15:55 Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы | |
1960 ЖЫЛ ... Кәрі құрлықтың тұңғыш біріншілігінің ақтық жарыстары 6-10 шілде аралығында Францияның Марсель һәм Париж қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы төрт құрама команда қатысты. Жартылай финал, финал жүйесімен түзілді. Француз алаңдарында өткізілген төрт кездесуді 78958 жанкүйер тамашалады. Жиыны 17 доп қақпа торында тулады. Ал бұған дейін... Еуропаның алғашқы біріншілігі (құрлық Кубогі) 1958-1960 ж.ж. өткізілді. Бірінші жарысқа он жеті құрама қатысты. Түрліше себертермен Англия, ГФР, Италия сынды, қазіргі таңда құрлықтық футболдың алпауыттары, құрамалар қатыспады. Еуропа Кубогінің алғашқы кездесуі Мәскеуде КСРО һәм Венгрия құрамалары арасында өтті. Тарихтағы тұңғыш голды кездесудің төртінші минутында кеңестік Анатолий Ильин соқты. Кубоктік жүйе ойлап табылды. Жеребе бойынша таңдалған он бес құрама командаға ирландықтармен алдын-ала кездесу өткізуге мәжбүр болған Чехословакия құрамасы қосылды. 1/8 финалда ешқандай проблема туындаған жоқ: кездесулер дәстүрлі түрде өз алаңында және қонақта өткізілді. Ал ширек финалда ұйымдастырушылар саясаттың ықпалынан тығырыққа тірелді. 1959 жылдың аяғына дейін КСРО мен Испания футбол федерациялары өзара кездесулерді 1960 жылдың 29 мамырында Мәскеуде, 9 маусымда Мадридте өткізуге уағдаласты. Диктаторлық режиммен испан халқын жеке-дара билеп төстеген Франко құрама команданың жаттықтырушыларынан КСРО-ны жеңу кепілдігін талап етті. Дегенмен 25 мамырда УЕФА Испания құрамасының Мәскеудегі кездесуге бармайтынын хабарлады. Эррера жаттықтырып жүрген испан футболшылары соңына дейін бір ғажапқа сенді. Әуежайда ұшу уақытын күткен кезде, испан футбол федерациясының президенті Альфонсо де-ла-Фуэнте Франконың қабылдауында еді. Е керек, «жоқ» деген жауап бар үмітті күл-талқан етті. Фашистік бағытты әуелден ұстануға бейім Франконың осындай келеңсіз әрекетіне КСРО наразылық танытты. 1960 жылғы мамыр айының соңында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Еуропа Кубогін Ұйымдастыру комиссиясының кезектен тыс отырысында КСРО-мен болатын кездесуді болдырмағаны үшін Испания құрама командасын жарыстар жолынан мүлдем шығарып тастау туралы қатаң үкім шығарылды. Испандықтармен кездеспеген КСРО құрамасы жартылай финалға тікесінен тура түсіп, Марсельде Чехословакия құрамасымен кездесті. Жоғары ырғақты ойын әдісін ұстанған кеңестік футболшылардың тегеурініне чехословак футболшылары төтеп бере алмады. Бұл, әсіресе, екінші таймда айқындалды да. Иванов және Понедельник бір-бір гол соқты. Жеңіске деген нық сенімді кеңестік қақпаға белгіленген он бір метрлік айып добы да мұқалта алмады. Оның өзі іске аспады – соғылған доп атақты Яшиннің қақпасынан қиыс кетті. Бір уақытта болып жатқан екінші жартылай финалда біріншілік иелері – француздықтар ойынның алпыс екінші минутына дейін югославиялық футболшыларды 4:2 есебімен жеңіп жатты. Бірақ кейіндеу қонақтар кездесудің векторын 360 градусқа өзгертіп жіберді. Жігерлілік арқасында алдымен есепті теңестірді. Ал ойынның шымылдығы түрілер шақта жеңіс голын соғып, 5:4 есебімен Франция құрамасын жеңіп, ақтық кездесуге жолдама алды. Ақтық ойын 1960 жылғы 10 шілдесінде Париждің «Парк де Пренс» стадионында өткізілді. Бірінші таймның соңында югославтық футболшы Милан Галич, ал екінші таймның басында кеңестік ойыншы Слава Метревели өзара бір-бір гол соққаннан кейін, құлықтың мықтысын анықтау үшін қосымша уақыт керек болды. Өзара бірнеше ұтымды сәттерді пайдалана алмаған қос құрама қатты қиналды. Бара-бара таразы басы кеңестік футболшыларға қарай ойыса бастады. 113-минутта кеңестік футболшы Виктор Понедельник командаласы Михаил Месхидің қапталдан жұмсаған пасын ұтымды пайдаланып, жеңіс голын Югославия құрама командасының қақпасында тулатты. Осылайша КСРО құрамасы футболдан құрама командалар арасындағы алғашқы Еуропа біріншілігінің тұңғыш жеңімпазы болып асқарлана асқақтады. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |