12:55 Ер атағын ел сақтар | |
ЖАБАҒЫЛЫДАҒЫ ӘЙТЕЙ БАТЫР БАБА АСЫНДА Бірлігі нық ел жақсылары бірін-бірі батыр дейді әлбетте. Ел аузында «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» делініп кеткен мазмұн-мағынасы мәнді қанатты сөз тағы бар. Ал әңгіме аясы білектің күшімен һәм найзаның ұшымен жер үшін, ел үшін арпылыса шайқасқан Әйтей батыр жайын төңіректесе, онда құдіреті күшті «Батыр», «Ер» деген ұғымдар баһадүрлене түседі. Аққулы мекен Лебяжі ауданы үшін әйгілі Әйтей батыр баба есімі осыдан бірнеше жыл бұрын етене жақын, құшаққа ыстық болып кетті. Себебі Жамбыл ауылдық округіне қарасты білдей бір бөлімшеге осынау батырдың есімі берілді. Ал күні кеше Шарбақты ауылдық округіне қарасты Жабағылы елді мекенінде Әйтей батыр бабаға ұрпақтары һәм тілеулес халық қазақы үлкен ас берді. Деректерге көз жүгіртсек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Артықбаев: «Батыр жөнінде деректер ұшырасады. Әйтей XVII ғасырда ғұмыр кешкен тұлға болуы керек. Руы – Арғын ішінде Бәсентиін, тіпті шежіреде Әйтей-Бәсентиін деген аты да сақталған. Осы жерде революцияға дейінгі уақытта қоныстары болған. Бұған дәлел мұрағат материалдары да бар... Қазақ-қалмақ соғыстарында аты шыққан, ержүрек батыр,» - десе, өлкетанушы-шежіреші Т.Шакарманов өз кезегінде мынадай құнды мәліметтерді ұсынады: «Әйтей – Тәуке ханның бас батырларының бірі. Әйтей батыр XVII ғасырдың орта шенінде Ырғыз өзенінің бойында қазіргі Қостанай облысының Наурызым ауданының аумағында туыпты. Ат жалын тартып мінген шағынан сан рет қалмақтарға қарсы жорықтарда қол бастап, өліспей жан беріспейтін қиян-кескі шайқастарда көзсіз ерлігімен соғыс өнерінің айла-тәсілін жетік білетіндігімен оқшауланан тұлға. Оның батылдығы мен батырлығы ел аузында аңызға айналып, міне, сан ғасыр бойы ұрпақтан ұрпаққа тарап келеді». Зерделесек, Бәсентиін Әйтей батырдың аққулы мекенімізде болған қоныстарының өлкетану жағынан пәрменді тарихи-қоғамдық, өлкетану-танымдық маңызы бар. Қарағайдың жұпар иісі аңқыған Жабағылы ауылының іргесінде тігілген киіз үйлер, олардан сәл шеткерірек арнайы дайындалған қазақша күрес шаршы алаңы, одан әрірек құрастырылған бәйгеге арналған жасанды ипподром әйгілі батыр рухына арналған үлкен астың жүзеге асатынының белгілері болып көзге жылы ұшырап сала берді. Жиналған халық пен ағылған көлікте сан болмады. Аталмыш шараның кіріспе бөлімінде арнайы тұрғызылған сахна төрінде сонау бір қазақ-қалмақ соғысы кезінде ерлігімен көзге түскен Бәсентиін Әйтей батыр жайында қысқа да нұсқа сахналандырылған көріністі Аққудағы Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары нақышына келтіре қойып, үлкен астың тақырыптық шымылдығын ашты. Сахнаға шақырылған Лебяжі ауданы әкімі А.Құрманова өз сөзінде Әйтей батырдың ерекше тұлғасын қазақ батырлары бойында табылатын құнды қасиеттермен әспеттеп, бабаның рухына тағзым етіп, алыс-жақын жерлерден ат терлетіп түгел жиналған һәм осынау шараны бір адамдай ұйымдастырып отырған қадірменді қауымға, әсіресе Әйтей батырдың ұрпақтарына, жүрекжарды ризашылығын білдірді. А.Құрманова, Лебяжі ауданы әкімі: Атақ-даңққа бөленген би, батырларға сауын айтып, ас беріп, ат шаптыру – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан салты. Кеше ғана Кереку төрінде Баян батырға ескерткіш қойса, ал бүгін Әйтей батыр туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі жүзеге асып жатыр. Бұл – үлкен ізгі іс. Барлығымызға құтты болсын! Әйтей батырдай еліміздің патриоттары, тәуелсіз еліміздің нағыз азаматтары көп болсын! Ғалым, өлкетанушы Д.Аяшинов өз кезегінде назар қойып отырған жиналған қауымға Бәсентиін Әйтей батыр һәм одан тараған шежіреден сыр шертіп, сахна келбетінде көрнекілік түрде ұсынылған кешенді шежірені нақты есімдер арқылы сөйлетумен қатар құнды тарихи мәліметтерге де жол тартты. Шоқтал ауылынан келген жергілікті өлкетанушы-шежіреші Т.Шакарманов та өзі жинап, таратып отырған бағалы шежіренің өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік-тағылымдық маңызын екшеп, осынау үрім-бұтақтық сабақтастықты жинақтауда кездескен қиыншылық-кедергілерді енсеруде сүбелі үлес қосқан Бәсентиін Әйтей батыр баба ұрпақтарына деген алғысын жеткізіп, жүзеге асқан үлкен жұмысқа деген қуанышын жасырмады. Т.Шакарманов, жергілікті өлкетанушы-шежіреші: Негізгі мақсатымыз – жеті атаға дейін білу ата-баба дәстүрін нақты түрде қалыптастыру. Туған елдің табиғатын, тарихын, тегін, жеті атасын білу қажет. Мына шежіреде Бәсентиіннен, оның ішінде Әйтей батырдан тараған ұрпақтарды айқындап жазуды мықтап қолға алдым. Енді, міне, жетпей тұрған олқылық орнын толтырғандаймын. Өскелең ұрпақ біле түседі деген ойдамын. Ән-биге толы сазды бағдарлама барысында сонау Петропавл жақтан арнайы келген мейман Амангелді Хамзаұлы кезінде өзі аунап-қунап өскен Жабағылы ауылы тұрғындарына, осынау қазақы астың өтуіне ұйытқы болған Әйтей батыр баба ұрпақтарына деген адами тілегін өз жүрегінен шыққан ұйқасты өлең арнауымен білдіруді жөн көрді. Үлкен астың ресми бөлімінде жергілікті өлкетанушы-шежірешілер С.Қарқынбаев пен Т.Шакарманов ел аузынан жинап құрастырған «Бәсентиін Әйтей батыр шежіресі» атты кітапшаның тұсауы кесілді. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші ауылдағы белді де беделді әрі көпті көрген Жоламан ақсақал қадірменді қауымға өз батасын берді. Қашанда қонағын құдайындай сыйлайтын жабағылылықтар сахна төрінде Әйтей батыр һәм оның ұрпақтары туралы сыр тарқатып, әңгіме өрбіткен қадірменді тұлғаларға құрмет көрсетіп, әрбірінің иығына қазақы шапан жапты. Концерттік бағдарламада облыстық, аудандық байқауларда көңілді жаулап, көздің жауын алар өрнекті өнерімен тамсандырып жүрген Аққу Мәдениет үйінің «Нұрдана» би ансамбілінің тал шыбықтай мың бұралған билері, әрі айтыскер, әрі әнші, талабы ерен Есім Бейбітханның домбырамен шырқаған «Ауылым» әні, Ардақ Хамзиннің орындауындағы «Қара бала» әні, тамаша жұп құрап, күміс көмей дауысты Гұлнұр мен Алтынайдың орындауындағы «Әридай-ай», «Ақжайнақ» халық әндері тыңдармандардың шексіз ықыласына бөленіп, аталмыш шараны әрлей түсті. С.Кәрім, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі: Әйтей батыр інісі Есенгелдінің ұлы Зомбы батырды жастайынан батырлыққа баулып, мықтап тәрбиелеп өсіріпті. Кейіннен өзіне қымбат найзасын сыйлап, ақ батасын беріп, бөлек шығарған екен. Батырдың берген батасы, өнегесі еш кетпей, Зомбы елін, жерін қорғаған, есімі дүйім жұртқа тараған батыр атаныпты. Зомбы батырдың Абылай ханмен сыйластығы жарасымды болса керек, батыр дүниеден өткенде жүз жігіт жіберіп, мәйітін алғызып, Түркістанға арулап жерлеген екен. Үлкен сахнадан әйгілі Әйтей батыр бабаның рухына Құран-Кәрімнен арнайы дұға түсірілді. Құнды қасиетке толы аталы бата берілді. Түндігі түрілген киіз үйлерде ұйымдастырылған үлкен ас кезінде осынау шараны ұйымдастыру мен өткізуге сүбелі үлес қосқан ел ағаларына, батырдың ұрпақтарына жол үлестірілді. Үлкен ас болғаннан соң қазақша күрессіз тағы болмайды. Шаршы алаңда не бел, не белбеу кеткенше күрескен палуандар белгілі салмақ бойынша не абсолютті жеңімпазды анықтауда бар күш-жігерін салып бақса, кейіннен жасанды ипподромда әр түрлі қашықтыққа тұлпарлар бәйгесі атойлады. Осынау қызыққа Лебяжі ауданынан басқа, Ақтоғай, Шарбақты аудандарынан, іргеде орын тепкен Шығыс Қазақстан облысына қарасты елді мекендерден де ағылған меймандарда есеп болған жоқ. Асылында, күні кеше ғана Павлодар төрінде ескерткіші ашылған Баян батырды паш еткен ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Арқаның селі, желі, шөлі, белі ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас,» - дегені әйгілі Әйтей батыр баба рухына да дөп келеді екен. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Жабағылы ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |