22:34
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы
ТУЫНДАҒАН ОЙДАН ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ІСКЕ ДЕЙІН
1904 жылғы 21 мамырда Парижде ұлттық футбол федерацияларын біріктіруге һәм футболдан халықаралық жарыстарды өткізуге мұрындық болуға негізделген ФИФА ұйымы құрылды. Ол кезде ұлтаралық байланыстар, Ұлыбританияның оған тиесілі төрт тәуелсіз федерацияларын есепке алмағанда, тұрақты түрде қалыптаспаған-ды, демек бірігудің бұндай ойы жекелеген белсенділердің жігерімен ғана жүзеге асатын-ды. ФИФА-ның тұңғыш президенті болып франциялық Робер Герен сайланды. Оның осынау орынтаққа сайлануының өз заңдылығы болды, өйткені Гереннің өзі аталмыш ұйымның құрылуына айтарлықтай үлесін қосты. Оның үстіне өзі де сондай жан-жақты тұлға болғанға ұқсайды. Герен Франция футбол федерациясы президенті һәм Le Matin газетінің спорттық тілшісі қызметтерін қоса атқарды. Ол ол ма, дипломы бар инженер де болды. Әңгімеге тиек болып отырған әлгі Герен бірінші болып алдымен клубтар, кейіннен құрама командалар арасында халықаралық чемпионаттар өткізу ойын жүзеге асырмақшы болды. Дегенмен оның ФИФА-ға басшы болуы ұзаққа бармады: екі жылдан аса мерзім ғана бұйырды.
1904 жылғы ФИФА-ның тағайындау конгесіндегі Жарғының тоғызыншы пунктінде делегаттар былай деп жазды: «ФИФА халықаралық чемпионаттарды ұйымдастыруға эксклюзивті құқыққа ие». Осы үрдісті бетке алып, келесі жылдың өзінде ФИФА конгресінде голландық Карл Виллем Хиршман әр елден бір клуб өкілі, жиыны он бес болатын клубтық чемпионат өткізуді ұсынды. Хиршманның ойынша клубтық командалар төрт топқа бөліну керек болды:
1-топ: Англия, Шотландия, Уэльс, Солтүстік Ирландия.
2-топ: Бельгия, Франция, Голландия, Испания.
3-топ: Италия, Австрия, Швейцария, Венгрия.
4-топ: Дания, Германия, Швеция. Сонда ғой чемпиондар Лигасы 1991 жылы емес, сонау 1905 жылы-ақ дүниеге келетін еді!
Өкініштісі сол, Хиршманның ойлары өз уақытын озып кетті. Аталмыш чемпионатқа қатысуға өтініш білдірудің соңғы күні 1905 жылдың 31 тамызы болды. Межеленген күн де жетті, бірақ бірде-бір өтініш түскен жоқ еді. Мұндай масқараға барынша төтеп беруге шамасы жетпеген Герен 1906 жылдың 4 маусымында өткен ФИФА-ның үшінші конгресінде өзінің президенттік өкілеттігін тапсыруға мәжбүр болды. Гереннің ізбасары болып Блэкберннен келген үкіметтік шенеунік ағылшындық Даниэл Берли Вулфолл тағайындалды. Вулфолл, өзі сияқты басқа да ағылшындар сыңайлы, Англияны «Жер кіндігі» деп санады. Демек британдық командалардың британдық емес командаларды ойсырата ұтуы осынау қағидатты артық рет дәлелдеу деп ұқты. Оның қоластындағылардың халықаралық чемпионаттар туралы ойлары әп сәтте Вулфоллдың қаһарына ұшырады.
Осынау үрдіс 1918 жылға дейін созылды да, оқысынан өзгеріске тап келді. Біріншіден, сол жылдың 24 қазанында Вулфолл дүние салды. Екіншіден, бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Ағылшындар жеңімпаздар ретінде соғыста жеңіліске ұшыраған мемлекеттерге санкциялар таратты, оның ішінде футболға да орын табылыпты. Дегенмен бұнысы еш қолдау таппады, артынша төрт британдық федерация қарсылық ретінде ФИФА құрамынан шығып тыңды.
29 ай бойы Халықаралық ассоцияция (ФИФА) президентсіз күн кешті, тек 1921 жылдың 1 сәуірінде Жюль Римэ бұл лауазымға сайланды. Жюль Римэ 1920 жылы өткен Олимиада жарыстарында өзін өз ісінің білгірі ретінде танытқан-ды. Әлем чемпионаттарын өткізу идеясы осы адамның қолынан келді. Артынша оның есімі мәңгілікке тарих төрінен орын алды. Жюль Римэ сауатты саясат жүргізді. Барлық футболшылар қатыса алатын әлем чемпионатын өткізудің уақыты келгенін ол сезді. 1928 жылғы 29 мамырда, күтілгеніндей, тарихи деңгейдегі шешім қабылданды. Амстердамда өткен ФИФА-ның кезекті конгресіне жиналғандардың басым бөлігінің қолдау даусымен әлем Кубогі тағайындалды, ал Жюль Римэнің отандасы Анри Делонея ұсынған бірінші жарысты өткізу 1930 жылға бекітілді. Амстердамда барлығы есепке алынған сияқты болды, тек біреуінен басқасы: Кубок додасын өткізуді қай мемлекетке бұйырту. Бұл сұрақты тағы бір жылға шегертті. 1929 жылдың 18-19 мамыр күндері Барселонада өткен ФИФА-ның келесі конгресінде күн тәртібінің басты сұрағына айналды.
Өткізуге деген өз кандидатураларын бес еуропалық мемлекет ұсынды (Италия, Швеция, Голландия, Венгрия, Испания) Һәм жалғыз еуропалық емес Уругвай. Бұндай жағдайға көз жеткізген Кәрі Құрлықтың өкілдері бірауыздан өз кандидатураларын кері қайтарып алды да, тұңғыш футболдан әлем Кубогі жарысын өткізу бағы мұхит асып жатқан Уругвайға бұйырды. Сол кездегі бұқаралық ақпарат құралдарының айтуынша, бұл қуанышты сәтке ду қол шапалақ ұзағынан соғылғанға ұқсайды.
Әлем Кубогінің тұңғыш трофейін ФИФА-ның тапсырысы бойынша француз зергері Абель Лафлер жасап шығарды. Ежелгі грекиялық жеңіс құдайы Никаның статуэткасы бейнеленген Кубок толығымен алтыннан жасалды (1800 грамм) да, қырық жыл бойы сенім және шындық биігінен жеңімпаздар қолдарымен асқарлана аспандады. Ақыр соңында бразилиялықтар оны мәңгіге өздеріне қаратып алды. Одан кейінгі он үш жылдан соң алаяқ қылмыскерлер осынау трофейді жымқыртып тыңды.
(жалғасы бар)
орыс тілінен еркін тәржімалаған
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
[color=green]
Просмотров: 892 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: