19:12 Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар | |||
ДЕЛБЕГЕН Делбеген – жер бетінде тірі жан қоймай жалмап жеген жеті басты аждаһа. Үлкен де, кіші де, батыр да, баһадүр де соның қолынан ажал тапқан. Делбегеннің көзін жою үшін не істемек керек деп құдайлар да кеңес құрды. Кеңесте Күн: «Мен Жерге түсер едім, бірақ менің аптап ыстығымнан адамдар өртеніп кетеді ғой», - деді. Сонда да болса Күн адамжегішті өртемек боп бірте-бірте төмендеп, Жерге таяп келеді. Күннің аптабынан ағаштар сарғыш тартып, шөптер жанып кетеді, өзендер мен теңіздер қаңсып қалады. Аңдар жүгірген бойында тұншығып, құстар ұшып келе жатып лап етіп өртенеді. Сонда адамдар: - О. Құдіретті Күн, аяй көр бізді, өртеніп өлетін болдық, - деп жалбарынады. Күн өзінің бұрынғы орнына көтеріліп, аспандағы өз жолына түседі. Делбеген болса, жеті аузын аңқита ашып, жеті өңешімен қарқылдап: - Ха-ха-ха! Хо-хо-хо! Енді мен Жер бетінде бірде-бір адам қалдырмаймын, бәрін жеп қоямын! – деп айғайлайды. Делбеген күні бойы адамдар мен жануарларды қуалап аулап, жей береді. Бүкіл әлемді алапат үрей билейді. Бір уақыттарда адамжегіш өзінің жүгенсіздігінен шаршап, бірауық демалмақшы болады. Сөйтіп, дөңбектей жеті басымен жерді жастанып жата кетеді. Оның қорылынан таулар үрейленіп төменшіктейді, алаптар дүр сілкінеді, көктен жұлдыз жауады. Сол кезде Ай туып, адамдар тізерлеп отыра кетіп: «Айналайын, жарқыраған Алтын Ай, бізге көмектеспесең, құримыз...» - деп жалбарынады. Сонда Ай Делбегенді үсітіп өлтірмекші боп төмендеп, Жерге қарай таяп келеді. Айдың үскірігінен бұталар мен шөптер шытырлап, ағаштардың діңдері қақ айырылады, таулардың шыңдары мұзарттанып, теңіздер мен өзендер көк мұз жамылады. Суыққа тоңған адамдар: «Айналайын Алтын Ай, аяй гөр бізді, үсіп барамыз!» - деп жылап жібереді. Алайда «Адамдар менің суығыма шыдайтын шығар?» деп ойлаған Ай Жерге бұрынғысынан да жақынырақ таяй береді. Сөйтіп Делбегеннің мойыл жемісін жеп отырған сәтінде үстінен түседі. Шындығында, ол өтірік жеміс теріп жеген болып, адамдарды аңдып, жолын торуылдап жүрген. Бір кезде Делбеген өзінің сұмдық аңшылығына кіріседі. Ол бір жас әйелді көріп қалып, соңынан қуа жөнеледі. Үрейі ұшқан әйел жан ұшыра осы төңіректегі мойыл бұтасын қармайды. Алып аждаһа әйелге жармасады. Мұны байқап қалған Ай тез жерге түсіп, аждаһаны да, бұта мен әйелді де іліп алып, қойнына салады да, көкке көтеріліп кетеді. Әп-сәтте аспан төріне оралады. Содан бері көк жүзінде Ай аждаһамен мәңгілік арпалысқа түскен. Делбеген жеңген кезде Ай жадау тартып, кейде мүлдем көрінбей де кетеді. Ал Ай басымдық танытқан уақытта оның дөңгелек дидары толыса жарқырап, айналаға жарық сәулесін шашады. Сондай кездерде Ай бетіне зер сала қараса, ол құтқарған әйелді де, мойыл бұтасын да байқауға болады. Аймен үздіксіз жауласып келе жатқан Делбеген кейде оны жұтып та қояды, сол уақыттарда Ай тұтылады. Ай болмағанда Делбеген барлық адамдарды түгел дерлік жеп қойғандай екен. Жер бетінде небәрі сегіз-ақ адам қалыпты. Қазіргі адамдар солардан тараған көрінеді. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |