12:10
Бата. Тілек. Өсиет.

БАТА-ТІЛЕКТЕР

Оразақын Асқар

Наурыз батасы

Ниеттерің ақ болсын,

Наурыздың ақша қарындай.

Бастарыңа бақ қонсын,

Шаштарыңның барлық талыңдай!

 

Санасы асып адамның,

Көңілде кір қалмасын.

Құты қашып жаманның,

Жақсы тапсын жалғасын.

 

Тыныш болсын даламыз,

Түгел болсын нуымыз.

Таза болсын ауамыз,

Тұнық болсын суымыз.

 

Қайғы-уайым жоқ болсын,

Оралмасын кез өгей.

Ырысымыз көп болсын,

Бүгінгі наурыз көжедей!

* * *

Жас жұбайларға бата

Оңай да емес, қиын да емес үй болу,

Үй болу – үйге қамқорлық жасап үйрену,

Қабағын бағу, көңілін табу жарыңның,

Екеу боп өмір сүрудің жайын үйрену.

 

Қашан да жарға керегі жылы назарың,

Біріңе-бірің тарттырма күту азабын.

«Мен бүйтіп едім, сен неге сүйтпей жүрсің?» деп,

Сауданың үйге орнатпау керек базарын.

 

Жақсы үйде болар ішкі де, сыртқы саясат,

Аяйық жарды, біреуді егер аясақ,

Отбасында да бар әскери қатаң құпия,

Жүрмеңдер әсте ішкіні сыртқа жая сап.

 

Асығыстықтан, ашудан абзал безінген,

Дос болу керек қашан да сабыр, төзіммен,

Жар деген өзің, өзім деп тапқан жалғызың,

Кешірімді бол, келіспей жүрме өзіңмен.

 

Киелі зат жоқ жарыңның махаббатынан,

Екеуіңді де аялауға оны шақырам.

«Қосағыңмен қоса ағар!» деген тілекті,

Айтамын барлық үлкен үйлердің атынан.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 18 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: