16:30 Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы | |
КҮМІС АМФОРАНЫҢ ОДИССЕЯСЫ 1904 жылы ФИФА-ның құрылуына негізгі ұйытқы болған, футбол интернационализмінің дамуына іргетас саналған, әлемге осынау спорт түрінің қалыптасу жолында тартысты жарыстарды ұйымдастыруда бірталай керемет ойлар мен тамаша ойыншылар һәм функционерлерді ұсынған кәрі құрлық Еуропада 1954 жылға дейін өз алдына құрлықтық конфедерациясы, 1958 жылға дейін ұлттық құрама командалар арасындағ аймақтық жарыстары болған емес дегенге сену қиын. Десе де 1916 жылдан Оңтүстік Америка біріншіліктері, 1956 жылдан бастап Азия біріншіліктері, 1957 жылдан бастап Африка біріншіліктері үзбей өткізіліп келді. Тағдыр таразысы солай болған шығар, еуропалықтар алдымен әлемдік футбол мәселелерін шешті де, артынша құрлықтық сұрақтардың жауабын табуға кірісті. Еуропалық ұлттық құрамалар үшін өз алдына жарыс өткізу идеясын сонау 1927 жылы француз футбол федерациясының бұрынғы Бас хатшысы Анри Делоне ФИФА-ның кеңестемесінде ұсынған еді, ол онда өзінің досы һәм әріптесі Жюль Римемен етене жұмыс істеп жүрген. Дегенмен ұсыныс еш қолдау таппады, себебі жаһандық біріншіліктерді және олимпиада ойындарын өткізу мәселелері кәсіптік тұрғыдан әлдеқайда басымдылық танытты. Осынау ойды құптамаудың басты себебі басқада еді: Еуропада ааталмыш деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға һәм бақылауға қауқарлы аймақтық конфедерация болған жоқ. Оның үстіне «әлемдік біріншіліктер әкесі» атанған Риме Делоненің ұсынысынан өзінің баласындай болып кеткен ФИФА-ға төнетін кілтипанды бірден аңғарып қалды, өйткені ФИФА-ның басым бөлігін Еуропа құрлығы құраған еді. Оның бытырап кетуінен қауіптенді. Дегенмен «сэр Генридің» идеясы өз жақтастарын тапты ақыры. Солардың ең белсендісі болып итальяндық Отторино Барасси еді. Ол ол кезде Италия футбол федерациясының бас хатшысы, кейіннен президенті болды. Екінші дүниежүзілік соғыс алапаты кезінде «Алтын Құдай-Ана» статуэткасын кереует астындағы тесік етікте сақтап, ерсілі-қарсылы жүрген неміс һәм итальян фашистеріне бермеген атақты Барасси ғой бұл. Дегенмен белсенділер қол қусырып отырмады. Еуропалық футбол ассоциациялардың ортақтасуына алғашқы қадам 1952 жылғы 27 мамырда Цюрих қаласында ұзақ һәм нақтылай хабарлама алысқан А.Делоне, О.барасси және Бельгия корольдігінің футбол одағының бас хатшысы Жозе Краай үштігінің кездесуінде жасалды. Бесінші Әлем біріншілігінің қарсаңында 1954 жылдың 15 маусымында Базель қаласында өткен тарихи конференцияға О.Барасси төрағалық етті. Оның жұмысына жиырма бес еуропалық елдің өкілдері қатысты. Конференция Еуропалық футбол ассоциациялардың кеңесін (УЕФА) құру туралы шешім қабылдады һәм оның бірінші атқарушы комитетінің құрамын сайлады. Оның құрамына Иозеф Герё (Аустрия), Джордж Грэм (Шотландия), Анри Делоне (Франция), Жозе Краай (Бельгия), Эббе Шварц (Дания), Густав Шебеш (Венгрия) кірді. Бір аптадан соң аталмыш алтылық Берн қаласында өткен оытырста УЕФА-ның бірінші президентін де сайлады. Ол орынтаққа Дания футбол кеңесінің төрағасы Э.Шварц отырды. И.Герё вице-президент, ал А.Делоне бас хатшы болып тағайындалды. 1954 жылғы қазан айының соңында Копенгаген қаласында жиналған атқарушы комитет А.Делонеге, Ж.Краайға, Д.Грэмге келер жыллдың наурыз айының басына дейін ұлттық құрама командалардың қатысуымен өтетін тұңғыш құрлықтық біріншілікті ұйымдастыру һәм өткізудің ережесін дайындауды міндеттеді. Негізінен еуропалық біріншілікті өткізудің үш нұсқасы қарастырылды: 1) ойындар топтарда өтеді, ал жарыстың өзі келесі әлем біріншілігіне іріктеу болып табылсын; 2) жарыстар әлем біріншіліктері арасында Олимпиада ойындары болатын жылы кубоктік жүйемен өткізілсін («О.Барасси жобасы»); 3) біріншілік лигалық қағидат бойынша ұйымдастырылады һәм бүкіл маусым бойы өткізілсін. Веналық конгрессте таңдау жасау керек болды. 1955 жылдың наурызында Венада өткен УЕФА-ның бірінші конгресінде қызу талқыға салынған пікірталастың нәтижесінде атқарушы комитетке еуропалық бірігілікті жаңа жобасы қайыра дайындау тапсырылды. 1956 жылдың маусым айында Лиссабон қаласында өткен УЕФА конгресінде тек қана комиссияның жаңа құрамы бекітілді де, ол өз кезегінде жаңа жобаны дайындауға кірісті. Аталмыш комиссия жарыстарды өткізудің кубоктік нұсқасына тоқталды. Сондағысы: 1958 жылдың тамызынан бастап 1959 жылдың наурызы аралығында квалификациялық кездесулер өткізу; 1959 жылдың сәуір қазан аралығында 1/8 финал; 1959 жылдың қарашасынан бастап 1960 жылдың мамырына дейін ширек финал; ал суырылып шыққан төрт үздік құрама команда арасындағы ақтық жарыстар 1960 жылдың 15 маусым мен 15 шілде аралығында бір елде өткізілсін. Комиссия өз жұмысын 1957 жылғы ақпанда тәмамдады, ал сол жылдың 27 наурызында Кёльн қаласында өткен УЕФА атқару комитетінің кезекті отырысында «Еуропа ұлттарының Кубогі» атты жоба талқыланды. Бұл құжат Э.Шварцқа ұнады. Конгрестің кезекті отырысын күтпей-ақ ол УЕФА-ның алғашқы ресми бюллетенінде оны жариялады. Соған қарамастан УЕФА президентінің күткеніне кереғар 1957 жылдың 28 маусымында Копенгагенде өткен конгресте қызу талқыға салынды. Жиырма жеті делегаттың тек қана он бесінен ғана қолдау тапты. Қарсылық білдіргендердің негізгі уәжі ойыншылардың өз елдерінің біріншіліктерінде көп күш-қуат жұмсайтынына сайды. Ал ең бастысы – олар аталмыш жарыстардың жанкүйерлер арасында танымал болатынына сенбеді. Соған қарамастан қызу пікірталастардан соң осынау жоба бекітілді ақыры. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |