19:02 Бабадан қалған асыл сөз | |
БЕРЕКЕ, БІРЛІК – ҚАМАЛДЫҢ БАСЫ... ӘЙТЕКЕ (АЙТЫҚ) БАЙБЕКҰЛЫ (1667-1765 ж.ж.) Қара қылды қақ жарған әділ де кемеңгер тұлға Әйтеке бидің шын есімі Айтық. Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен биі.өзбекстанның Қазбибі тауында, Қызылша ауылында дүниеге келген. Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, қазақ жұртының бір орталыққа бағынып, біртұтас ел болуына ісімен де, сөзімен де зор үлес қосқан. Жоңғарлармен ұрыстардақол бастаған батыр да болған. Қазақ даласына көз тіккен көрші мемлекеттерден қауіптенген Әйтеке би Түркістанда өткен іргелі жиындардың бірінде, шекара аймақтарда «әскери соғыс әдістеріне үйретілген жасақтар ұстайық, шекараға таяу ауылдарды ішкі бетке көшірейік» деген ұсыныс жасайды. Ол сондай-ақ»бүкіл қазақ жасағы бір қолбасшыға бағынсын, қолбасшы Ресей, Қытай, Түрік не Еуропаның әскери өнері жетік бір елінде оқытылсын», қолбасшы «қарадан шыққан адам болсын» деген де көреген ой айтқан. Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң, жауға найзаң тисін. Бай болып елге пайдаң тимесе, Батыр болып жауға найзаң тимесе, Елден бөтен үйің күйсін!.. * * * Бүркіт бол, заманыңыз түлкі болса, Бай болар кедей жігіт мүлкі болса. Жақсылардың белгісі сол емес пе, Қара қылды қақ жарған әділ болса!? * * * Атадан жақсы ұл туса, Елінің оңы болады. Атадан жаман ұл туса, Көшінің соңы болады. * * * Ел болмас елдің төбесіне ту тұрақ болмас, Ел болмас елдің төресіне тәж тұрақталмас. * * * Қара қылды қақ жарған – Жақсылардың белгісі. * * * Ағаң келсе – ардақтап атын байлағандай, қонағың келсе – құрметтеп, көңілін жайлағандай тындырымды іс атқарғанға не жетсін! * * * ...Ашу деген – ағын су, Алдын ашсаң арқырар. Ақыл деген – дария, Алдын тоссаң тоқырар. Кісі бірге туыспау керек, Туысқан соң сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады, Жол қуған олжаға жолығады. * * * Суалмайтын суат жоқ, Тартылмайтын бұлақ жоқ. Тамыры суда болса да, Уақтысы жеткенде, Қурамайтын құрақ жоқ. Дүние деген фәни бұл, Панасы жоқ, тұрақ жоқ. Баласы жоқта, мият жоқ, Бәрінен де сол қиын, Түнде жанған шырақ жоқ, Артта қалған тұяқ жоқ, Шүкіршілік етіңіз! әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |