1946 жылдың 26 шілдесінде Люксембургте өткен ФИФА конгресі екінші
дүниежүзілік соғыстан соң футбол өмірінің жалғасатынын жиналғандарға жар
етті. Күн тәртібінің маңызды сұрақтарының бірі һәм бірегейі ретінде,
әлбетте, әлем чемпионаттарын өткізуді жандандыру болды. 1942 жылға
жоспарлаған, бірақ жүзеге аспай қалған әлем чемпионатын өткізуге үш
мемлекет – Германия, Аргентина және Бразилия үміткер болған-ды. Сондықтан
да болар 1950 жылғы мундиальді өткізу ие елді таңдауда жоғарыда аталған
үміткерлерге арқа сүйеді. Десе де, жеме-жемге келгенде тек қана Бразилия
осынау доданы өз алаңдарында өткізгісі келді және өткізе алатын еді.
Ақырында солай болды да.
Бразилия өз командасының жеңісін тойлаудың үмітімен өмір кешті.
Чемпионаттың ашылу күні Рио-де-Жанейрода басталған мерекелік карнавал
жарыстар өткен үш апта бойы һәм жабылған сәтке дейін алаулады-жалаулады.
Қайта жанданған әлем біріншілігі 24 маусымда 200 мың көрерменді сыйдыра
алатын үр жаңа «Маракана» стадионында Бразилия – Мексика құрамаларының
кездесуімен ашылды. Қос команда алаңға шыққаны 20 артиллериялық соққымен
қошеметтелді. Аспанға бес мың көгершін ұшырылды, стадионды әуелей айнала
ұшқан ұшақтар мен тікұшақтар алаңға және трибуналарға доптар һәм біріншілік
бағдарламаларын шашты. Осынау салтанаттың басты оқиғасы болып алаң иелерінің
4:0 есебімен ойсырата ұтуы болды. Бразилдіктер еш қиындықсыз өз тобында
жеңімпаз боп шықты.
Ең жоғары футбол тәжіне күресуге ақыры бел буған ағылшындардың жеңілісі
ең үлкен сенсацияға айналды. Чилиліктерді жеңген ағылшындарға АҚШ
футболшыларымен кездесу кезекте тұрды. Ағылшын газеттерінің бірінде былай
деп басылған-ды: «Әлемде футболды эскимостар мен солтүстікамерикандықтар
ғана ойнай алмайды». Осындай жаңсақ пікірді ағылшындық футболшылар да
ұстанды да сол үшін оңдырмай опық жеді. Бұл кездесудегі жалғыз доп
ағылшындардың қақпасында қорғаушы Альф Рамсейдің қисынсыз қателігінен соң
тулап сала берді. (Он алты жылдан соң ғой сол Рамсей Англия құрамасын әлем
біріншілігінің жеңімпазы ететін болады.) Испандықтарға (жарыстың топ
жеңімпаздары) жол берген ағылшындықтар чемпионаттан шығып қалды, ал қайтуға
деген билеттерін 17 шілдеге тапсырып қойып еді, яғни финалдан кейінгі
күнге. Осы ойыннан соң ағылшын
газеттерінің реңі сыни жағынан өзгеріп сала берді: «2 шілдеде
Рио-де-Жанейрода ағылшын футболы бейбіт күйбеңімен қош айтысты. Өлімге
бара-бар бұл жеңілістер оның достары мен таныстарының басым бөлігін
есеңгіретті. Ол туралы мәңгілік естелікті сақтаймыз».
Топтық жарыстағы Швеция құрамасымен болған шешуші кездесуде 2:3
есебімен есе жіберген әлем чемпиондары итальяндықтар он алты жыл бойы
қолдарында ұстаған зор атақтарын уысынан шығарып алды. Шындығын айту керек,
Бразилияға әлем чемпиондары әлсіреген құрамамен келді, себебі 1949 жылы
орын алған әуе апатында «Торино» клубы мықты ойыншыларынан айырылып қалды.
Уругвай құрамасының асығы алшысынан түсіп отырды. Қарсыластарының бас
тартуы салдарынан бірде-бір іріктеу ойындарын өткізбей-ақ Бразилиядағы әлем
додасына топ ете қалды. Бразилияда тартылған жеребе бойынша уругвайлықтар
ең аз және ең жеңіл топқа түсті: жалғыз және ең осал қарсылас саналған
Боливия құрамасын 8:0 есебімен күл-талқан етті. Ақтық төрттік айналымында
уругвайлық команда ойын барысында азулы қарсыластарынан жеңіліп бара жатса
да, әрдайым судан құрғақ болып шыға білді. Айталық, Испаниямен өткен
кездесу 2:2 есебімен тең аяқталса, шведтерді 3:2 етіп ұтты. Бразилдіктер өз
кезегінде аталған құрамаларды тиісінше 6:1 және 7:1 есептерімен ойсырата
жеңді.
