16:37 Бәрекелді! | |
АЛЫНҒАН АСУЛАР, БАҒЫНҒАН БЕЛЕСТЕР
Белгілі бір мақсатты меже тұтқан адам соған жету жолында мардымды әрекет, маңызды қадамдар жасап, нақты нәтиже биігінен көрінеді. Осынау жолда бойындағы һәм ойындағы бар қабілет-қарымды жұмсауға барын салады. Жуырда Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінде жылдағы игі дәстүрге әлдеқашан айналған пән мұғалімдері арасында аудандық олимпиада ұйымдасқан түрде өткізілді. Бұл біліми-әдістемелік додаға Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің бірнеше мұғалімі де қатысты. Бақ пен бап сынға түскен шараның нәтижесі бесқарағайлықтар үшін олжалы болды. Атап айтқанда, тарих пәнінен жарыс жолына шыққан Оспанова Маржан Жалкенқызы мәре сызығын екінші болып кессе, өзінің педагогикалық қызметін биылғы оқу жылында ғана бастаған жас маман Молдабаева Нұргүл Серікқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жүлделі екінші тұғырдан көрінді, ал басатуыш сыныптар мұғалімдері сынында Жұмашева Дана Арыстанқызы үшінші болып топ жарды. Жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша қатысқан пән мұғалімдері Интернет арқылы қашықтық олимпиада сүзгісінен өтті. Белгілі сайтқа әуелден тіркелген пән мұғалімінің әрқайсысына жолдаған тапсырмаларды сол жерде орындап, жауаптарын қайыра жолдады. Нәтижелері әзірге белгісіз. Педагог мамандар біліктілігін арттыру институтындағы комиссия текесерісінен соң айқын болып, аудандық білім бөліміне жеткізіледі. Шындығында, осынау шараны ойдағыдай ұйымдастырған аудандық білім бөліміне, сонымен бірге өткізуге барлық жағдай жасаған Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебіне айтар алғысымыз шексіз. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ЖОББ мектебі директорының оқу ісі бойынша орынбасары,
Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
| |
|
Всего комментариев: 0 | |