13:27
Ел тілеуі

ТАСАТТЫҚ һәм ҚҰРМАЛДЫҚ

Жаз келісімен жерге жауын-шашын мөлшері тіпті түспей қойды. Аптап ыстық тұрып, көгере бастаған жердің әрі жүдеу тарта бастады. Там-тамшылаған жаңбырдың нәрін тіледі қасиетті жер.

24 мамырда Бесқарағай ауылының күншығыс жағындағы қабірстан іргесіндегі алаңқайда бесқарағайлықтар құрмалдық шалып, ертеден келе жатқан тасаттық әдет-ғұрпын жасады.

Күннің ыстығына қарамастан түс мезгілінде мейілінше жинала бастаған ауыл тұрғындары бірі көлікпен, бірі жаяу жылы жүз таныта тілеулі шараға білек сыбана кірісті. Сол маңда құрмалдық шалынды, қазан-қазан ет асылды, он екі табақ бесбармақ тартылды. Ауыл имамы Оспанов Жамбыл ақсақал арнайы құран-дұға оқып, Аллаһ тағаланың құдіретті әмірімен һәм аруақтардың қасиетті қолдауымен аспаннан жаңбыр-жауынның тамуын тіледі. Бір ғажабы, сол мезетте алыстан төнген қара бұлт айналып келіп, дауылдата-желдете аз да болса нөсерлетті келіп. Ел тілеуі қабыл болды деп осыны айтады-ау шамасы.

Ал келесі күнге қараған түнде және таңертеңгі шақта кәдуілгідей ақ жаңбыр жауып, жерді сусындатты, көк желекке нәр берді, айнала бір бусанып әрленді. Әсілі, ел тілеуі барынша қабыл болды да.
Просмотров: 889 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: