16:02
Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы

1968 ЖЫЛ ...

Кәрі құрлықтың үшінші біріншілігінің ақтық жарыстары 5-10 маусым аралығында Италияның Рим, Неаполь һәм Флоренция қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы төрт құрама команда қатысты. Жартылай финал, финал жүйесімен түзілді. Итальян алаңдарында өткізілген төрт кездесуді 260936 жанкүйер тамашалады. Жиыны 7 доп қақпа торында тулады.

1968 жылғы Еуропа біріншілігі Кәрі Құрлыққа «Скуадра адзурра» деп аталатын жаңа жеңімпазды сыйға тартты.

КСРО құрамасы ақтық жарысқа жолдама алған төрттік қатарына Венгрия құрамасымен ширек финалда өткізген екі керемет кездесу нәтижесінде қосылды. Будапештте болған алғашқы ойында 0:2 есебімен ұтылған кеңестік футболшылар Мәскеудегі «Лужники» стадионында болған қарымта кездесуде 3:0 есебімен толығымен есесін қайтарды. Тәжірибелі мамандардың пікірінше, бұған дейін һәм бұдан кейін КСРО құрамасы осынау деңгейдегі ойын көрсеткен жоқ. Өкінішке орай, 5 маусымға дейін кеңестік құрама қатары мықты ойыншыларсыз сиреп қалды. Команда ішіндегі кикілжін-жанжал салдарынан Эдуард Стрельцов пен Йожеф Сабо кетіп тынды. Одан кейіндеу команда ішіндегі спорттық режимді бұзғаны үшін жұлдызды ойыншы Валерий воронин қуылды. Ал біріншілік жолындағы Чехословакия құрамасымен өткен іріктеу ойындарында Виктор Аничкин, Муртаз Хурцилава, Игорь Численко сынды ойыншылар жарақаттанды. Осы сынды жоғалтулар КСРО құрамасын айтарлықтай әлсіретіп тастады. Неапольде өтетін итальяндықтармен ойынға бастапқыдан өзгеше команда жасыл алаңға шықты.

Сонау 1968 жылы екеуара тең түскен ойында кездесуді анықтау үшін 11 метрлік айып добын соғу сериясы болмаған еді. Сондықтан бұл тығырықтан шығудың оңай жолы таңдалды.

120 минут бойы бір-бірінің қақпасына доп дарыта алмаған қос құраманың діңкесі әбден бітті. Ойынның тағдырын кәдімгі монетаның «орел-решкасы» шешті. Трибуна астындағы орынға құрамалар капитандары Шестернев пен Факетти, ойын төрешілері өтіп кетті. Алғашқы жеребе КСРО капитаны Альберт Шестернев үшін сәтті сабақталды: ол бірінші болып жеребе тартуға мүмкіндік алды. Тартуға ұсынылған үш монетаның түрліше елдің монетаның ішінен француздық үлгі қаланды. Нәтижесінде, кеңестік капитан жасаған таңдау КСРО құрамасын ақтық ойыннан сырт қалдырды да, Италия құрамасын ақтық ойынға өткізіп жіберді.

Ал Флоренцияда болған екінші жартылай финалда Англия һәм Югославия құрамалары кездесті. Екінші таймға дейін бұл ойында да есеп ашылмаған тең нәтиже болып жатты. Жиырма екі жасар югослав шабуылшысы Драган Джаич бірнеше каскадты финт жасап, үш ағылшын ойыншысын шаң қаптырып, алдынан тау мүсінді Мур шыққанына қарамастан, оны да қапы қалдырып, жеңіс голын соқты.

Римде өткен ақтық ойынның көзе түскен тұлға қара киім киген швейцар төрешісі Готфрид Динст болды. Өзінің қылықтарымен алаң иелерінің он екінші ойыншысына айналып шыға келді. Айталық, осы Динстсіз итальяндықтардың күл-паршасы шығатын еді. Бірінші таймда югославтың Добривое Тривичті айып алаңында жыққан Джорджо Ферриниді жазаламай, айқын он бір метрлік айып соққысын бермеді. Бұған дейін Югославия құрамасы 1:0 есебімен жеңіп жатқан еді. Ал екінші таймның соңында Джаичтің керемет дриблингісі арқасында соғылған таза голын санамай қойды. Сәлден соң югославтықтар өздерінің айып алаңына жақын тұста ойын тәртібін бұзды. Олар «қабырға» тұрғызып болмай жатып, төрешінің рұқсат сықырығын күтпестен, итальяндық Анжело Домениги соққы жасап, абдырап қалған югославтықтар қақпасына гол соқты. Қосымша уақытта жеңімпаз анықталмады. Регламент бойынша екінші кездесу ойналатын болды.

Ақтық кездесудің екінші шайқасына төрелік жасаған испандық Ортис де Мендебил де қателікке бой алдырды. Югославтықтар қақпасына бірінші голды соққан Рива оны айқын оффсайдтан қақпаға өткізді. Соған қарамастан төреші оны итальяндықтар пайдасына шешіп жіберді. Есесіне Италия құрамасы бұл ойынға бес тың ойыншыны алаңға шығарды. Әсіресе Сандро Маццола мен Луиджи Рива сынды жұлдыздар жарқырады. Ал югославтықтар сол құраммен шықты. Маццола мен Рива шабуылды үдетті. Өзінің сол аяғымен Рива командаласы Доменингидің пасынан соң, ойыннан тыс қалғанына қарамастан, алғашқы голды соққанын жоғарыда айттық. Сол Доменигидің тағы бір пасынан Пьетро Анастази екінші голды соғып, 2:0 есебімен Италия құрамасына жеңіс сыйлады. Осылайша, Кәрі Құрлықта Италия – «Скуадра адзурра» жаңа жеңімпаз атанды.  

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 639 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: