Астон ұр да жық төбелес үшін тек қана итальяндық Ферриниді ғана алаңнан қуған екен.

Соңғы ойын алдында Бразилия құрамасы сары уайымға салынды: бұған дейінгі ойында алаңнан қуылуына байланысты әйгілі Гарринча ақтық ойынға қатыса алмайтын болды. Бразилия Премьер-министрі ФИФА-ның төрешілер комитетіне жеделхаттарды оқтай боратты. Осындай «толассыз шабуылға» төтеп беруге қауқары таусылған комитет әлсіздік танытты: Гарринчаға «рақымшылық жасады». Іле-шала чилиліктер мұндай қадамға бұлқан-талқан болды, өйткені олар өз құрамасының бір ойыншысынан болсын дисквалификацияны, яғни ойынға қатыспау жазасын, тоқтатып тастауды талап етті. Осыдан кейін югославтардың «обалына қарай» чилилік Рохасты кешірді. Сол Рохас үшінші орын үшін болған ойынның соңғы секундтарында Югославия құрамасының қақпасына гол соқты. Дәл осы нәтижелі соққы әлем біріншілігін өткізіп отырған Чили құрамасын жүлдегерлер тұғырының үшінші сатысына аспандатты.

Бразилия – Чехословакия арасында өткен ақтық ойынға жаһандық жарыстың ең үздік төрешісі атанған кеңестік арбитр Николай Латышев төрелік етті. Осыдан төрт жыл бұрын Швецияда өткен әлем чемпионатындағы ақтық кездесуіндегідей бразилдіктер бірінші болып гол кіргізіп алды тағы. Есесіне қарсыластарының қақпасында үш допты тулатты. 3:1 есебімен жеңіске жеткен Бразилия құрамасы екінші мәрте қатарынан «Жюль Римэ Кубогін» иемденді де 1930 жылдан бірінші рет Америка құрлығын Еуропамен өзара тартыста 4:3 есебімен алға шығарды.      

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 716 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: