ҚАЗАҚЫ САЛТ-ДӘСТҮР
- Абысын асы – абысындардың бас қосып көңіл көтеруі, дастарқан жасап шай ішуі.
- Асату – үлкен кісілердің балаларға табақтан ет асатуы.
- «Айырылысар көже» - тату көршілердің, ағайындардың ірге көтергенде беретін сый-тамағы.
- Бастаңғы – әке-шешелері сапарға шығып кеткенде үйдегі жастардың дәмді тағамдар дайындап бас қосу салты.
- Байлау – тауып алған затты біреуге сыйлау.
- Биебау – бие алғаш байланғанда жасалатын салт.
- Біз шаншар – құдалық дәстүр.
- Жасау – ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік.
- Наурызкөже – Наурыз мерекесінде әзірленетін, міндетті дәстүрлі тамақтар.
- Көгентүп (көгендік) – балаға малдан, төлден берілетін ескерткіш, сый.
- Киіт – құдаларға берілетін киім, бұйым (кәде).
- Кеусен – егіншілердің өнімінен ауылдастарына, ағайындарына беретін үлесі.
- «Келі түбі» - тары түйгенде берілетін үлес (кәде).
- Көгентой – құлын, бұзау, қозы-лақ алғаш байланғанда, көгенделгенде берілетін дәм.
- Белкөтерер – қарт кісілерге, аурудан тұрғандарға арнап әзірленген, дәмді тағамдар.
- Қалжа – жас босанған әйелдерге берілетін сый-тағам.
- «Құйрық-бауыр» - құдаларға берілетін салт табағы.
- «Қазан шегелеу» - қонақ болуды меңзейтін сөз (дәстүр).
- Қарашаңырақ – үлкен үй, қасиетті деген ұғым. Ата-бабадан қалған үйді «қарашаңырақ» дейді.
- Қонақасы – қонаққа берілетін тағам.
- Қамшы тастау – «сөз сұраймын» деген белгі.
- «Қой басты» - киіз басқанда жасалатын дәстүр. Бұған арнап тағам дайындалады.
- Тулақ шашу – жүн сабағанда, түткенде жасалатын рәсім.
- Туырлық тілу – кекті, өшті адамдардың қарсыластарының туырлығын тіліп күш көрсетеді.
- Тымаққа салу – шала туған балаларды тымаққа салып өсіретін, бағатын халық дәстүрі.
- «Тұсаукесер» - жаңа аяқтанған баланың тез әрі сүрінбей жүру үшін жасалатын салт.
- «Тоқымқағар» - жас бала алғаш сапарға шыққанда жасалатын салт, дастарқан жаю.
- «Қымызмұрындық» - алғашқы қымызды ауыл адамдарын шақырып беретін салт.
- «Түйемұрындық» - ұзатылып келе жатқан келіншек көшінен алынатын кәде.
- «Сірге мөлдіретер (сірге жияр)» - бие ағытылған соң соңғы қымыздан ауыз тигізу дәстүрі.
- Сауын алу – малы жоқ адамдардың ағайындарының уақытша сауынға бие, сиыр алып саууы.
- «Ұйқыашар» - Наурызда т.б. мерекеде жастардың түнде ұйықтамауы үшін әзірленетін тағам.
- Шаңырақтүйе – ұзатылып келе жатқан қыздың көлігі.
- Шідерге сигізу – еркек балалар малсақ, шаруаға икемді болсын деп жасалатын дәстүр.
- Шашыратқы – мал күйекке түскенде «төл көп болсын» деп жасалатын дәстүрлі тамақ.
баспаға әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
|