Осынау нәтижелерді салыстырудан соң шешуші ақтық ойынға айналып шыға
келген Бразилия – Уругвай кездесуінде жеңімпаздың кім болатыны айқын еді.
Алаң иелерінің қарсыластарынан бір ұпайға алда болды, демек, оларды тең
ойын да қанағаттандырар еді. Бірақ со кезде осы жайын кім ойлаған?
Торсиданы (бразилдік жанкүйерлерді осылай атайды) тең нәтиже еш
қанағаттандырмады. Олар жеңісті, қарсыласын ойсырата һәм күл-талқан еткен
ірі жеңісті аңсады. Стадионға жан-жақтан ағылған жанкүйерлердің қолындағы
транспаранттарда 7:0, 8:0, тіпті 10:0 деген сандар көздің жауын алды.
Бразилия өз құрамасының жеңісін салтанатты түрде тойлауға бір адамдай
дайындалды. Ондаған артиллериялық қару өз жеңімпаздарын көптеген соққымен
құрмет-қошеметтеу дабылын әл-әзір күтті. Ол ол ма, он мыңдаған шампан
шишалары жеңімпаздарды көпіршік атқан шаттықпен асқақтатуға дайын болды.
Жарыс ұйымдастырушылары «Бразилия – әлем чемпионы!» деген қанатты жазуы бар
көптеген сыйлықтарды, құттықтау хаттарды және жалаушаларды жасап қойды
тіпті. Бразилдіктердің жаттықтырушыға алдын ала Рио-де-Жанейроның Заң
шығару ассамблеясында депутаттық орын да тағайындап үлгерді...
Ойынның түзілуіне назар аударайық. Бірінші тайм бойы бразилдіктер
уругвайлықтардың қақпасына үзіліссіз шабуылдарын төпелетті. Дегенмен тек
ойынның екінші жартысының басында ғана алаң иелері гол соқты. Ірі есеппен
ғана ұтуды діттеген Бразилия құрамасы ойыншылары арт жағынан қарамастан
алға қарай жөн-жөнсіз ұмтыла берді. Осыны аңғарған уругвайлық футболшылар
өз ойын сызбасында арагідік оқыс қарсы шабуылдарға орын берді. Сондай
сәттің бірінде уругвайлық Скьяффино есепті теңестірсе, ойын аяқталуға аз
ғана уақыт қалғанда Гиджа шешуші гол соқты. Анығы сол, Уругвай – чемпион!
Жарыс ұйымдастырушылары осыдан соң аң-таң күйге түсті. Жеңімпаздардың
құрметіне Уругвай елінің әнұраны да орындалған жоқ. Атақты Жюль Римэ
жетімнің күйін кешіп қалған алаңның ортасында өз атын иеленген Әлем кубогін
қайда қойып, кімге берерін білмей дал болды. Содан кейін уругвайлықтардың
киім ауыстыратын бөлмесіне бет түзеді де, топтанған көп адам ішінен команда
капитаны Варела кезікті де, оның қолына ебедейсіз түрде кубокті сұға салды
да, арқасынан жай ғана қақты. Осымен салтанатты бөлім тәмамдалды.
Сонымен, соғыстан кейінгі әлем чемпионатында Уругвай құрамасы жеңіске
жетіп, титулдар саны бойынша Италиямен теңесті. Әйтсе де бұл жеңіс ұлттық
деңгейдегі қасретті тудырды. Дүние жүзі тарихында басқа бір ешқандай
спорттық оқиға халық үшін осынау қайғы кебін киген емес. 200 мыңдық
«Мараканада» жеңілген бразилдіктер тең нәтиже көрсетсе жетер еді. Әттең-ай,
әттең! 16 шілдеде жергілікті уақытпен 17.45-те ағышындық төреші Ридер Уругвайдың
жеңісін паш етті. Сол сәттен бастап елдің түрліше аймақтарынан өз-өзіне қол
салған, өз-өзін өлімге қиған бразилдік жанкүйерлер хақында суыт хабарлар
келді. Не керек, азалы тізімдегі дүниемен қоштасқандардың саны сәт сайын
өсе берді. Ұзын саны үш жүзден асып жығылған сыңайлы. Футбол адамдарға
осылай да әсер етеді екен
|