21:20 Әдістеме әлемінде | |
«МИФ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ» һәм БАСҚА ДА ТАНЫМ-САУАТ Әлқисса, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде әдістемелік
бірлестіктердің аптылығы өткізілді жуырда. Оқушыларымен бірігіп өткізген пәндік
шараларды нағыз кәсіпқойлықпен жүзеге асырды бесқарағайлық пән мұғалімдері. Ең сәтті шыққан сабақтан тыс шаралардың ішінде математика, информатика,
физика пәндерін үштағандана біріктірген «МИФ әлеміне саяхаты» көзге бірден
түсті. Оның жүзеге асуына мұрындық болған тәжірибелі математика-физика мұғалімі
Ш.Берден, физикадан жас маман Г.Қ.Абылғазинова һәм информатика мұғалімі
А.Е.Оспанов асқан ұйымшылдық танытты. 8-9-10 сыныптар оқушыларынан ең деген кіл
мықты оқушыларды өзара «МИФ» және «Gold Pascal» топтарға бөліп, кезеңдік
білім-таным тартысына түсірді. Мультимедиялық дәрісханадағы интербелсенді
тақтаның мүмкіндіктерін мейілінше пайдаланған оқушылар бар жиған-терген
білімдерін ортаға салды. Бір-біріне қызықты да мазмұнды тапсырмаларды жайып
салды. Қисыны қиын есептерді ұжымдаса шығарды. Топ басшылары өзара бітіспес жарысқа
тсүті. Дегенмен мифтіктердің ұпай қоры қарсыластарынан басым болды. Аталмыш
шарада белсенділік танытқан 10 сынып оқушылары Батырханова Анельді, Садуақасова
Айнұрды, Жоламанова Нұргүлді, 9 сынып оқушылары Шаймұрат Айбарысты, Оспан Қызғалдақты
ерекше атап өткеніміз абзал. Әдістемелік апталық барысында кіріктірілген ашық сабақтың үлгісін ағылшын
тілі мұғалімі Ф.Т.Баева мен физика пәні мұғалімі Г.Қ.Абылғазинова 4 сынып
оқушыларымен бірге математика һәм ағылшын тілі пәндерінің ортақтасуы арқылы
көрсетті. «Сандар әлемінде» деп аталған бұл сабақта бір жағынан математикалық
амалдар мейілінше орындалса, екінші жағынан замана талабы болып отырған ағылшын
тілінен де оқушылар бар үйренгендерін ортаға салды. Бір сабаққа шақталған
уақыттың тез өткені соншалық – оқушылардың өзі сабақтың жалғасын әлі де тілеп
тұрды. Амал нешік, шақталған уақыт сол. Демек, кіріктірілген сабақтардың
әдістемелік тұрғыдан берері мол екенін артық рет дәлелденді. Қызыққа толы әдістемелік апталық барысында бастауыш сыныптарды оқытатын жас
маман А.А.Оспанованың 2-3 сынып оқушыларымен өткізген танымдық сыныптан тыс
шарасын екшеуге болады. Онда оқушылар «Алғырлар» және «Тапқырлар» болып екі
топқа бөлініп, сан түрлі тапсырмалардан түзілген қызыққа күмп берді. Сұрақтарға
жауап іздеді, мақал-мәтелдер айтудан жарысты, жұмбақтарды шешті, сөздерден
анаграмма құрастырды. Сәтімен сабақталған сыныптан тыс шаралардың қатарында басқа тілдегі
сыныптарда қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім А.С.Әлдекенованың 5-6 сынып
оқушыларымен өткізген «Қызықты қазақ тілі әлемін» атауға әбден тұрарлық. Орыс
тілінде білім алып жүрген орта буын оқушылары өзара «Тұлпар» және «Домбыра»
топтарына бөлінді. «Бәйге», «Қызықты тоғыздық», «Мақал-мәтел», «Жекпе-жек»
сындарында мемлекеттік тілді қаншалықты меңгеріп жүргендерін ортақтаса ортаға
салып бақты. Өз белсенділігімен Смакотин Игорь, Смакотина Света, Шәріп Нұрғиса,
Голиков Петя, Тиссен Галина, Жанпейсова Алина көзге түсті. Алгебрадан 10 сынып оқушыларымен өткізген мұғалім М.Т.Жұмашеваның ашық сабағында
да алгоритмдік тапсырмалардың жүйеленген блок-модулі әдістеме тұрғысынан
шеберлікпен түзілді. Әрі ардагер, әрі зейнеткер математика мұғалімі
З.Н.Капанова 6 сынып оқушыларымен арифметкалық есептерді шығарудың тиімді
жолдары бойынша шеберлік сағатын ойдағыдай сабақтады. Ал ұсталық һәм ұстаздық шеберлігімен адуан, аймақ көлемінде әлдеқашан
танылған Қ.Қ.Асанов бұл жолы мектептің фоесінде тамаша бұйымдардан тақырыптық
көрме көрсетті. Сайып келгенде, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде өткізілген
әдістемелік бірлестіктер апталығы мектептің әдістемелік қорын мейілінше
жаңартты. Бегімхан
КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай
ЖОББМ оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |