11:42 Елбасы Жолдауын елдің қолдауы | |
САЛИҚАЛЫ ОҢТАЙЛАНДЫРУ Ақиқатында, көкірегі ояу һәм санасы сау әрбір қазақстандық азамат Ұлт көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауын үмітпенен асыға күтеді. «Төртінші өндірістік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деген тақырыпты арқалаған биылғы Жолдау елімізге дамудың жаңа он міндетін қойғаны барлығымызға белгілі. Мемлекеттің тыныс-тіршілігіне, қам-қарекетіне ерекше леп қосатын, дем беретін маңызды құжат ретінде қабылданатын деңгейге жеткен Елбасының осынау Жолдауының мән-маңызы орасан зор. Ол өз кезегінде тәуелсіз мемлекетіміздің әрі қарай дамуы жолының бүгіні һәм баянды болашағын айқындайды, көз ілеспес шапшаңдықпен өзгеріп жатқан әлемнің бет алысынан, қарқынынан туындайтын еліміз үшін аса қажетті міндеттерге назар аударады. Білек сыбана жасайтын жұмыстарға анық һәм нақты бағдар береді. Игі дәстүр даңғылымен Президент өз Жолдауында дәуір тынысын дәл бағамдаған тұжырымын халыққа ұсынып, әрбір қазақстандықтың алдында тұрған келелі мәселелерге, дәуір құбылысына жіті назар аудартты. Елбасы өз Жолдауында: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде», - дейді. Асылында, Төртінші өнеркәсіптік революция жаһандық дамудың орасан екпіні арқылы экономиканың салалық құрылымына, азаматтық қоғам құндылықтарына, жұрттың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне түбегейлі өзгерістердің болуын талап етіп тұрғаны тайға таңба басқандай. Сондықтан да болар ел-жұртымыз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратындай» бірлікпен, татулық тірлік-әрекеттермен заманға сай қарекеттер жасауы қажет екені сөзсіз. Ұлт көшбасшысы өз Жолдауында алпауыт мемлекеттер арасында орын алып отырған геосаяси шиенелістен туындаған қайшылықтар һәм түйіткілдерге қарамастан, Қазақстан өзінің бейбітсүйгіштік ұстыны мен еларалық ұстанымы арқылы еліміз бүгінгі әлемде өзіне лайықты орын алғанын айрықша атап айтты. «Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық», - деді ел Президенті. Демек, бейбітшілік бастамалардың брендіне айналған Қазақстан бұл құрметке қажырлы қарекеттер, тынымсыз еңбек һәм ізденістер, жұдырықтай жұмылған жұрттың бірлігі арқылы қол жеткізді. Абзалында, бүгінгі күні үштілді білім беру – заман талабы. Көп тіл білу – біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы. Президентіміз Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде... 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады», - деп атап көрсетті. Осынау міндеттен білім беру орындарында жаңа міндет, жаңа талап, жаңа мақсаттар туындайды. Сонымен қатар білім беруде, қазақстандық білімді дамытуда алға қояр басты мақсаттар да нақтылай атап көрсетілді. Сайып келгенде, биылғы Жолдаудың негізінде айтылған міндеттерді атқару үшін халықтың, елдің құмырсқаның илеуіндей бірлік һәм тірлік керек. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ №22 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Павлодар қаласы | |
|
Всего комментариев: 0 | |