13:03
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Франция – 1938

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

04 – 19 маусым 1938 ж., Франция

Қатысушылар саны:

15

Ойындар жүйесі:

1/8 финалдан бастап олимпиалық жүйе бойынша

Өткізілді:

18 кездесу, оларды 483 000 көрермен тамашалады, бір ойынаға орта есеппен 26 833 адамнан келді

Соғылды:

84 гол (орта есеппен 4,67)

 

Үшінші рет өткізілген әлем біріншілігінде Италия өзінің мықтылығын өзіне тән ерекшеліктер негізінде дәлелдеді. 1938 жылы Францияда өткен додаға әлемнің мықты деген құрамалардың басын тағы да жинай алмады. Күллі Британия әдетінше белгілі саяси себептермен бұл жарыстарға да мойын бұрмады. Уругвай, сегіз жыл өтсе де, Еуропаға деген өкпе-ренішінен арыла алмады. Бұл жолы оның қатарына Аргентина да қосылды, себебі мынада: біріншіден, көрші жатқан Бразилиямен қарым-қатынастың шиеленісуінен, екіншіден, ФИФА комиссиясының чемпионатты өткізетін елді соңғы сәтте өзгертіп жіберуінен. Әуелден үшінші мундиальдің астанасы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес болу керек-тін. Артынша 1936 жылы Берлинде болған конгрессте Парижге ауыстырылды. Осындай жолмен ФИФА әрі өз президенті, әрі француз Жюль Римэнің айырықша қайраткерлік үлесін атап өтпек болды. Сонымен қатар ФИФА өз регламентінің ережесін бұзды, себебі әлем чемпионаттары алмакезек екі құрлықта өткізіп тұруы тиіс еді. Әрине, оңтүстікамерикандықтар, оның ішінде бірінші кезекте аргентиндіктер, ар-намыстың тапталғандығын бір адамдай сезді. Ал ол кезде Аргентинада елдің сол сәттегі мықты сұрмергені Эрико һәм Pibe de oro («Алтын ұл») деген лақап атқа ие болған (дәл осындай атпен қырық жылдан соң атақты Диего Марадона марапатталды) жартылай қорғаушы Эрнесто Лидзати бастаған мықты құрама қалыптасты.

Франциядағы медальдар үшін тартысқа болжанған 16 команда емес, 15 құрама түсті. Спорттық емес, саяси астар үстемдік құрды осындай жағдайда. Айталық, 1938 жылы фашистік Германия Австрияны жаулап алды. Мұндай жағдайдан соң іріктеу ойындарын сәтті сабақтаған австриялық құрама өз тірлігін тоқтатты. Оның қарсыластары – шведтер – келесі кезеңге еш ойынсыз аяқ басты. Сондықтан да 1/8 финалда ережедегі 8 ойынның орнына 7 кездесу өткізілді. Сол ойындар тартысты сипатта өтті: бесеуінде қосымша уақытқа жүгінуге тура келсе, қалған екі ойын келесі күні қайыра ұйымдастырылды. Фаворит ретінде қарастырылған итальяндықтар мен бразилдіктер тартысты бірінші ойыннан соң-ақ жарыс жолынан шығып қала жаздады. Әлем чемпиондары қосымша уақытта ғана 2:1 есебімен норвегиялықтардың мысын басты. Бразилиялықтарға да мұндай әлемдік додаға тұңғыш рет қатысып отырған поляктармен өткен ойында қосымша уақыт керек болды. Тартымды да соғылған голдарға мейілінше толы аталмыш кездесу қос команданың көшбасшылары поляк Виллимовский мен бразилдік Леонидастың өзара тартысына айналды. Олардың текетіресі тең аяқталды (екеуі де төрт голдан еншіледі). Ал командалардың жарысы 6:5 есебімен Бразилия құрамасының жеңісімен тәмамдалды. Австриялық ойыншылармен мықтанып алған неміс құрамасынан көп үміт күтілді. Дегенмен тым асыра жарнамаланған неміс командасы бірінші айналымнан соң Швейцария құрамасынан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.

Ширек финалда әлем чемпиондары – итальяндықтар – жарыс иелері – француздарды 3:1 есебімен ұтып кетті. Итальяндық футболшылар ел өкіметінің нұсқауымен бұл ойынға қара түсті жейде киіп шықты. Спортта жейде түсінің еш маңызы жоқ. Әйтсе де 1938 жылы Италиядағы Муссолинидің фашистік диктатурасы заматында қара түс айырықша маңызға ие болды. Сондықтан да шығар итальяндықтардың қара түсті формасы саяси көрсетілім болып қабылданды әлбетте. Спортшылардың абыройына қарай, олар, итальяндықтар, кездесуді ережені ерекше сақтаумен өткізді. Ал Бразилия – Чехословакия ойынындағы футбол алаңы бейне бір шайқас даласын елестетті. Нәтижесі сол – үш ойыншы алаңнан қуылды да көптеген футболшылар тым көп мөлшерде түрліше жарақаттар алды. Ойын аяқталасымен-ақ екі чехословак ойыншысын – қолы сынған қақпашы Планичка мен аяғы сынған шабуылшы Нейедлды ауруханаға орналастырды. Ойынның спорттық нәтижесі – 1:1. Келесі күні болған қарымта кездесуде 2:1 есебімен Бразилия жеңіске жетті.

Венгрия – Швеция және Италия – Бразилия жарты жиналдарына үлкен қызығушылық қаулады. Шведтер баспасөзде жеңіске жететіндіктеріне алдын ала мақтанды. Ойын болатын күні, 16 маусымда, Швеция королі Густав IV 80 жасқа толды. Демек шведтер венгрлерді жеңіп, финалға жолдама алатын болса, корольдеріне керемет сыйлық жасарына сенімді еді. Десе де, Венгрия құрамасы тәж иесінің салтанатына селкеу түсіріп, оның қоластындағыларын, швед футболшыарын, 5:1 есебімен ойсырата ұтты.

Италия – Бразилия кездесуінен соң жанжал өршіді. Ойынның өзі таң-тамаша түзілді. Бразилдіктердің басымдығымен өткенмен, итальяндықтар 2:1 есебімен басым түсті. Баспасөздің дегеніне сенетін болсақ, швейцарлық арбитр Вютрихтің «көмегі» үстемдік еткен сынайлы, себебі сол ол ойын барысында оңтүстікамерикандықтардың қақпасына сондай күмәнді он бір метрлік айып соққысын белгіледі. Ойыннан соң бразилдіктер ФИФА-ға ресми қарсылық білдіргенмен, онысы кері қайтарылды. Бразилия командасының басшысы Селу де Барреш былай деп мәлімдеді: «Ойынға әділ  төрешілік жасау мәселесін ФИФА бір жақты етіп шешпейінше, оңтүстікамерикандық командалар Еуропа құрлығында ұйымдастырылатын ресми жарыстарға қатыспайтын болады». Осындай күйге ұшыраған бразилдіктер үшінші орыннан бас тартып, чемпионаттан бір-ақ кетіп қалуды ұйғарды. Ақыр соңында спорттық жігерлері ашу қысқан көңілдерінен басым түсіп, жарыстарды жалғастыруға қайта кірісті. Шеберлікпен шындалған ойын өрнегін түзген бразилдіктер шведтерді 4:2 есебімен ұтып, әлемнің үшінші командасы болып айшықталды, ал сол ойында екі гол соққан Леонидас жарыстардың сұрмергені атанды.

Итальяндықтар да дәл сондай есеппен венгрлерді ұтып, екінші рет қатарынан әлем чемпионатын жеңіп алды. Ақтық ойыннан соң алаңнан кетіп бара жатқан венгрлік қақпашы Сабо сайқалдылықпен мынаны мәлімдеп үлгерді: «Бүгін мен өз ойыныма сондай ризамын, өйткені жаман емес он бір жігітті өлімнен құтқарып қалдым». Сол кездегі саяси жағдай таразысына салсақ, бұл айтылған сөз еш түйін-түсініктемені қажет етпейді. Ақтық ойынның алдында итальяндық команда Муссолиниден үш-ақ сөзден тұратын жеделхат алды. Сондағысы: «Жеңіс немесе өлім!»

Чемпионаттың шымылдығы түрілісімен Булон орманында оған қатысушылардың құрметіне арналған қоштасу түскі асы берілді. Сонда Жюль Римэ келесі кезекті біріншілікті өткізу орны туралы сұрақты қозғады. Қызуқанды пікірталастар еш шешім бермеді, сондықтан бұл сұраққа кейіннен қайтып оралуды діттеді. Келесі чемпионатты бақандай он екі жыл күтуге тура келетінін сол кезде біреу болсын болжап па?! 

Италия құрамасы әлемнің ең мықты титулын он алты жыл бойы атынан өшірмеді һәм уысынан шығармады. Әңгіме жоқ, рекордтық көрсеткіш. Үшінші мен төртінші әлем чемпионаттары арасындағы осынау ұзақ үзіліс екінші дүниежүзілік соғыстың ойраңдауымен байланысты еді.

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 793 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: