22:31
Ғажайып ми

ДОСЫҢНЫҢ ҚАНДАЙ ЕКЕНІН АЙТ, СЕНІҢ МИЫҢНЫҢ ҚАНДАЙ ЕКЕНІН АЙТАЙЫН...

АҚШ-тың Northwestern университетінің ғалымдары, атап айтсақ, мидың электр сигналдарының синхронизациясын зерттеп жүрген нейрология маманы, профессор, доктор Моран Церф бастаған ғалымдар тобы бірге уақыт өткізген адамдардың ми толқындары уақыт өте келе бір-біріне ұқсай бастайтындығын анықтаған. «Бірге уақыт өткізген адамдардың милары да бір-біріне сай келеді», - деген профессор Моран Церф екі апта ғана бірдей фильм көрген, бірдей кітап оқыған, ортақ тәжірибелерімен бөліскен және бір-бірімен ғана әңгімелескен екі адамның сөздері, сезімдері, көзқарастары бірдей дамитынына көз жеткізген. Зерттеу жұмысының нәтижесінде профессор Моран Церф: «Өміріңде қабылданатын ең дұрыс шешім – кіммен уақыт өткізетініңді саналы түрде таңдау», - деп қорытындылайды.

Хикметке толы дініміз бұл қорытындыны бізге осыдан 14 ғасыр бұрын жеткізіп қойған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 119-аятында былай делінген: «Уа, иман еткендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншылдармен бірге болыңдар!».

Алла тағала осы аят арқылы біздерге адам табиғатының ортасына қарай өзгеретіндігін ескертеді. Шейх Сағди адамның халі ортасына қарай қалыптасатынын былай деп түсіндіреді: «Кәһф үңгіріндегі сахабалардың иті Қытмир шыншыл-садықтармен бірге болғаны үшін үлкен абыройға бөленіп, есімі Құранда аталды. Ал Нұх пайғамбардың екінші әйелі мен әзіреті Лұт пайғамбардың әйелі пасықтармен бір болғаны үшін жаһаннамға кетті».

Исламның ғалымы Имам Ғазали де: «Мұсылман емес, пасық, ғапылдармен бірге болу сананың ұқсауына, ал сананың ұқсауы уақыт өте келе көңілдерінің бір болуына әкеп соғады. Бұл болса, адамды бара-бара құрдымға апарады», - деген.

Сол себепті Алла тағала өзінің Қасиетті кітабы Құранда «...Надандардан аулақ бол!» деп қатты ескертеді («Ағраф» сүресі, 199-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.а.с.): «Адам досының дінінде болады. Сондықтан кіммен дос болатынына мән берсін!» - деген. Тағы бір хадисінде: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы – әтір сатушы мен көрік басушы секілді. Әтір сатушы саған әтірін сыйға береді не одан әтір сатып аласың немесе жақсы иісі сіңеді. Ал көрік басушының қасында не киіміңді күйдіресің, не сасық иіс сіңеді» делінген. Бұл хадис астарлы түрде айтылғанымен бұл жердегі мәселе жақсы мен жаманның адам санасына әсері сөз болып отыр. Ендеше, ортамызға мұқият болғанымыз жөн. Себебі адамға негізінен орта қатты әсер етеді. Осыны ескерген қазақ «Алма алмадан реңк алады», «Ұлың өссе, ұлы жақсысымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсысымен ауылдас бол» деп бекерге айтпаса керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: