15:58
Бабадан қалған асыл сөз

ЕЛІМ МЕНІҢ АҢСАҒАН, ТАС БҰҒАУДАН БОСАҒАН!

ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ (1936 – 2015)

Маңғыстау облысында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. Ірі ойшыл, публицист, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы (1996-2002). Халықаралық жазушылар қауымдастығына кең танымал тұлға. Шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, жоғары баға алған.

* * *

...Айналаң – аяулы алтын бесігің. Бесігін ардақ тұтпаған береке қайтіп таппақшы?!

* * *

Біздің халқымыздың рухани өмірінде саяси проблемалардан гөрі адамгершілік проблемалары үстемірек орын алатын сияқты.

* * *

Тәуекел қауым – тәуелсіз бола алмайды, алаусыз қауым – азат бола алмайды.

* * *

Қазақтың жерін кең қылып берген тағдыр соған байланысты сорын да аз қылып бермеген.

* * *

Ел тілегі – бір-бірімізге көзіміз түзу болғанда ғана түзеледі.

* * *

Ел болып алмай тұрып, ешкімнің де жұлдызы жанбайды.

* * *

Әділдік бар жерде ғана елдік бар.

* * *

Елдік жоқ жерде жаманның иығы шығыңқы, жақсының еңсесі түсіңкі жүреді.

* * *

Ел жүгендемей жатып, дау түгендейміз.

* * *

Өз басыңнан бақ ауса да, ел басынан бақ аумасын.

* * *

Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу.

* * *

Тәуелсіздік – тәтті ғана сөз емес, ұлттық жауапкершілік.

* * *

Ұлтты тану – ұлттық дамудың негізгі шарты.

* * *

Елің теңелмей тұрып – өзің теңелмейсің.

* * *

Ұлт мүддесі мен ел билігі – «екі тепкі, бір қамшы» белсенділікті көтермейді.

* * *

Халқы азат бола алмай тұрып, ешкім азам бола алмайды. Азат емес адам өзін ешкіммен тең сезіне алмайды.

* * *

Рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді. Тойған тоғышарлыққа халықтың, адамның азаттығы емес, нәпсінің азаттығы керек.

* * *

Егемендіктің ең үлкен жаулары – жікшілдік те, алауыздық та тек әділетсіздіктен өрбиді.

* * *

Ұлдарын өлімге қимайтын елдің өзі де өлмейді.

* * *

Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік.

* * *

Атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық.

* * *

Ел болмас елдің төбесіне ту тұрақтамас, төресіне тәж тұрақтамас. Ту тұрмас тұлдыр үйге, тәж тұрақтатпас тұлдыр болса байлық пен ырыс қалай қонатын еді.

* * *

Халықтың өзін-өзі билеу құқы сақталмай тұрып, жеке адамның құқы да сақталмайды. Өйткені ұлты азат емес адамның өзі азат болуы еш ақылға сыймайтын шаруа.

* * *

...Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, бәріміз де мәре-сәре болып жатқанда ұрыншақ емес, ұғымсақ, тиіскек емес, үйірсек болғанымыз келіңкірейтін тәрізді.

* * *

Ойдағымыз болды, ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ... Бағзыдағыларымыздың аруағы жебегесін, бүгінгілеріміздің тілегі демегесін жетіп отырмыз бұл күнге.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 161 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: