01:00
Бірлік түбі - тірлік

БАУЫРМАЛ БЕСҚАРАҒАЙ БАУРАЙЫНДА

Жер-Ананы басып жүрген әр адам үшін кіндік қаны тамған мекен – Отан. Ал кей адамға әуелден жат көрінген мекен уақыт өте келе һәм ғұмырына гүл бітірген біршама мезеттен соң туған отанындай болып кетеді. Бұл – өмірлік заңдылық.

Ертісті жар жағалай орын тепкен Бесқарағай ауылының ауыл болғанына сексен жылдан асып барады. Заманның аумалы-төкпелі өзгерістерін де, алаулаған-жалаулаған қуаныштарын да, қинаған-ыңыранған кесапаттарын да басынан өткерген бұл елді мекен. Дегенмен де ұйыған айрандай ауыл деген тұғырдан түспей келеді, түспейді де.

Түпкілікті тұрғындар қазақтармен қатар өзге ұлт өкілдеріне де Бесқарағай баурайы бауырмал жылы құшағын айқара ашты. Шарапат пен шапағатын бірдей берді.

Сонау сұрапыл соғыс жылдары, тіпті одан сәл бұрынырақтау саяси қуғын-сүргін жылдары осынау мекенге неміс, шешен ұлтының өкілдері күштеп көшірілсе, жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарының еншісінде қалған тың игеру жылдары орыс, украин, т.б. ұлт өкілдері Бесқарағайға құт іздеп қоныстанды.

Ауылдың осы күнгі егде тұрғындарын тыңдап отырсаң, шежіреге бергісіз қызықты әңгімеге қанық боларсың. Өзге ұлт өкілдері өздерімен бірге өз ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ділдік әлеуметін ала келіп, қалыпты қазақылыққа жаңаша әр берді. Үй-там соғудың өзіндік үлгілерін кіргізді. Орыс, украин, шешен, неміс тілдері, олардан тараған көркем өнері қазақ арасына тарап, халықтар бірлігінің бірегей жасампаздығына айналды. Ұлттардың етене араласып кеткені соншалық – бара-бара ұлт өкілдері аралас-құралас отбасылар да шаңырақ көтерді. Олардан үрім-бұтақ тарады.

Ал Бесқарағай ауылының қайталанбас тарихына өз еңбегімен ерен үлес қосқан өзге ұлт өкілдерінің қомақты үлесін қазіргінің егде шырақтары еш ұмытпайды. Олардың ішінде ауылды ұзақ жыл басқарған Будилов, Нагуло сынды тұлғалардың қайраткерлігі неге тұрарлық! Сонымен қатар Янченко, Витт, Эрих, Голиков, Идрисов, Важниченко, Фоот, Ремпель, Смакотин, Войцеховский т.б. жанұялардың қажырлы еңбектері өз заманында Бесқарағайдың өрлей дамуына серпін берген-ді. Ол ол ма, Грешилов, Быковская, Гроздюк, т.б. бесқарағайлық өскелең ұрпақты оқу-тәрбие қайнарымен сусындатуда бар білгенін сарп етті да ризашыл шәкірттерінің шексіз алғысына бөленді.

Кеңес Одағы ыдырағасымен һәм Тәуелсіздік таңы атысымен немістердің басым бөлігі ата-баба мекені Алманияға қоныс тепсе, орыстар – Ресейге көшті. Қалай дегенмен де атамекеннің аты атамекен ғой.   

Қазіргі таңда бауырмал Бесқарағайда өзге ұлт өкілдері саябырлап кетті. Дегенмен осынау құт мекенді мәңгілік жастануды діттеп те отыр. Үрім-бұтақтары осында жапырағын жаюда. Аралас тілді Бесқарағай жалпы орта білім беру мектебінде білім-ілім алуда.

Ал 1 мамырда мерекеленетін халықтар бірлігі мейрамында мектеп оқушылары қазақ ұлтымен қатар өзге де ұлттардың өнерін һәм салт-дәстүрін сахна төрінде көрсетіп бағады. Сондай қимас сәттерде жан-жүректі өткен күндердің, үй-қоралас, аралас-құралас ұлттар бауырмалдығының бесқарағайлық үлгісінің қайталанбас көріністері шым-шымдайды, сағындырады.

Зерделесек, ел-еліміздің, жер-жеріміздің өзге сүйсінерліктей, өзгеге үлгі боларлықтай жасампаздығы ұлт-ұлыстар ынтымақ-бірлікті бауырмалдығында екен-ау.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 2743 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: