16:08
Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы

1980 ЖЫЛ ...

Кәрі құрлықтың алтыншы біріншілігінің ақтық жарыстары 11-22 маусым аралығында Италияның Милан, Неаполь, Рим, Турин қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы сегіз құрама команда қатысты. Төрт командадан екі топ, топтан жеңімпаз боп шыққан екі команда ақтық кездесуде біріншілік жеңімпазын анықтау, ал топтан екінші орын алған қос құрама біріншіліктің қола жүлдесін сарапқа салу жүйесімен түзілді. Италия алаңдарында өткізілген он төрт кездесуді 350655 жанкүйер тамашалады. Жиыны 27 доп қақпа торында тулады.

Еуропа біріншілігін осымен екінші рет қабылдаған Италияда жарыстар жаңа жүйемен өткізілді. Бастапқы бетте, әдеттегідей, топтарда іріктеу ойындары өтті. Өзгелерден озып шыққан сегіз құрама Италияда текетіресті. Бұл жолы ширек һәм жартылай финалдық ойындар болған жоқ.

Тұңғыш рет КСРО құрамасы іріктеу жарыстарын еңсере алмай, Италиядағы құрлық біріншілігінен құр қалды. Сонымен қатар азулы деп саналған Югославия да, Франция да, Польша да қалыс қалды.

Бельгия құрамасының ақтық кездесуге шыққаны Еуропа біріншілігінің нағыз сенсациясы болды. Өз тобында бельгиялықтар итальяндықтарды да, ағылшындарды да, испандықтарды да қапыда қалдырып, соғылған голдардың жақсы көрсеткіштері арқылы ғана финалға жолдама алды.

Екінші топта азулы ГФР құрамасы өзімен текетірескен Чехословакия, Голландия һәм Грекия құрама командаларына ешқандай мүмкіндік қалдырмай, жеке дара көш бастап, ақтық кездесуге жолдаманы қалтасына басты. Бұл кездесулерде неміс футболшысы Лотар Маттеус жасындай жарқырады.

ГФР – Бельгия арасында өткен ақтық кездесуде немістің алып шабуылшысы Хорст Хрубеш екі гол соқты. Оның соққан доптары арасында Бельгия құрамасы он бір метрлік айып соққысынан кейін есеп айырмасын қысқартты. Құрлық жеңімпазын анықтаған шешуші ойында, 2:1 деген шағын есеп айырмасына қарамастан, немістерде айтарлықтай проблемалар болған жоқ. Бұдан да көп гол соғатын мүмкіндіктері болды, әйткенмен олардың екеуін ғана нәтижелі қыла алды.

Лотар Маттеуспен қатар ГФР құрама командасында Еуропа біріншілігі жылында Карл-Хайнц Руммениге, керемет қақпашы Харальд Шумахер, тамаша тактик Бернд Шустер, дарынды қорғаушы Ханс-Петер Бригель көзге ерекше түсті.

Бельгия құрамасында да кейіннен әлемдік футболда даңқтары өрлеген қақпашы Жан-Мари Пфафф, шабуылшы Рене Кулеманс, қорғаушы Эрик Геретс сияқты жұлдыздар жарқырады.

Үшінші орын үшін болған Чехословакия мен Италия арасындағы ойынның негізгі һәм қосымша уақыттары тең есеппен аяқталды. Он сегіз рет соғылған он бір метрлік айып соққысы сериясында 9.8 есебімен чехословак футболшылары жеңіске қол жеткізді. Итальяндық ойыншы Фулвио Колловати ғана чехословак қақпашысы Нетоличкадан айласын асыра алмады.

Әрине, итальяндық құрамадан оның жанкүйерлері Еуропа жеңімпазы титулын жеңгенін күткен-ді. Көрерменден мен БАҚ өкілдері оның жаттықтырушысы Энцо Беарзотқа құрама сапына жас ойыншыларды кіргізуді өтінгені де жасырын болған жоқ. Беарзот осынау өтініштерді сырттай қабылдағанымен, жауапты кездесулерге тәжірибелі һәм жаттықтырушының тапсырған міндеттерін мүлтіксіз орындауға дайын тексерілген футболшыларды негізгі құрамда шығарды. Нәтижесінде, не болғанын жоғарыда айтқанбыз. Бұл – футбол.

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 657 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: