16:00 Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар | |||
ӘЛЕМ АҒАШЫ ТУРАЛЫ МИФ Әлем Ағашы шамандардың дінінде де пайдаланылған. Шамандар соның бойымен жоғары-төмен саяхаттай алады, яғни Жоғарғы Әлемнен Төменгіге өтеді деп саналған. Әлемдерді саяхаттайтын осынау сиқырлы шамандық мұратты көненің көзіндей қазақ ертегілері де паш етеді. «Жарты Төстік» деген ертегіде тамыры біреу, ұшар басы екеу осындай ағаштың бойымен Төстіктің әкесі күнде көкке көтеріледі. Содан соң ол төменге, талтүстке түседі, талтүсте тұрған бетінге төменге, іңірге өтеді. Ал ұлының бұлай саяхаттауына рұқсат етпейді. Бір күні ұлы әкесінің тілін алмай, ағашқа өрмелеп, ұшар басына шығады. Сонда әлгі бала жайлауға көшіп бара жатқан ауылды көреді. Көштің алдында өңкей жігіт-желең, думандатып, ойын-сауық құрып барады. Олардың артын ала егде тартқан, орта жастағы әйелдер мен ерлер келеді. Ал көштің соңында қаусаған қарт адамдар, шал-кемпірлер бара жатады. Кешке ұлы осы көрген-білгенін әкесіне айтып береді. «Әй, ұлым-ай, сенің көргенің – біздің судай ағып өте шығатын өміріміз, уақыт ырыққа көнбейді. Уақытты меңгеруге өлілердің де, тірілердің де ақылы жетпейді», - дейді әкесі. Бірақ тілазар ұлы ағаштың басына қайтадан шығып, әрбір уақыттық белдеуде болып, дүние жалғанның опасыз өткіншілігін біледі. Әлем Ағашының ұшар басында қонақтаған құс Самұрық немесе Симиург деп аталады. Ол – барлық құстардың патшасы саналатын сиқырлы құс. «Бұл құс ешкімге зиян шектірмейді, ешкімге жамандық жасамайды, тек адамдарды қайғы-қасіретінен айықтыруға жәрдем етеді...», - дейді қазақ ертегісі «Аюлауда». Кейде Самұрық екі басты құс кейпінде суреттеледі. Бір басы – құстікі, екінші басы – адамдікі («Ер Төстік»). Әдетте ол батырларға ерлік жасауға көмектеседі. Алайда Самұрықтың сеніміне кіру үшін батыр әуелі жылда оның ұясына өрмелеп шығып, балапандарын жеп кететін жер асты айдаһарын жеңуі керек. Әлбетте батыр істі оңынан келтіріп, айдаһарды өлтіріп, алдағы жорықтарында самұрықтың шапағатына ие болады. Көптеген халықтардың, соның ішінде қазақ ертегілерінде де, оқиға желісі былай өріледі: алып жыланға немесе аждаһаға құрбандыққа адам, көбінесе сұлу қыз тартылады. Ертегідегі қаһарман батыр айдаһарды өлтіріп, аруды құтқаруға міндетті. Сол үшін батыр айдаһармен жекпе-жекке шығады. Міне, осы жекпе-жекке дайындық, жауыз айдаһарды жайрататын қырық құлаш семсерді табу, осы орайдағы шытырман оқиғалар қиял-ғажайып ертегінің мазмұнын құрайды. Мұндай оқиға желісі көп халықтарға тән. Андромеда жайындағы бағзыдағы грек мифінде бас кейіпкер-аруды аждаһадан ежелгі заманның батыры Персей құтқарады. Демек, Самұрық құс пен жер астының жауыз айдаһары Жақсылық пен Жамандықтың мәңгілік күресін бейнелейді. Жоғарғы және Төменгі екі әлем бір-біріне қарсылас, Ортаңғы әлемнің өкілі – адам осы екеуінің қайсысын жақтаса, жалпы әлем тағдыры соған байланысты болады. Жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресінде адам міндетті түрде әділеттілік жағына шығуы керек. Көне мифтік қисын бойынша адам Төменгі әлемге түсіп, сондағы айдаһарды жайратуы тиіс. Жер астына тап болған ертегі қаһарманы ханның сұлу қызына үйлену мақсатын көздейді. Ал қайтадан жер үстіне шығу үшін Әлем ағашы – алып бәйтеректі тауып, соның түбінде Самұрықтың жоғын пайдаланып ұядағы балапандарға жорғалай өрмелеген айдаһарды өлтіруі керек. Осылайша батыр балапандарды қанқұйлы жауыздан құтқарады. Көбіне-көп ол айдаһарды садақ жебесімен жайратады, кейде айбалтаны, кейде сиқырлы семсерді пайдаланады. Балаларын ажалдан құтқарғаны үшін Самұрық батырдың ерліктеріне жәрдем етіп, жол ашады, оған күш-қайрат беріп, жер үстіне алып шығады. Мысалы, Фирдоусидің «Шаһнама» дастанының бір тарауының оқиғасында Сампалуан өзінің ұлы Дастан – Залды құтқару үшін киелі құс Самұрықтың ата жауы – жер асты айдаһарын өлтіреді. Осылайша, мәңгілік Әле Ағашы жайында баяндалатын ертегілерде басты мағына мен мазмұн барлық үш әлемнің, олардың өкілдерінің күресі мен бірлігі, Жақсылық пен Жамандықтың бітіспес тайталасы болып табылады. Тек сол тайталаста адам жеңіп шыққанда ғана мұратын жетеді. Осынау белгілі оқиға желісі – көшпеліліердің мифологиялық философиясының алтын қазығы. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |