20:28 Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар | |||
ҚАНАТТЫ АТТАР ХАҚЫНДАҒЫ НАНЫМДАР, ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАР мен АҢЫЗДАР Шығыс Қазақстан мен Алтайдың көптеген қорым-обаларында алтын бетперде кигізіліп жерленген арғымақтар табылды. Скифтер Көк Тәңіріне бағыштап аттарды құрбанға шалған. Бұл о дүниеде ұлы көсем ең жүйрік жануар-арғымаққа мініп жүруі тиіс деген нанымнан туған.
ҚҰРБАН АТТАРЫ Тайпа немесе ру көсемінің өлімі – қайғылы құбылыс. Бірақ бұл жаратылыстың табиғи заңдылығы болып табылатындықтан, адамдар марқұмның мәйітін жер қойнына жөнелтпес бұрын атқарылатын алуан түрлі ғұрып-жоралардв ойлап тапқан. Көптеген екі кісілік ескі молаларда, әдетте, ер мен әйелдің мәйітін көруге болады және олардың кім екендігі күмән тудырмайды да. Әрине, бұлар – көсем мен оның зайыбы. Өйткені, көнедегі көптеген халықтардың салттарында көсем өлгеннен кейін оның әйелін де (немесе, егер көп әйелі болса, солардың біреуін) өлтіру дәстүрі болған. Көсемді жерлеуге қатысты бұдан басқа да жоралар толып жатыр. Ол, негізінен, аттармен байланысты. Мәселен, Шығыс Қазақстан мен Алтайдың көптеген қорым-обаларында алтын бетперде кигізіліп жерленген арғымақтар табылды. Скифтер Көк Тәңіріне аттарды құрбанға шалған. Бұл о дүниеде ұлы көсем ең жүйрік жануар – арғымаққа мініп жүруі тиіс деген нанымнан туған. Берел қорғанында жерленген адам Күлтегін сияқты көптеген шайқастарды өткерген ірі әскербасы екенінде дау жоқ. Ғұмырының әр кезеңінде сынып, қайта бітіп кеткен қабырға, омыртқа сүйектерінің сынықтары оның жауынгерлік ерліктерін куәландырады. Жерленгендерге көгілдір інжу-маржанмен ызылып, алтынмен қапталған, ғажайып ою-өрнекпен кестелене тігілген сән-салтанатты киім кигізілген. Киімнің асылдығы мен әсемдегі осынау адамдардың тірліктегі әлеуметтік мәртебесінен хабар береді. Көсеммен қоса алтын бетперделі он үш ат жерленген. Бұл арғымақтар маңдайдан темір істікпен ұрып өлтіріліп, мола қабырғасының ар жағына жатқызылған. Аттардың бастары күншығыс жаққа қаратылған. Он үш аттың төртеуінің бастарында рәсімдік былғары бетперделер болған. Олар ағаштан жасалған таутеке мүйіздерімен көмкерілген. Бетперделердің біреуі арыстан-грифонның, яғни мысықтұқымдас жыртқыш денелі, зор имек тұмсықты, былғарыдан жасалған ұзын иір мүйізді қиял-ғажайып мақұлықтың ағаш мүсінімен безендірілген. Арғымақтардың шерулік әбзелдері түгел сақталған. Әсіресе жыртқыш терісімен жабылған ер-тоқым және грифонның тұяқты жануарды жаныштап жатқан көрінісін кескіндеген тоқымның киіз жабуы ерекше көзге түседі. Бір аттың еріне ағаш шыбықтардан өрілген қалқан бөктеріліпті. Бұл қорымнан бүгінгі таңда Қазақстанда ең көне деп есептелетін әсем өрнекті ер-тұрмандар табылды. Ат жабдықтары бедерлі ағаш бұйымдармен әшекейленген. Бұйымдардың баршасы – жапсырмалар, салпыншақтар, айылбастар беткі жағынан жұқалап алтынмен және қалайымен қапталған, ал ішкі жағынан ат әбзелінің қайыстарына бекітілген. Аттарды құрбанға шалу – түркілердің арғы түп бабаларынан түркілерге, олардан монғолдарға және орта ғасырлардағы түркілерге уақыт көшіне ілесе ауысып келе жатқан тәңіршілдік ғұрып. Қазақ ғұрпында өлген кісінің атын күні бұрын дайындайды. Ер-тоқымды теріс қаратып салады да, иесінің киімдерін, қару-жарағын іледі. Төбесіне бас киімін қойып, киіз үйден кесіліп алынан арқанмен буып байлайды. Аттың құйрық-жалын кеседі. Мұндай атты «тұлданған қаралы ат» деп атайды. Атты тұлдау өлген адамға құрмет көрсетудің белгісі саналады. Қаралы атты ұрылар зауалынан қорқып, ұрламаған. Оған салт мініп жүруге болмайды. Сөйтіп атты бір жылға жылқы ішіне жібереді. Бір жылдан соң марқұмға ас беріп, сода сояды. Осы кезде жоқтау жыры айтылады (бұл әсіресе орта жүз қазақтарына тән). (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |