19:09 Білгенге - маржан | |
ЗИЯТКЕРЛІК ДЕҢГЕЙІҢІЗДІ КӨРСЕТЕТІН СЕГІЗ ДҮНИЕ Әлбетте, қай ортаға барсаңыз да, қай жерде жүрсеңіз де ең алдымен сіздің сырт келбетіңіз, сөйлеу мәнеріңіз, өз-өзіңізді ұстау мәдениетіңіз көзге түседі. Бұл әсіресе жұмысқа орналасарда, жаңа адамдармен танысқанда маңызды. Адамның жүріс-тұрысы мен әдебі оның мінез-құлқынан, болмысынан хабар береді. Сонымен күн сайын сіз ескеруге тиісті 8 дүние:
1. Әр сөзіңізді, сөйлеу мәнеріңізді қадағалаңыз Сөйлеген кезде тым баяу сөйлеудің де, тым жылдам сөйлеудің де қажеті жоқ. Себебі тым баяу сөйлесеңіз тыңдап тұрған адамның шыдамы жетпеуі, жалығып кетуі немесе уақыты болмауы мүмкін. Ал қақалып-шашалып тез сөйлесеңіз көп адам түсінбей қалады.
2. Сырт келбетіңізге мән беріңіз Кім қалай ойласа да, сырт келбет кез-келген жағдайда маңызды рөл атқарады. «Киіміне қарап қарсы алып, сөзіне қарап шығарып салады» дегенге саятын мақал да бар орыстарда. Психолог мамандар тартымды әрі таза киінген адамның әрдайым ақылды, мәдениетті адам ретінде көрінетінін айтады. Белгілі бір адам туралы бейсаналы түрде жағымды пікір қалыптасады. Психологияда бұны гало-эффект деп атайды.
3. Тыңдай біліңіз Әңгімелесіп тұрған адамның сөзін бөлмей, мұқият тыңдауды үйреніңіз. Себебі өз эмоциясын басқара алмайтын адам туралы жағымсыз пікір жылдам қалыптасады. Дәл осы эмоцияны бақылай алу қабілеті зияткерлік деңгейді айқын көрсетеді.
4. Тіс дәрігеріне жиі барып тұрыңыз Кез-келген қарым-қатынаста, кез-келген ортада байланыс тікелей сөйлеу арқылы орнайтындықтан сіздің күлкіңіз бен тісіңіз, ауызыңыздан шығатын иіс сіз туралы көп жайдан хабар береді.
5. Есте сақтау қабілетіңізді арттырыңыз Жадыңызды жаттықтырыңыз. Ақпараттың көп мөлшерін есте сақтауға тырысыңыз. Себебі бұл кез-келген істе қапы қалмауыңыз, қырағы болуыңыз үшін қажет.
6. Терең дем алыңыз Терең тыныс алғанда адам миы оттегіге қанығады. Бұл ойлау қабілетін жақсартады. Терең тыныс алу мен салмақтылық сізді өзгелердің алдында ақылды, парасатты етіп көрсетеді. Әңгімелесіп тұрған адам сізге көбірек сенетін болады.
7. Өз-өзіңізді ұстай біліңіз Іс-қылығыңызға көңіл бөліңіз. Себебі адамның тілі ғана емес, бет-әлпеті, қимыл-қозғалысы да «сөйлеп» тұрады. Бұны қазақша «ым-ишара» дейді.
8. Біліміңізді арттырыңыз Адам білімін, таным көкжиегін арттырған сайын өмірі мен жұмысындағы мүмкіндіктері де арта түседі. Сол себепті күн сайын біліміңізді арттыруға, танымыңызды тереңдетуге күш салыңыз. Білімсіз зияткер болу мүмкін емес. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |