12:09 Қазақтық | |
ҰЙҚЫАШАР мен СЕЛТ ЕТКІЗЕР Ұйқыашар – қазақ халқының жастардың жарастығын арттыру үшін ойлап тапқан салттарының бірі. Той, мереке алдындағы түнде қыз-келіншектер, жігіттер ұйықтап қалмасын деп, жақсы тағамдардан ұйқыашар деген тамақ дайындайды. «Ұйқыашар» қыз, жігіттердің бір-біріне леген сезімі мен махаббатын арттыра түсуге себепші болған. «Селт еткізер» - жігіттердің қыздарға беретін сыйлығы. «ұйқыашар» дайындап өздеріне құрмет көрсетіп қызмет еткен қыздардың ішіндегі өзі көңілі қалаған бойжеткенге жас жігіттің беретін сыйлығы. Сый ретінде сақина, сырға, білезік сияқты ескерткіш сый-сияпат ұсынады. Жігіттің «ойын» түсінген сезімтал қыз, әрине «селт» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады. Халқымыз бұл екі салтты бірінен бірін бөле жармаған. Өмірін ұрпағының болашағына арнаған ұлт үшін, ұрпағының жақсы жар, жайлы жұбайға жолығып, бақытты болуын қалайды. Екі салттың да той-мереке, әсіресе наурыз мерекесі қарсаңында жасалауының да өзіндік маңызы бар. наурыз көктем келіп, жер-әлем жасарып, түлейтін уақыт. Ескінің кетіп, жаңаның бүршік жарар тұсында қыз-бозбалалардың да жаңа өмірге қадам басуына ниет еткен үміттен туындаған салт-дәстүр.
Психологиялық астары: «Ұйқыашар» мен «Селт еткізер» - қазақтың бозбаласы мен бойжеткенінің романтикалық махаббатының бастауы және бір-біріне деген жанашырлығының көрінісі. Олардың астарынан өмірге сүйіспеншілік, сезімге ыждаһаттылық, қарым-қатынастағы жанашырлықты көруге болады. Өмірге сүйіспеншілік. «Ұйқыашар» мен «Селт еткізер» кез келген жиынға қызмет етуге жиналған жастардың арасында болмайды. Тек жаңа бүршік атқалы жатқан өмірдің құрметіне жасалатын салтанат барысында жүзеге асырылады. Көбінесе наурызға қарсы жасалатыны айтылып өтті. Жаңа өмір бастауы – той себепші болып, бозбала мен бойжеткен өзара қарым-қатынасын реттеп алуға тырысқан. Қарым-қатынастағы жанашырлық. Тойға қызмет ету оңай емес. Жас болса да, ағза шаршайтыны белгілі. Егер қазақ тойларының төрт қабырғаның ішінде емес, далада, ұлттық ойын-сауықтармен өткізілетінін ескерсек, тойдың салмағы қара күш иелеріне, яғни жігіттерге түсетіні анық (мал сою, ас пісіретін отынын дайындау, ұлттық ойындарға қажетті құрылғылар, керек-жарақтарды дайындау, т.б.) тойлардың бір кеш емес, бірнеше күн өткізілгенін ескерсек, қыздар жігіттердің шаршауының алдын алып, ұйқыашар жасап, дәмді асын дайындап, көңілін көтеріп, жанашырлық танытқан. Ұйқыашар мен селт еткізердің сезімге қызметі. Қыздардың тойға дайындықпен жүрген жігіттерге жанашырлық танытып бар дәмдісін аузына тосуы – жылы шырайын танытқаны, құрметін көрсеткені, бар ауырды көтерген жігіттерге аппақ сезімдерін білдіргені. Өз кезегінде «селт еткізер» сыйлық біріне-бірі назары түскен екеудің шүйіркелесуінің және сезім деңгейінде байланысының бастауы болады. Екеуді жалғастырады, екеудің арасындағы «ұйқы» ашылып, қосақтың жаңа өмір сүруге үміті өз өмірін бастайды. Селт еткізер сыйлық ретінде сақина, сырға, білезік сияқты әйелдерге арналған сыйлықтардың сыйлануының астарында бозбаланың бойжеткеннің әйелдік табиғатына назары ауғандығын, осы назар мен сезімнің алтын мен күмістей мығым, берік және қымбат екенін білдіргені деп ұғыну қажет. Ақсүйек, алтыбақан мен бастаңғы дәстүрі сияқты, ұйқыашар мен селт еткізер барысында да қыз бен жігіттің ашық-шашық сезімдерінің орын алғанын көрмейміз. Бозбала мен бойжеткеннің сезімдерін жеткізу өз ретімен, интимді түрде орын алғанын көреміз. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
