12:05
Білімдену белестері

ИНКЛЮЗИВТІК БІЛІМ БЕРУ АЯСЫ

Жалғанды жалпағынан басып келе жатқан адамзатты жаратушы иеміз бәрін бірдей он екі мүшесі сай етіп жасамасы аян. Зерделемей-ақ айналамызға қарасақ, не есту қабілеті, не көру қабілеті нашар немесе , өкінішке орай, мүлдем жоқ, я тірек-қимыл қозғалысында ақау, я ойлау қабілеті тежелген жандар жетіп артылады екен. Ал олардың ішінде мектеп жасына дейін һәм мектеп жасындағы балалар қаншама. Он екі мүшесі сай да сау қатарластарымен бірге жалпы орта білім беретін оқу орнында денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі балаларға қай жағынан қарасақ та жеңіл тимесі анық. Сондықтан да болар, аймағымызда осындай ерекше жандарды оқытып-тәрбиелейтін түзету мектептер бар немесе кей жалпы орта білім оқу орындарында арнайы түзету сыныптары жасақталады.

Жуырда Павлодар қаласының №25 жалпы орта білім беретін мектебінде Сорос Қазақстан қорының демеушілігімен әрі «Болашақ» РД» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының және Павлодар облыстық білім басқармасының қолдауымен «Инклюзивтік білім беру әлеуметтікмәдени және педагогикалық феномен тұрғысынан» атты екікүндік семинар өткізілді. Аймақтың түкпір-түкпірінен ат сабылта жиналған мұғалімдер үшін көршілес жатқан Ресейдің Омбы қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық университеті арнайы педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Четверикова Т.Ю. және сол шаһардағы №301 бастауыш мектеп-балабақша директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары орынбасары Кузьмина О.С. семинар жұмысын сәтті сабақтады.

Татьяна Юрьевна болсын, Ольга Сергеевна болсын өз семинар-практикумдарында тыңдаушылар назарына инклюзивтік білім беру бойынша үш модульді тарқата тәптіштеді. Айталық, бірінші модульде инклюзивтік білім берудің қазіргі хал-ахуалы, дамудың заманалық тенденциялары, проблемалары, екінші модульде денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі оқушылардың ерекше білімдену қажеттіліктері, ал үшінші модульде психофизикалық дамуы қалыпты оқушылардың денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі қатарлартарына деген толерантты қарым-қатынасын қалыптастыру технологиялары тілге тиек болды. Сонымен қатар әр модульге тиесілі тақырыптар тарқатылды. Сондағысы, білімдену аймағындағы тілдік саясат, денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі оқушылардың жалпы һәм ерекше білімдену қажеттіліктері, педагогикалық құралдар арсеналы, педагогикалық ұжымның инклюзивтік білім беруге кәсіби дайындығы, ұйымдастыру технологиялары, пәнаралық команданың психологиялық-медициналық-педагогикалық қамтамасыздануы, тьюторлық қамтамасыздану және тағы басқасы ресейлік үлгі негізінде егжей-тегжейленді. Лекциялар, сарамандар интербелсенді тақта арқылы бейнероликтер, слайдтар арқылы нақты дәлелденді.

Семинарға қатысушылар ресейлік мамандарға көкейкесті сұрақ-сауалдарын мейілінше қойып, нақты-нақты әдістемелік жауап алды. Демек, осындай мемлекетаралық семинардың әдістемелік-нұсқаулық тұғыр тұрғысынан берері шаш-етектен. «Сорос Қазақстан» қорының аймақтық өкілі Каликова С.А. да, «Болашақ» РД» қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалы төрағасы Кабиев Р.К. өз сөзінде аталмыш семинардың маңыздылығын екшеді. Әр қатысушы халықаралық сертификатпен марапатталды.

семинарға қатысушы

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ  Бесқарағай ЖОББМ оқу істері орынбасары,Лебяжі ауданы, Павлодар облысы    

Просмотров: 1084 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: