20:49 Қазақтық | |
АТ КЕКІЛІН КЕСУ Ат кекілін кесу – туыс-туған, ел-жұртымен қатты ренжісіп, дос-жарандары мен жақындарынан әбден көңілі қалып, жалғасты отасудан үміті үзілген адам «ат кекілін кестім» деп, мініп жүрген атының кекілін шолтитып шорт кесіп тастайды да, екі қолын төбесіне қойып, ел-жұртын тастап кетеді. Осы себепті, қазақ халқы аттың кекілін кесіп, екі қолын төбесіне қоюды сұмдық ырымға жориды. Ат кекілін кесуге ер азаматын мәжбүрлеу, оның өкпе-ренішін тарқата алмау – ел-жұрт үшін де үлкен айып. Ол – «ел емессің, елдік қасиеттен айырылғансың, жаудан бетер жамансын, тірі өліксің» дегенді меңзейтін ауыр жаза. Ат кекілін кесу адамдарды адалдыққа, пәктікке, мейірімді, қайырымды болуға баулиды. Арамдықтан, қулық-сұмдықтан, озбырлықтан, зұлымдықтан, жағымпаздықтан тектейді. Орынсыз дау-жанжал, ұрыс-керістен тыйып, адал, турашыл, береке-бірлікті болуға, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырады.
Психологиялық мәні: Неліктен? Оы ұғу үшін алдымен іс-әрекет деңгейіндегі ересек пен баланың айырмашылығына тоқталсақ. Бала дегені болмаса, ренжісе не істейді? Бұртияды, өзін кінәлауға шама-шарқы жетпейді, өзгені жауапты етеді. Бала өз ісі үшін жауапкершілік алуға жан деңгейінде де, сана деңгейінде де дайын емес. Сондықтан қазақта жауапкершілік жасы кәмелетке толғанда 13-14 жастан басталады. Бұл жасқа дейін өзі мен біреудің жасағанын талдап, саралайтын, есеп беруге парқы жетпейді. Бала үшін барлық уақытта өзге кінәлі. Ал баладан ересектің айырмашылығы, ересек жауапкершілікті өзгеден іздемейді. Өз сезімдері мен жағдайы үшін жауапты өзінен іздейді, өзі мұңаяды, өзі әрекетін жасап, тіршілігін өзі жалғастырады. Бұл дегеніңіз бала мен ересектің айырмашылығы – бала біреуді емеді, дәметеді, ал ересек өзінен жауап іздеп, өзіне жауапкершілік жүктейді. Бұл ересектіктің белгісін «ат кекілін кесу» салтынан көруге болады. Халқымызда «туыс-туған, ел-жұртымен қатты ренжісіп, дос-жарандары мен жақындарынан әбден көңілі қалып, жалғасты отасудан үміті үзілген» кез келген ересек ішіндегі болып жатқан буырқануды өзінің сезімі ретінде қабылдап, өзгенің емес, тек өзінің атының кекілін кескен. Екі қолдың қазіргі психологияда қарым-қатынас мәселелерін сипаттайды. Қарым-қатынасындағы бұзылыстар үшін екі қолын басына қойып, яки, өзімен-өзі болып, ой толғанып, ел жұртты қырып-жоймай, өзі кеткен. Бұл жерден, қазақтың әрбір ересегінің тән деңгейіндегі ғана ересектігін, жаны мен рухы деңгейіндегі ересектігін, жауапкершілікті өзіне жүктей алатын рух пен намыстың барлығын көреміз. Қазақтың әрбір ересегі өз жүгін өзі көтерген. Көбінесе, психологиялық кеңес алуға дау-жанжал мәселелерімен келетін әрбір адам басында өзгені кінәлап келеді. жұмыс барысында осы жанжалдың болуына екі тараптың да қатысы бар екені анықталып, әркім өз жүгін көтеруге қатысты шешімдер шығарылады. Ал қазақ халқында бұл жанжалға қатысты психологиялық қағида әрбір ересектің көкейіне сіңген екен. Өз атының кекілін кесіп, екі қолы өзгені емес өз басын құшақтап кеткен адамға халықтың мейірі оянып, оның ренішінің тарқауына әсер етуге тырысқан. Қазақ үшін бұлай жасай алатын әрбір ересектің өз орны бар. Екі қолдың тіршілік пен адаммен қарым-қатынаста болуын қалап, орынсыз дау-жанжал, ұрыс-керістің алдын алып, ат кекілін кесісуге жеткізбеген. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
