23:13 Білімдену белестерінде | |
БІЛІКТІЛІК ӘЛЕУЕТ БАЙҚАЛДЫ Күні кеше ғана аймақ басшысы Қ.А.Бозымбаев өткен оқу жылының қорытындысын
айқындайтын сырттай бағалаудың бірден-бір сыны – Ұлттық бірыңғай тестілеу
нәтижелерінен соңғы сараптамасынан кейін аймаққа қарасты аудандардың
рейтингісінде соңынан санағандағы үш орынды төмен көрсеткішпен амалсыздан
қанағат тұтуға мәжбүр болған үш ауданды қатты сынға алған болатын. Солардың
ішінде Лебяжі ауданы да бар. Қанат Алдабергенұлы ауданға жасаған жұмыс
сапарында лебяжілік мұғалімдерді біліктілік тестілеуінен өткізіп, оның
қорытындысы бойынша кемшін түскен тақырып-тараулар бойынша пән мұғалімдерін
біліктілік арттыру дайындығынан өткізуді қадап тапсырды. Содан бері көңіл
алаңдаулы, құлақ елеңдеулі еді. Жуырда Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебіне Павлодар мемлекеттік
педагогикалық институттың бірнеше қызметкерлері, оның ішінде декандар мен
кафедра меңгерушілері бар, аудандық білім бөлімінің мұрындық болуымен арнайы
жұмыс сапарымен келді. Алғашқы бетте ауданға қарасты мектептерде ҰБТ-ге ұдайы
әзірленіп жүрген һәм осынау кездесуге ат терлетіп келген 11 сынып оқушыларына
мамандыққа баулу бойынша жұмыс, жекелей пәндер бойынша кеңестер өткізсе, түс
ауған соңғы мезетте Лебяжі аудандық білім бөліміне қарасты барлық мектептерден
жиналған әрі 5-11 сыныптарға жаратылыстану-математикалық және
қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден оқыту жүргізетін пән мұғалімдерінен
байқау сынағын алды. Ұзын саны екі жүздің бел ортасынан асып жығылатын мұғалімдерге алғашқы
бетте мәжіліс залында түсіндірме-нұсқаулық әңгіме ұйымдастырылды. Онда Лебяжі
аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Е.Еркенов және ПМПИ өкілі жиналғандарға бұл
байқау сынағының мақсат-міндеттерін, өткізу жүйесін тәптіштеп айтты. Осынау
сынақтан өтуге келген мұғалімдерді мазалап жүрген сұрақ-сауалдарына мардымды
жауап беруге барыншы тырысты. Кейіннен әліпби ретімен ауданның пән мұғалімдері
құдды бір оқушылар сияқты алдын ала дайындалған дәрісханаларға бір адамдай бет
түзеп, парақша-парақшаларда көрсетілген орындарына жайлана жайғасты. Әр
аудиторияға бекітілген институт оқытушылары әрбір мұғалімге сұрақ-кітапша
үлестірді. Математика, физика, биология, химия, география, ағылшын тілінен бір
сұрақ-кітапша бойынша 25 тесттен өтсе, қазақ тілі мен әдебиетінен, орыс тілі
мен әдебиетінен, Қазақстан және дүние жүзі тарихынан тапсырған пән мұғалімдері
екі сұрақ-кітапшадағы 50 тест бойынша байқау сынағынан өтті. Тест тапсырмалары
11 сынып оқушылары тапсыратын сұрақ-кітапшалардан іріктеліп алынған екен. Жасыратыны жоқ, әр аудиториядағы талап бірдей сақталған жоқ. Қайсыбірінде
институт қызметкерлері қатаңдық сақтауға тырысса, кейбірінде ондай қаталдықтың
иісі де болмаған сыңайлы. Осыдан соң түпкі нәтиженің ашықтығы қандай күйде
боларын кім білсін. Не керек, жасы бар, жасамысы бар – бәрі-бәрі байқау тестілеуінен өтті.
Институт қызметкерімен сәті түскен аз-кем әңгіменің түйіні – бұл байқау
сынағынан соң шығатын нәтижелер арқылы меңгеру мен игеруінде қандай да бір осал
тұстары бар пән бөлім-тараулары бойынша ПМПИ ауданға қарасты мектептер
мұғалімдеріне біліктілік арттыру дайындық курстарын кезең-кезеңімен әрі
әдістемелік көмек ретінде өткізбекші. Осы жолғы байқау сынағына жалпы орта білімнің негізі қаланатын бастауыш
сыныптар және информатика, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, технология,
музыка, құқықтану, өзін-өзі тану сияқты пәндерден мектептерде сабақ оқытатын
мұғалімдер қатысқан жоқ. Сайып келгенде, бұған дейін
мұндайды басынан кешіріп көрмеген лебяжілік мұғалімдер жаңа аймақ басшысының
жаңа бастамасын әрқилы түрде қабыл көрді: қайсыбірі өз біліктілік деңгейін
артық рет дәлелдеді, қайсыбірі сын арқылы шынайы шыңдалды, қайсыбірі өздігінен
сыналды. Мұғалімнің мәртебесіне нұқсан келмесін тек. Бегімхан
КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай
ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |