22:37
Қазақтық

ТІЛ КЕСТІРУ

Тіл кестіру – тіл тию, сұқ өту, көз тию қатарлы дерттерден сақтау, емдеу әдісі.

Қазақта аурудың көңілін сұрау ымырт үйірілмей тұрып жасалуы керек. Мал аяғы тыйылған соң көңіл сұрауға болмайды. Екіншіден, ауру меңдеткеннен кейін «Адамның аяғы ауыр болады» деп көңіл сұраушыларды сырқаттың үстіне көп кіргізбейді. Кейде бақсы-балгер мен молда және құшынаштар аурудың үстіне кісі кіргізбей құпия емдейді. Бұл кезде көңіл сұраушыларды кіргізбейді. Үшіншіден, тіпті сол ауыл шарт біткенше қонақ та қондырмайды. Бұл сырқаттанып жатқан адамды емдеудің бір шарты болса, екінші жағынан өзі сырқаттанып, мазасыз жатқан адамның көңілін алаңдатпаудың қамы. Төртіншіден, аурудың басқаға жұқпауын, ел ішіне тарап кетпеуін қадағалау.

Тіл кестіруді қолданатын тағы бір жағдай – көз тиіп, сұқ етіп ауырған адамды емдеу.

Тіл кестірудің шарты ауыр болады. Оны орындайтын шаңырақ бірнеше ай бойына үйлерін оңаша тігіп, ешкіммен қатынаспайды, тілдеспейді. Қонақ қабылдамайды, қандай жақынының үйінде қуаныш, қайғы болып жатса да төбе көрсетпейді, оқшау отырып тіл кестірудің барлық шартын орындағанда ғана барып тіл-көз кетеді деп сенген.  

 

Психологиялық астары:

Халқымызда медициналық, психологиялық, жалпы, ғылыми тұрғыдан түсіндіру мүмкін болмаған көптеген психосоматикалық құбылыстарды тіл тию, сұқ өту, көз тию сияқты дерттер арқылы сипаттаған. Оның шипасы ретінде түрлі наным-сенімдер қолданылған.

Қазіргі таңда бұндай түсініксіз жайтарды қарастыратын психология мен медицинада психосоматика деп аталатын сала бар. бұл сала соматикалық аурулардың пайда болуына психологиялық факторлардың әсерін зерттейді. Психосоматика сала ретінде ХХ ғасырдың 20-50-жылдары пайда болды. АҚШ-та 1939 жылы алғаш рет «Психосоматикалық медицина» деп аталатын журнал жарық көріп, 1950 жылы Америкалық психосоматикалық қауым құрылды.

Түрліше түсініксіз аурулармен сырқаттанған адамды қазіргі таңда психосоматика бағытында психотерапиялық, яғни жан деңгейінде ем-дом жүргізіледі. Сол сияқты, осындай түсініксіз ауруларды да халқымыз жан деңгейінде емдеуге тырысқан. Соның бірі – тіл кестіру.

Тіл кестіру барысында сырқатты күтіп жатқан отбасы бірнеше ай бойына оңашаланып, ешкіммен қатынаспайды, тілдеспейді, қонақ қабылдамайды, қандай жақынының үйінде қуаныш, қайғы болып жатса да төбе көрсетпейді, оқшау отырады.

Яғни, ем-дом қонбай түсініксіз ауырып жатқан адамды жеке қалдырып, жанына тыныштық пен жайлылық орнатқан, өзіне өзі келуге мүмкіндік берген. Түсініксіз ауруларды кеңінен таратпай, ауылдастардың бойына қорқыныш орнатпай, бөлек ұстаған. Бұл жерден халқымыз үшін адам өмірі басты құндылық болып есептелгендігін және кез келген аурудың таралмай алдын алуға барынша тырысқандығын көреміз.

Қазақта аурудың көңілін сұрау ымырт үйірілмей тұрып жасалауында да психологиялық астар бар. қазіргі таңда қорқыныш пен үрей мәселелері бойынша психологиялық кеңес беруге жүгінетін адамдардың көбісі ымырт үйірілгенде бойындағы қорқыныштардың ұлғаятындығын айтып жатады. Ымырт үйірілгенде қараңғылық орнағанда өмір аяқталғандай күй кешетіндер де бар. бұл құбылыстар ымырттың мазмұнына байланысты болуы мүмкін: күннің батқаны адамға оның бір күнінің өткенінен хабар береді. Осы тұста адамның бойын күнді қалай өткізгендігі туралы, күндерінің өтіп бара жатқандығы туралы, өмірінің мәні мен мазмұны туралы сан алуан мәселелер мазалайтындығы заңды. Сондықтан ауырып жатқан адамның ауруын ымырт түскенде алға тартып, есіне түсіріп, бойын қорқыныштың жаулауына халқымыз мүмкіндік бермеген.  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: