14:53 Еленген еңбек - еселенген береке | |
«САРЫАРҚА САМАЛЫНЫҢ» ІЛТИПАТТЫ НАЗАРЫ
Сексеннен әлдеқашан асып кеткен қазақ тілінің шын ажнашыры һәм аймағымыздың айнасы «Сарыарқа самалы» газетінің ынтымақты редакциялық ұжымы жуырда аудан орталығы Аққудағы Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебіндегі мәжіліс залында Павлодар облысының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында шығармашылық кеш ұйымдастырды. Аудан әкімі Құрманова А.А. және аудандық мекеме-бөлімдердің басшы-жетекшілері қатысқан осынау шара барысында бас редактор Әбіш А.Ә. бастаған редакция ұжымы қызық пен тамашаға толы шоу өткізді десек артық айтқандық болмас. Танымал тілшілер Жарқынбек Амантай және Данияр Жұмаділов әзіл-қалжыны үйлескен әрі ойнақы үлгідегі жүргізушілік қабілеттері көрермендер көңілінен шықты. Аудан әкімі Айзада Амангелдіқызы өз алғыс сөзінде аймақтық газет редакциясына деген шексіз риазлығын білдіріп, бағалы сыйлығын да табыс етті. Ал бас редактор Асыл Әлімжанұлы өз кезегінде Лебяжі ауданы оқырмандарына риясыз ілтипатын жүрекжарды тілегімен білдіріп қана қоймай, қазақтың қара домбырасымен тамаша ән де шырқап берді. Қуанышқа толы кеште бірнеше лебяжілік оқырмандар редкацияның Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен салтанатты түрде марапатталды. Олардың ішінде газеттің «Айналайын» балаларға арналған қосымшасында көзге түскен Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің 4 сынып оқушысы Халел Азат пен оның анасы әрі ұстаз Елеусізова Н.М. бар. Ал тұрақты автор саналатын Ибраһим Б.К. бас редактордың ілтипаты мен тілегі ерекше болды. Сонымен бірге Бесқарағай ауылының ардагер ұстады Ақатаев Д.А. тұрақты оқырман ретінде Алғыс хат пен бір жылға тегін жазылу түбіртегі табысталды. Сонымен бірге ауданымызға қарасты басқа ауылдардың оқушылары, оқырмандары редакция тарапынан еленді. Жазылу науқаны болып жатқан кез болғандықтан редакция сол мәжіліс залында газетке жазылуды ұйымдастырып жіберді. Бір жақсысы, сүйікті редакциямыздың биылғы келісі өткен жылдардағы сапараларынан әлдеқайда өзгеше сипатқа ие болды. Ерекшелігі сол – ән-сазды тарту, келісті әзіл-қалжын, үйлесімді сыйластық һәм қарапайым адамгершілік. Тәжірибелі тілшілер Сая Молдайып, Ақмарал Есімханова мен Нұрбол Жайықбаевтың жатқа оқыған өлеңдері сезім-жүректі тербесе, Фархат Әміренің сықақты өлеңі көрермендер жүзінде күлкі ойнатты. Сонымен бірге шырқалған әндер, қобыз бен домбырамен орындалған күйлер жан-сананы толқытты. Асылында, аймағымыздың айнасы болып табылатын «Сарыарқа самалы» газеті артық рет өзінің ұлттық-елдік бірегейлігін дәлелдеді. Оқырмандары да күннен-күнге артып келеді. Жаһандық ғаламтордағы веб-нұсқасы да өз тұрақты оқырман-пайдаланушыларын еселеуде. Оқырмандар қолына сағынышпен жететін газеттің мазмұндық сапасы да замана тұрғысынан көңілден шығуда. Өз ісіне шынайы жанашырлықпен һәм асқан іскерлікпен қарайтын жас тілшілермен толайымдалған тілшілер қосыны да сәт сайын сапалануда. Осындай сәтті пайдалана отырып, тұрақты авторлардың бірі ретінде сүйікті газетімнің редакциясына зор денсаулық, қажымас қайрат, мол бақыт тілеймін.
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ЖОББМ директорының оқу істері бойынша орынбасары
Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
| |
|
Всего комментариев: 1 | ||
| ||