15:16 Білгенге - маржан | |
ӨТІРІК ӨРГЕ БАСПАЙДЫ Халық ішінде бір жақсы сөз бар: «ешқашан ешқашан деп айтпа». Өмір бізге еш нәрсенің кесіп айтуға келмейтінін үйретті. Кездейсоқтық дегеніміздің заңдылық екенін, заңдылық дегеніміздің кездейсоқтық болып шығатынын да көрсетті. Осы заңдылықтар мен кездейсоқтықтардың арасында жүріп, адам бір күні өзінің өтірік айта алатынын да білді. Кездейсоқ білді. Бірақ ол заңдылық еді. Ең ұлы өтіріктер «Мен ешқашан өтірік айтпаймын» дегеннен басталатын секілді. Ешқашан өтірік айтпау деген әрқашан шындықты айту дегенді білдірмесе керек. Ал шындық дегеніміздің өзі не еді? Шындық туралы өтірік айтқаннан гөрі кейде өтірік туралы шындықты айтқан да жақсы. Шындық туралы шындық пен өтірік туралы өтіріктің арасалмағы шамалас екенін байқау қиын емес. Шындық туралы шындықты айтуға болады, бірақ өтірік туралы өтірік айтуға болмайды. Неге десеңіз, біреудің шындығы өзгеге өтірік, ал біреудің өтірігі өзгенің шындығы. Жалпыадамзаттық шындықтар жеке адамдық өтіріктерден құралатын секілді. Өйткені тарихты адамдар жазады. Кей өтіріктердің туу дәуірі тым ескі, тым көне болғандықтан, оның туу себебі ұмытылып үлгергендіктен оның салдары ең ұлы шындық секілді көріне береді. Байқап көріңіз, мамандардың зерттеуінше ең шыншыл адамның өзі бір күнде төрт өтіріктен елу өтірікке дейін, ал әсілінде адам бір күнде екі жүз өтірікке дейін айтады екен. Тіпті онысын өзі де байқамай қалады. Алпыс жыл өмір сүрген адам сексен сегіз мың өтірікті қолдануы анық болып отыр. Сонда тұтас бір халықтар өзінің өмір сүру кезеңінде қанша өтірікке дейін айтуы мүмкін? Мәселен, психологтардың пайымдауынша, батыстықтар өтірікті көбірек айтады екен. Әрине, өтірікті айтудың әртүрлі себептері және өтіріктің түрлері бар. Платонша айтқанда, «Ізгі өтірік» («Кінәратсыз мемлекетте билік қоғамның игілігі үшін «ізгі өтірікке» баруы тиіс»), яғни әр алуан адамдардың бір-бірімен түсіністігі үшін зиянсыз деп танылады. Батыс қана емес, шығыс халықтары да «ізгі өтірікті» ерекше қолдана біледі. Ал батыста «ізгі өтірік» айтудан бірінші орында италиялықтар, содан кейін француздар, немістер, ұлыбританиялықтар және тізім соңында голландықтар тұр. Қазақ халқы өтірікті қаншалықты айтады? Қазақта өтірікшіні мынадай ұғымдармен береді: суайт, бөспе, судыр, алдампаз, сужұқпас т.б. Сонымен қатар, «Өтірік өрге жүзбес», «Өтірікшінің куәсі қасында», «Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай...», «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» секілді мақал-мәтелдермен айқындайды. Осыдан байқағанымыздай, қазаққа аңғал өтірік тән секілді. Алдампаз кейіпкерлері өз өтірігіне өзі алданып қалатын мысалдар бек көп. Былайша айтқанда, біз көбіне өзгені алдадық деп, өзімізді алдап отырамыз. 2008 жылы белгілі бір халықаралық компания әлемнің 19 елінде жүргізген сауалнама нәтижесін ұсынды. Сондағы ұйғарым бойынша, адамдар өткен онжылдықтарға қарағанда қазір өтірікті ерекше көп айтатын болып шыққан. Онымен қоймай, өтірік айтуда ерлер әйелдерден аспаса, кем түспейді екен. Мұны немен түсіндіруге болар еді? Әр дәуір, кезеңдер бір идеямен немесе пәлсафалық ұғыммен ашылып, анықталып отырады. Үміт дәуірі, Сенім дәуірі, Кек дәуірі деген секілді. Бұл ұйғарымға сүйенсек, алда Жалғандық дәуірі келе жатқан сыңайлы. Адамдар барлық құндылықтардан бас тартып, алдамшы, өтпелі идеяларға бой ұруы мүмкін. Оған негізгі себеп санаға берік орнай бастаған Ақырзаманның жақындап қалуы туралы түсінік десек қателесе қоймаспыз. Сондықтан да адамдар тек Бүгінмен өмір сүруге дағдылануда. Ертең – абстракция, Бүгін – утопия. Бүгін өтірік айту өмір сүрудің тәсіліне айналып үлгерген. Кәрі шындықтардан жап-жас өтіріктер сүйкімді. Өмірдің шындығын, өлімнің шындығын, заманақырдың шындығын, ғаламдық жылынудың шындығын, жердегі биоқорлардың таусылу шындығын білу жалпы алғанда адамға қажет пе? Адам онсыз да оны біледі. Ал адам баласының табиғат алдындағы жеңімпаздығы, өлімді де жеңетіні, биоқорды басқа ғаламшарлардан алуға болатыны туралы әдемі өтіріктер өмір сүруге деген құштарлықты оятады. Дегенмен әркімнің қандай шындықты болмасын білуге хақысы бар. Тіпті жазылмас дертке шалдыққандардың өзі қанша өмірі қалғанын білуге құқылы. Бірақ кейде белгілі бір шындықтарды білмей-ақ қойған жақсы. Өмір тыныш болады. Күнделікті өміріміздегі өтіріктерге қатысты қарапайым ғана мысалдар келтірелік. Екі адам өзара әңгімелесіп отыр делік. Біріншісі: «Айтшы, осы айтқаным өтірік пе?», екіншісі: «Жоқ, өтірік емес»; «Рас па?» «Рас»; Мұнда негізгі басымдық көңілге қарауда. Екінші адам іштей келіспей тұруы мүмкін, бірақ дәл содан дүние төңкеріліп кетпесін білгендіктен, бәріне мақұл. Екеуінің кез келгені бір-біріне «Сізді көргеніме қуаныштымын!», «О, құлпырып кетіпсіз», «Мен сізді көп ойлаймын», «Сіздей адамдар сирек туады ғой» дейді. Осы төркіндес тағы да басқа көптеген көңіл үшін айтылатын сөздерді толық шындық дей алмайсыз. Кезекті сөздер. Адамдар өтірікті өзгені немесе өзін қорғау үшін, шындықты мойындаудан қорыққанда немесе істің ыңғайында қажет деп таппағанда, сөзін өткізу үшін, жауапкершіліктен бас тартқанда, жазадан, жәбірлеуден өзін арашалау үшін, өзгенің мүддесін я өмірін сақтап қалу үшін, мемлекет ішіндегі я бір әулет ішіндегі үйлесімді ұстау үшін, тағы да басқа себептермен айтады. Зиянсыз, кінәсіз, яғни отбасының беріктігін сақтайтын, кісіні ажалдан алып қалатын өтіріктер дінде де жоққа шығарылмайды. Ал жас балалардың өтірік айтуын қазіргі заман психологтары «өтірік» деген ұғыммен анықтауға қарсылық білдіріп отыр. Өйткені бала нақтылық пен елестетілетін дүниелердің аражігін толық білмейді. Сондықтан да оның өтірігі – күнәсіз. Бірақ үлкен адамның, көп жағдайда ата-анасының балаға өтірік айтуы, шындықты жасыруы оң нәтиже бере бермейді. Ол тіпті бара-бара патологиялық алдамшылыққа дейін жеткізуі мүмкін. Баланың жан-дүниесін зерттеуші мамандар балаға сұрақ қойғанның өзінде ол өтірікке сұранып тұратындай болмауын қадағалауды өтінеді. Мысалы мынадай сұрақ: «Ойыншықтарыңды жинадың ба?» дегенге қарағанда, «Ойыншықтарыңды жинамағаныңды байқадым» деген секілді болуын талап етеді. Калифорния университетінің ғалымдары патологиялық (өтірік айтпаса тұра алмайтын және өз өтірігіне өзі сенетін) өтірікшілердің миының жай адамдар миынан өзгеше екенін байқаған. Олардың миында жүйке жасушасының негізгі элементі – нейрондардың (сұр зат) көлемі кішірейіп, керісінше ақ заттың (жүйке талшықтарының) ұлғайғанын анықтаған. Демек, адамдардың шындықты немесе өтірікті айтуы – мидағы ақ және сұр заттардың ойыны, күресі. Қайсысы басым түссе, адам соған қарай ыңғайланады. Сонымен, адамдар неге өтірік айтады? Оған бір ғана жауап бар секілді: адамдар шындықты қорғау үшін өтірік айтады. Түсінікті ұғыммен айтқанда – өмір сүру үшін. Ал өмір бүгінмен өлшенген кезде, ол да бала қиялындағыдай өтірікке айналады. Бір күндік өмірді сүру үшін айтылған өтірік ертеңгі келген күнмен әшкереленеді. Одан шығатыны, өтірік – шындықты ашушы құбылыс. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |