22:52 Ғажайып ми | |
МИҒА СЕНУГЕ БОЛА МА? Көп нәрсе миға байланысты. Ми адамды жиі алдайды. Сіз «бұл қалайша» деуіңіз мүмкін, бірақ бұл рас. Сізді логикаңыз емес, миыңыз алдайды. Өмірде адам миында бейсаналы түрде қалыптасқан нәрселер бар. Адам оны басқара алмайды. Мысалы, біз жақсы киінген, түр-келбеті әдемі адамды жақсы адам деп ойлаймыз да, үсті-басы лас, түсі суық адамды бейсаналы түрде жаман адам деп санаймыз. Себебі бейсанамыз солай қабылдайды. Бейсана бала кезден бастап қалыптасады. әрине, бала шақта жүйке талшықтары өте аз болады. Өсіп-жетіле келе олар да көбейе түседі. Өмірде саналыдан гөрі бейсаналық адамға көбірек әсер етеді. Әрине, миымыз бізді алдағысы келмейді. Әдетте, ол біздің осынау шырғалаңды әлемде өмір сүріп, мақсаттарымызға жетуіміз үшін барынша көмектесіп, көп жұмыс істейді. Біз сыни немесе күтпеген жағдайларға тап болған кезде, миымыз көбінесе кемел шешім табуға уақыт жоқ деп, тез шешім табуға тырысады. Сол кезде оған ең қысқа жолдарды іздеуге тура келіп, болжамдармен қанағаттануына тура келуі мүмкін. Ол сол кезде (көп жағдайда біздің пайдамызға жалған ақпарат береді), бірақ сол ақпараттар көбінесе қателікке ұрындырады. Адамның миы бастапқыда көптеген ұсақ-түйектерді қабылдайды, бірақ оларды тез ұмытып кетеді. Әдетте, бұл детальдар біз үшін аса маңызды емес, сондықтан қандай ақпараттан айырылғанымызды байқай бермейміз. Сол кезде ми өтірік айта бастайды, өйткені ол қажет емес деп шешім қабылдаған кезде, деректердің көп бөлігін алып тастайды. Құқық қорғаушылар бұл принципті өте жақсы біледі. Қылмыс куәгерлерінің көп жағдайда сенімді болмайтыны белгілі, өйткені олар көбінесе (біздің көпшілігіміз сияқты) көргендеріне қиялын араластырып, шынайы болған оқиғадан гөрі артық нәрсені есінде сақтайды. Ал адвокаттар куәгерді теріске шығаруға болатын кейбір егжей-тегейлерді айтуға итермелеп, бұл куәлікке нұқсан келтіреді. Нәтижеде, куәгердің барлық дәлелдері сенімді болмай шығады. Сол үшін бүгінде Батыста тергеушілер қылмыс куәгері берген түсініктемені қандай да бір объективті әдістермен, мысалы, бейне-жазбалармен немесе фотосуреттермен тексеруді әдетке айналдырған. Куәгер оқиғаның тура өзі айтақнындай болғанына еш күмәнданбауы мүмкін. Бірақ оның миы оның есіндегісін өзгертіп жібереді. Осылайша ми өзіне жүктелетін шектен тыс күйзелістен қашады. Мысалы, сабақта сізді тақтаға шақырып, ал сіз тапсырманы ұмытып қалсаңыз, сіз сасқалақтай бастайсыз. Бұдан сізге әлгі нәрсені еске түсіру одан әрі қиындайды. Осындай үрей тумас үшін миыңыз бос кеңістікті сырттай көрген нәрсесімен толтыра салады. Яғни, «Мен кеше оның қандай көйлек киіп келгенін ұмытып қалдым» деген сықылды болмашы ұсақ-түйекке бола өзінің жұмысын тоқтатпас үшін миымыз бізге «Маған сен, көйлектің түсі жасыл болатын. біз нақты білмейміз, бірақ ол жасыл түсті» деп айтады. Ми бәрін сақтай алмайды. Сондықтан ол естеліктерді жалған нұсқалармен ауыстыруды үйренген. Мұны өте сәтті жасайтыны сонша – біздің өзіміз байқамаймыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ми адамды алдайды. Таңертең оятқыштың дауысын естісек те, «бес минут, он минут жата тұрам» деп, қалай бір сағат ұйықтап қалғанымызды білмейтін кездер болады. Оның бәрі миға тікелей байланысты. Ол бізді «сәл жата тұр, үлгересің» деп алдарқатады. Сондай-ақ адам түнгі уақытта көлік жүргізіп келе жатқанда артқы көрініс айнасындағы шам жарығын елемейді. Ми айналадағы объектілердің көлемін ауыстырады. Мысалы, Ай көкжиектен енді-енді көтеріле бергенде, үлкен болып көрінеді, бірақ келесі бірнеше сағат ішінде ол бірте-бірте кішірейе түседі және түн жарымында мүлдем кішкентай болып көрінеді. Бұл Айдың күтпеген жерден алыстап кеткенін білдірмейді – оның үлкен болып көріну себебі, оның алдындағы объектілер, яғни ағаштар мен ғимараттар көрініс иллюзиясын тудырады. Соған байланысты. Иә, ми алдайды, бірақ өзгеріске ұмтылып, жаңа нейрондық тізбек қалыптастырып, оны саналы әрекетке бағыттауға болады. Өйткені мидың әміршісі рух екенін ұмытпағанымыз жөн. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |