20:37 Білгенге - маржан | |
ОЙЫНШЫҚ СӘБИДІ НЕГЕ ҮЙРЕТЕДІ? Әлбетте, ойыншық бала үшін ермек қана емес, сонымен қатар ол оның дамуына да тиімді құрал, қимыл-қозғалысты, сезім ағзаларын, тіл түсінуді жетілдірудің де бастамасы. Сәбиді үйге әкелісімен, оның жататын орны үстіне ашық түсті, көзге түсетін, дыбыс шығаратын 3-4 ойыншықты іліп қойыңыз. Олар сәби кеудесі тұсында одан 60-70 см жоғары ілулі тұрса болғаны. Сәби бұл жасында ойыншықты дәл осындай қашықтықта көре алады. Сіз нәрестеңіздің ілулі шарға, сылдырауыққа көзі түскенін байқасаңыз, жанынан жүріп өткенде біреуін қозғап кетіңіз, сонда оның сазды дауысы, тербеулі және ойыншықтардың орын алмастыруы оны қызықтырып, бұларға ұзақ әрі қадала қарауға үйренеді. Бұл оның өз-өзімен болуына үйрететін алғашқы нышан, өте қажет қасиет. Сөйтіп бұл білгенін одан әрі бекітуге тырысу қажет. Сәби кереуетінің жанына барып, біресе оң жағынан, біресе сол жағынан сылдырмақты сылдырлатыңыз, ол бұрылып шыққан дыбысты іздейді. Мұнда ол білгісі келген затына қараумен қанағаттанып қана қоймайды, сонымен бірге ол мойын етін де жаттықтырады. Бала дәрігері, әрине, сізге баланы күніне бірнеше рет етпетінен жатқызу керек деп кеңес береді. Бұған жаттықпаған нәресте етпетінен жатқанда кеудесі астындағы екі қолына мұрнын соғып, басын көтере алмайды. Ал күн сайын жаттыққан сәбидің басы көтеріңкі болып, нәтижесі айтарлықтай болады. Оның осы қабілетін бұдан әрі дамыту үшін, алдына әртүрлі ашық түсті ойыншықтарды қойыңыз. Сергектік кешені. Сәби 3-3,5 айлығында үй адамдарын таниды, өте сезімтал болады. Ол жатқан кереуетке еңкейіп сөйлесең болды, ол қолын қозғалтып, сермеп, аяқтарын көтереді, қуана күліп, дыбыс шығарады, сөйлесең ризалығын білдіргісі келеді. Мұны сергектік кешені деп атайды, сондықтан оны жаңа қабілеттің қалыптасуы үшін пайдалану керек. Ашық түсті ойыншықтар сәби бесігінде жоғары ілулі тұра берсін, сәби оларға әйтеуір қарайды. Оған қосымша шамамен 30-40 см жоғары, оның қолы жететін жерге тағы да 2-3 ойыншық іліп қойған дұрыс. Бұл ойыншықтар ұстауға ыңғайлы сылдырмақ болғаны жөн. Сәби қолын көтергенде абайсызда ойыншыққа тисе сылдыр етіп, қозғалмай қалып оның дыбысын тыңдайды. Мұндай жағдай күніне бірнеше рет қайталанатындықтан, ол енді сол ойыншықтарды өзі қозғау арқылы дыбыс шығаруға болатынын түсінеді. Сөйтіп, ол ойыншықтарға қолын жеткізуге тырысады. Сәбидің қабілеті арта түседі. Ол өзімен-өзі алданады және үйренеді. Сөйтіп сәбидің іс-әрекеті күрделене түседі. Оның ойыншыққа қолы тигенде тұңғыш рет алақанын жазып, оны ұстауға тырысады. Міне, осы жерде оған ересек адамның көмегі керек. Ол үшін алғашқыда сылдырмақты оның қолына ұстатуға болады. Сәби оны ұстап қарап сезінеді, тұруға тырысады. Мұны бірнеше күн қайталау қажет, сонан кейін-ақ ол қолы ойыншыққа тиісімен бірден ойыншықты ұстау үшін алақанын ашады. Әуелі бір қолымен ұстайды да, кейіннен оған екі қолымен бірдей жармасады. Өмірді тану тәсілі. Заттарды қолмен ұстау арқылы баспен ойлауға да жұмыс табылады. Сәби заттарды қолмен ұстап әбден зерттейді. Ол алған затын ұстап қарайды, сілкиді, лақтырады, аузына салады, жалайды, тістеуге тырысады. Осындай күрделі әрекет кезінде көз, құлақ, қозғалыс, иіс сезімі іске қосылады. Жеке басының тәжірибесі қарқынды түрде жинақталады. Сәбиге резеңкеден, пластмассадан, ағаштан әртүрлі пішінде, түрлі түсте жасалған, әртүрлі дыбыс шығаратын бірнеше ойыншықтарды беріп, оның зерделілігін, ойын байытыңыз. Олардың бірінің сырты тегіс болады да, екіншісі кедір-бұдырлы, түкті, қырлы болуы мүмкін, оның бұл өнерге деген сезімталдығын жетілдіреді. Бұдан былай сәби кеудесінің тұсында ілулі тұрған ойыншықтарды ұстауды үйренеді, сондықтан енді жанына қойылған ойыншықтарды алуға үйретіңіз, икемділігін күрделендіре түсіңіз. Бұл алғашқы кезде ойдағыдай бола бермейді. Ол әуелі қолын созады, сосын өзі ұмтылады. Ойын іске асыру үшін қимылдайды, еңбектейді, бұл оған пайдалы. Алғашқы сөз. Сәби 8-9 айлығында негізгі ойыншықтардың атын біліп алады. Сәбиді диван үстіндегі аюға қаратып: «мынау аю!»-деп көрсетіп, кейін: «аю қайда?»-деп бетін оған бұрсаңыз, ол бірден аю екенін біледі. Осыдан соң сұраққа жауап беру үшін басын диванға бұрып, сұраған затыңызды іздейтін болады. Бірақ бұдан ол ойыншық аттарын біледі деген қорытынды шықпайды. Дивандағы аюды басқа жерге алып қойып, сол сұрақты қайтадан қойыңыз да, ол дағдысы бойынша диванға қарайды және ол аюдың жоқтығына қарамастан ол сіздің мақтағаныңызды күтеді. Шынында, сәби алғаш сол жерді, онда тұрған затты есінде сақтайды екен. Осыдан кейін сіз сәбимен бірге әлденеше рет әр жерден аюды іздестіріңіз, сонда ол нақты бір сөзді нақты затпен байланыстырып сөйлеуді үйренеді. Сонан кейін: «Аюды тамақтандыр», «Қуыршақты тербет» деген тәрізді сөздерді түсініп, айтқаныңызды орындайтын болады. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |