21:31
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

ТЕЙРАН

Қара пері Тейран артынан қарасаң адамға ұқсайды, оны кәдімгі жолаушы екен деп қаласың. Бірақ бұрылып қарауы мұң, ұсқынын көріп зәрең ұшады. Оның басы дөңбектей, жалғыз ғана аяғы бар, бір көзінен қан сорғалап, екінші көзінен су тамшылап тұрады. Басында бір шөкі шашы бар, алайда, сол шашы ғаламат сиқыр, қасиетке ие.

Тейран адамға түрлі ауру-сырқау, кесір-кесапат, тіпті, өлім де жібере алады. Әйткенмен, осы қара дәуперімен түнде жапан түзде жалғыз өзі жолығуға тәуекел еткен, байлыққа құштар батылдар да табылған. Мұндай адам елсізге келіп, ұсақ тастарды жинап алып, «Мынау – сенікі, мынау – менікі» деп күбірлей сөйлеп, оларды екі жерге үйеді. Қараңғыда адам тас емес, дәндерді бөліп отыр екен деп ойлап қалған Тейран жақын келіп, үймелерге үңілгенде, әлгі батыл кісі оның басындағы бір шөкім жирен шашын шапшаң қимылдап, жұлып алуы тиіс.

Тейран шашсыз, өзінің сиқыр құдіретінсіз жүре алмайды. Ол жалынып-жалбарынып, жылап, шашын қайтаруды сұрайды. Сонда адам шаштың қарымтасына қажетінше алтын мен күміс талап етеді. Тейран оған қалағанын қолма-қол беріп, өзінің шашының өтеуін төлеп, қайтып алып, шүберекпен басын орап, тұрған жерінде жата кетеді. Содан соң Тейран біресе даусын шығарып, біресе сыбырлап, біресе тез, біресе баяу, түсініксіз сөздерді айта бастайды. Қазынаны алған пысық үшін ең бастысы – дәуперіден аулаққа қашып үлгеру. Өйткені, егер ол Тейранның тым құрыса бір сөзін ұғып қалса, бірден жан тәсілім етеді, алтыны да, басқасы да құтқармайды.        

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 195 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: