22:35
Білімдену белестерінде

БАҒАЛАУДЫ БАҒАМДАСАҚ

Әлбетте, оқушылардың оқу-танымдық жұмыстарының нәтижесін технологиялық тұрғыдан қадағалау сол жұмыстардың нәтижесін әділ, ашық түрде бағалаудан көрінеді. Бағалау – білім, ептілік және дағдылардың игерілу дəрежесін анықтау. Бағалау қызметтерінің сандық көрсеткіші – баға, яғни баға оқушылардың білім, ептілік, дағдылар дəрежесінің шартты сан не баллмен белгіленуі. Білім бағалауда шынайылылық, білім сапасын анықтаудағы бірыңғай талап үлкен маңызға ие. Себебі, білімдік әділ баға –оқушының қызығушылығын туғызуға ықпал жасаудың өте нəзік құралы. Еріксіз көтеріңкі баға шəкіртті қуантады, қанаттандырады, сонымен бірге, оның жұмысқа деген немқұрайлылығын да пайда етеді. Əсіресе, әділетсіз қойылған бағаның əсері күшті: ол баланың оқуға деген ықыласын арттыруы да, не тіпті, оқудан бас тартуға ықпал жасауы мүмкін.

Не керек, қазіргі таңда оқушылардың білімін бағалаудағы төмендегідей  қателіктер білім сапасына өзінің кері ықпалын тигізуде:

·          кең пейілділік, орынсыз жомарттық. Баға ретсіз көтеріңкі қойылады. Оқушыларды бағалаудағы "жомарттықтың”  шектен асқан, бүгінгі күнде мектеп тəжірибесінен арылуы қиындық тудырып отырған формасы – "пайыз қуу”.            

·          тұрақты да қатаң   өлшем-шектердің болмауы (деңгейі төмен жауап үшін мұғалімнің  жоғары не ұнамсыз баға қоя салуы);

·          орташа бағалау ұстанымында болу ("екілік” не "бестік” бағаларды қоймау);

·          өткендегі бағаға жақындау бағаны қоя салу (мысалы, оқушының өткендегі "екілігінен” кейін   оған бірден "бестік” баға беру мұғалім үшін қиын сияқты);

·          əсіре қателігі (оқытушы өзі ұнатқан оқушысына төмен, ұнатпаған шəкіртіне  ұнамды баға қоюда  тартыншақтыққа түседі);

·          бағаны əсіре көтеру не себепсіз төмендету жəне т. б.

Бағамдасақ, білім сапасын құрайтын әділ қойылған  «4 пен 5»-тің  санын шынайы көбейту, яғни, білім сапасын арттыру, болашақ ұрпаққа мемлекеттік стандарт деңгейінде білім беру – ұстаздардың негізгі міндеттерінің бірі. Білім берудің сапалы болуы оқушылардың мүмкіндігінің деңгейіне ғана емес, олардың білім алуға деген қызығушылығын қалыптастыруға байланысты. Сондықтан, оқушының білімге деген қызығушылығын жоғарылату – оның жеке тұлғалық қажеттілігі мен қызығушылығын білу және осы ерекшеліктерге сай жағдай мен мүмкіндік туғыза білуде.

Соңғы уақытта сабақ үдерісіндегі оқушылардың білім-білік-дағдысын, яғни бүгінгінің заманалық сөзімен айтқанда, құзырлылығын бағалауда біршама өзгерістер орын алып отыр. Айталық, сындарлы оқу мен жазу әдістемелік технологиясында оқушылар өзара өздерін бағалайды немесе мұғалімнің бастамасымен ортақ баға дәрежесіне жетеді. Дегенмен осындай жолмен қойылған бағаның өзінде шикіліктер, әсіресілтеушіліктер, басқа да артық әңгімеге тиек болар кикілжіңдер төбе көрсетіп қалады. Мүмкін «Назарбаев зияткерлік мектептеріндегідей» критерийалды бағалау өлшемдерін немесе деңгейлене жоспарланған тапсырмаларды орындаған соң жиналатын баллдар қосындысынан шығатын ортақ баллды бүтіндей бір бағамен алмастыру амалдарын қолданғанда ғой бағалаудың бағасы баттияр. Себебі, бұрыннан қалыптасқан дағды өзгереді. Оқушыға берілетін тапсырмалар жүйесі өзгереді, көлемі көбейеді. Барлық технологиядағы ұстанатын негізгі қағидалардың бірі – тапсырмаларды орындауда қарапайымнан күрделіге, жеңілден қиынға қарай ауыса отырып, нәтижеге жету.

Асылында, егер сабақта оқушының бойындағы танып-білуге деген қызығушылығын оята білсек және оны әрі қарай дамытатындай барынша қолайлы жағдай жасасақ, «кешегі» алған өз білімін өзгелермен емес, «бүгінгі» деңгейдегі өз білімімен  салыстыра отырып, көрсете алатын болсақ, онда оның бойында білімге деген құштарлық,  сөзсіз, пайда болады.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1095 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: